Кітапты жоғалтып алма
Кітап — достық елшісі
Бұл әдеби-тәрбиелік іс-шара кітапханаға жаңа қадам басқан оқушыларға арналды. Әліппемен қоштасу — әр баланың өміріндегі маңызды белес. Әліппе — ең алғашқы оқулық, ал білім жолы алда әлі талай оқулықпен, қосымша кітаптармен жалғасады. Осы мерекелік кездесуде біз кітаптың қадірін сезініп, кітапхана оқырманы болудың мәнін түсінеміз.
Кітаптар әлеміне саяхат: кітапхана деген не?
1-жүргізуші
Бүгін біз кітаптар елінде қонақтамыз. Айналамызға қарасақ, бізді қоршап тұрған — кітаптар. Бұл елдің өз атауы бар: ол — кітапхана.
2-жүргізуші
Кітапхана — кітаптар қоры. Осы жерден біз өзімізге керектінің бәрін табамыз. Кітап білімімізді молайтады, одан үлгі мен тәжірибе аламыз. Халқымыздың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деуі бекер емес.
Даналыққа бастар жол
А. Байтұрсынұлының кітап туралы өлеңінен
Балалар, бұл жол басы — даналыққа,
Келіңдер, оқып байқап — қаралық та.
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра — қалалық па?
Даналық — өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып — алалық та!
Кітаптың өзі сөйлейді
Кітап
Балалар, білімнің кілті — мен, Кітаппын. Мені жасау үшін адам баласы көп еңбек сіңіреді. Алдымен орманнан ағаш кесіледі, ол фабрикаға жеткізіледі. Фабрика ағаштан қағаз шығарады. Одан кейін авторлар мәтін жазады, суретшілер иллюстрация салады. Баспаханада жазулар мен суреттер басылып, кітап болып шығады.
1-жүргізуші
Қош келдің, қымбатты досымыз Кітап! Ендеше бүгін бізге қонақ болып, балалардың өнерін тамашалап қайт.
Кітап туралы тақпақтар
1-оқушы
Кітап! Сен — адамзаттың жақын досы!
Келмейді сені оқымай көңіл хошы.
Ел мұңы, өмір сыры, ақын жыры —
Басылған таңба болып өзіңде осы.
2-оқушы
Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздің теретін.
Тәтті алмаға балаша —
Кітабыңның әр бетін.
3-оқушы
Кітап! Сөйлесіп өзіңменен тіл қатады,
Еріксіз сөзің жұртқа тыңдатады.
Жеткізіп өткендердің өсиетін,
Кейде достай шешіліп сырласады.
4-оқушы
Саған білім жемісін
Оқулығың береді.
Күтіп ұста, кірлетпе —
Кішілерге табыс ет,
Дақ түсірмей бір бетке.
5-оқушы
Кітап! Ақылдың сөнбейтұғын шамшырағы,
Білімнің сарқылмайтын бал бұлағы.
Ашқанда-ақ өткен күнмен беттеріңді —
Келер күн көз алдыма кеп тұрады.
Кітапты қалай күтеміз?
Сұрақ-жауап
- Кітап жыртылмас үшін не істеу керек?
- Қаптау керек.
- Кітаптың бетіне сурет салуға бола ма?
- Жоқ, болмайды.
- Қай уақытта кітап оқу керек?
- Бос уақытта.
- Кітаптарды қалай ұстау керек?
- Ұқыпты әрі таза ұстау керек.
Кітапхана ережелері
- 1 Кітапханада шулауға болмайды — бұл басқа оқырмандарға кедергі келтіреді.
- 2 Кітапты ұқыпты, таза ұста. Сенен кейін оны басқа оқырмандар да оқиды.
- 3 Кітапты уақытында қайтар — әйтпесе басқа оқырмандар күтіп қалады.
- 4 Кітапты жоғалтып алма. Әр кітап — ортақ қазына.
Кітаптың арманы
Әр кітаптың да арманы бар: лас, ұқыпсыз қолдарға түспеу; білімге құштар, мұқият оқушылардың қолына тию. Егер сендер кітаптың осы тілегін орындасаңдар, нағыз жақсы оқырман боласыңдар.