Республикалық бірыңғай Жас Ұлан балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына ұлдар мен қыздарды қабылдау салтанатты жиынына қош келдіңіздер
Сценарий / Салтанатты қабылдау
«Жас Ұлан» ұйымына қабылдау рәсімінің толық сценарийі
Бұл материал Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылатын салтанатты жиынды жүргізуге арналған. Мақсат — оқушыларды елжанды, еңбекқор, білімге құштар, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтін тұлға ретінде тәрбиелеу.
Кіріспе және ашылу
І жүргізуші
Қайырлы күн, оқушылар, ұстаздар және мектеп әкімшілігі! Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына ұлдар мен қыздарды қабылдау салтанатты жиынына қош келдіңіздер!
ІІ жүргізуші
Армысыздар, құрметті мектеп әкімшілігі, ұстаздар және оқушылар! Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған, сондай-ақ жас азаматтарды еліміздің нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуді көздейтін «Жас Ұлан» ұйымы қатарына мектеп оқушыларын қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
Қазақстанның өркендеуі және жас буынның жауапкершілігі
Қазақстан күннен-күнге өсіп-өркендеп келеді. Осындай елде туғанымызға қуаныштымыз. Бүгін ұстаздар мен оқушылар «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау рәсімінің куәсі болып отыр.
Түсініп терең, өмірдің мәнін,
Жалынды жастар, сендерсің сәнім.
Беретін бойға күш-қуат, жігер —
Шырқалсын шаттық, әнұран әнім!
Әнұран және туларды енгізу
Жүргізуші нұсқаулығы
- Оқушылар сапқа тұрып, тік тұрады.
- ҚР Әнұраны орындалады.
- Қазақстан Республикасының туы және «Жас Ұлан» ұйымының туы енгізіледі.
І жүргізуші
Оқушылар, түзуленіңдер, тік тұрыңдар! Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалсын!
Әнұран орындалады
ІІ жүргізуші
Қазақстан Республикасының туы мен «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің туы енгізілуге дайын.
Ұйымның мақсаты, міндеті және мүшелік қағидалары
Енді салтанатты рәсімге көше отырып, «Жас Ұлан» ұйымының мақсат-міндеттері мен негізгі ережелерімен таныстырамыз.
Негізгі мақсат
Оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Негізгі міндеттер
- Әлеуметтік тәжірибені байыту және дамыту
- Мектептегі тәрбиелік әлеуетті тиімді жүзеге асыру
«Жас Ұлан» мүшесінің ұстанымдары
- Ата-анасын шынайы құрметтеп, өсиетін орындауды перзенттік парыз деп біледі.
- Туған елін шексіз сүйеді, қоғамдық ортада мәдениетті мінез көрсетеді.
- ҚР мемлекеттік рәміздерін құрметтейді, Әнұранды жатқа біледі.
- ҚР Туының түсіндей көгілдір галстук тағу мәдениетін сақтайды.
- Қазақ тілін еркін меңгеріп, ел тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін және салт-дәстүрін терең білуге ұмтылады.
- Оқуда, еңбекте және спортта өжет те қайсар болуға талпынады.
- Шыншыл, адал жолдас болып, әділдік үшін күресуге дайын тұрады.
- Бөгде мемлекеттердің рәміздері, өзге атаулар мен бейнелер түсірілген киімдер мен заттарды орынсыз әуестеніп қолданбайды.
Білімді — көкіректегі нұр деп біл,
Жігерді — жалынды отты жыр деп біл.
Аталған мақсат, талап, ережені
Орындау — әрқайсыңа міндет, бұл!
Қабылданатын мүшелер туралы
Бүгін мектебіміздің атын облыстық және аудандық деңгейде асқақтатып жүрген «Мирас» ұйымының мүшелері «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына қабылданады.
Салтанатты сұрақ (антқа дайындық)
І жүргізуші (оқушыларға)
Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:
- 1ҚР патриоты болуға;
- 2Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және дәріптеуге;
- 3Отанымызды мақтаныш етуге;
- 4Ата-ананы қадірлеуге;
- 5Білімге ұмтылуға;
- 6Салауатты өмір салтын ұстануға;
- 7Табиғатты аялауға;
- 8«Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны достарыңнан талап етуге;
- 9Жерлестеріміздің даңқты ерлігі мен өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде ант етесіңдер ме?
Рапорт тапсыру
Топ басшылары бүгінгі салтанатты жиынға дайындықтары туралы рапорт тапсыруға дайындалады.
Рапорт үлгісі
Тәлімгер: Оразалиева Әсел.
5 «А» сыныбының «Ұлан» тобы бүгінгі Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатты жиынына дайын.
Рапорт тапсырушы топ басшысы: Исаханова Анель.
Рапорт тапсырылды.
(Осылайша барлық топтар рапорт береді.)
Ұран және әнұран
І жүргізуші
Біз — ...
Оқушылар
Жас Ұлан!
ІІ жүргізуші
Ұранымыз —
Оқушылар
Қазақстан – Нұрсұлтан – Жас Ұлан! (3 рет)
«Жас Ұлан» әнұраны ойналады
Галстук пен төсбелгі табыстау
Егеменді еліміздің тірегі —
Мектептің болашағы, жігері.
Достық пен татулық тілегі —
«Жас Ұлан» ұйымының біз түлегі.
Оқушылар кеңесі оқушыларға галстук тағуға дайындалыңыздар.
Құрметті қонақтар мен оқушылар, «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларға туымыз түстес көгілдір галстук пен төсбелгілерді табыстау рәсіміне шақырамыз.
(Табыстау кезінде жүргізуші әр оқушы туралы қысқаша мәлімет айтып отырады.)
Ант беру рәсімі
Бүгінгі жиынның ең жауапты сәті — ант беру рәсімі. Антты «Жас Ұлан» ұйымы қатарына қабылданушы оқушылар қабылдайды.
(Бір оқушы ант мәтінін оқиды, қалғандары «Ант етеміз!» деп 3 рет қайталайды.)
Ант мәтіні
Мен, ____________________, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:
- Өз Отаным — Қазақстан Республикасының патриоты болуға;
- Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және дәріптеуге;
- Туған елімді, жерімді, Отанымды мақтаныш етуге;
- Ата-анамды қадірлеуге;
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге;
- Білімге табандылықпен ұмтылуға;
- Салауатты өмір салтын ұстануға;
- Табиғатты аялауға;
- «Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымнан талап етуге ант етемін.
Жерлестеріміздің даңқты ерлігі мен өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде:
АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН!
Құттықтау сөзі және рәсімді аяқтау
Құттықтау сөз мектеп-гимназия директоры Нұрланова Тұрғанкүл Мырзабекқызына және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Исмаилов Сәкен Мұқатайұлына беріледі.
(«Жас Ұлан» әнұраны орындалады. «Жас Ұлан» туы көтеріліп, саппен залдан шығарылады.)
ІІ жүргізуші
Құрметті оқушылар, «Жас Ұлан» ұйымына қабылдануларыңызбен құттықтаймыз! Егеменді еліміздің еңселі азаматтары болуларыңызға тілектеспіз. Қазақстан Республикасының туы шығарылсын.
Ризамын деп осындай жастық шаққа,
Не жетер «Жас Ұлан» деген лайық атқа.
Келеміз егеменді ел төріне өрлеп,
Ашылып алдымыздан алтын қақпа.
ІІ жүргізуші
Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өз мәресіне жетті. Салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз.
Қошемет көрсетіледі.
Ұйым құндылықтары
Патриотизм, бірлік, жауапкершілік, білімге ұмтылыс, адалдық және ұлттық болмысты құрметтеу.
Көрнекілік ұсынысы
Сахнада ҚР рәміздері, «Жас Ұлан» баннері, көгілдір түсті акценттер және қатысушы сыныптардың атауы жазылған тақтайшалар.
Жүргізушіге кеңес
Мәтінді бірқалыпты темппен оқып, ант пен рәміздерге қатысты бөліктерде пауза жасап, залдың назарын күшейтіңіз.