Жанкүйерлер жарысы көрермендермен сайыс
Сыныптан тыс сайыс сабақ
Бұл материал 5–10-сынып оқушылары арасында өтетін «Өнерлі өрге жүзеді» атты технология пәні бойынша сайыс-сабақтың сценарийі мен құрылымын ұсынады.
Қатысушылар
5–10-сынып оқушылары
Түрі
Сайыс-сабақ
Мақсаты
- Оқушылардың іскерлігі мен икемділігін нығайту.
- Эстетикалық талғамының дамуына ықпал ету.
Кіріспе (жүргізуші сөзі)
Талпынған әр шыңдарға жас таланттар,
Білімнің ордасында ән қалықтар.
Күтіп тұр арман қуған өрендерді
Шеберлікпен, ойға толы сын сағаттар.
Армысыздар, құрметті өнерсүйер қауым! Технология пәні бойынша өтетін «Өнерлі өрге жүзеді» атты сайысымызға қош келдіңіздер. Бүгінгі кеште жеңімпаз, өнерлі топты бірге анықтайық.
Жол сілтеген биіктерге ұстаздарым,
Іштеріңнен шығар әлі жаңа дарын.
Әділдікті ту еткен мақсатымен
Таныстырам әділқазы алқаларын.
Енді бүгінгі кештің әділқазылар алқасымен танысып, сайыскер топтарды ортаға шақырамыз. (Музыка ойналады, қатысушылар ортаға шығады.)
Қатысушы топтар
«Өнерлілер»
5 және 10-сынып оқушыларынан құралған топ
«Шеберлер»
6 және 9-сынып оқушыларынан құралған топ
«Іскерлер»
7 және 8-сынып оқушыларынан құралған топ
Сайыс бағдарламасы
-
1
Таныстыру
Әр топ өз ұранын, мүшелерін және бағытын таныстырады.
-
2
«Тапқыр болсаң тауып көр!» (викторина)
Тақырыптық білім сұрақтары арқылы ұпай жинау кезеңі.
-
3
«Шебер қол ештеңені таңдамайды»
Бұл кезеңде рөлдер ауысады: ұлдар — қыздардың, қыздар — ұлдардың жұмысын орындайды.
-
4
Жанкүйерлер жарысы
Көрермендерге сұрақ қойылып, ұпай қалаған топқа беріледі.
-
5
«Сал айнытпай болсаң егер, суретші…» (сурет салу)
Әр топ алдарында отырған адамды қарап отырып бейнелейді.
-
6
«Сен сұлу» (стиль және сәндеу)
Көрермен арасынан бір адамды киіндіріп, сәндеп, образ ұсыну.
I кезең — Таныстыру
Өнер қуып сайыскерлер өтсе дейміз,
Бір басына өнерлерін жетсе дейміз.
Бәсекеге түскен топтар кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтсе дейміз.
Ескерту: Әр топ сахнада қысқа, бірақ мазмұнды таныстыруын орындайды.
II кезең — «Тапқыр болсаң тауып көр!» (білім сайысы)
Шарты
- Әр топқа 8 сұрақ қойылады.
- Сұрақ қойылған топ жауап бере алмаса, басқа топ «Нар тәуекел» сұрап, жауап беруге құқылы.
- Сұрақ қойылған топ дұрыс жауап берсе — +10 ұпай, жауап бере алмаса — −10 ұпай.
- «Нар тәуекел» алған топ дұрыс жауап берсе — ұпай соған қосылады, қате жауап берсе — −10 ұпай шегеріледі.
I топ — сұрақтар
- Ұлттық киімдер қандай стиль түріне жатады? (Фольклорлық)
- Бояуларды ірі неше топқа бөлеміз? (2: табиғи және жасанды)
- Қалпақ, кимешек, шәлі, тұмақ — қандай киім түрі? (Бас киімдер)
- Тігін машинасының «әкесі» кім? (Элиас Хоу)
- Матаның қиындыларын жапсырып, көркем жұмыс жасауды қалай атайды? (Коллаж)
- Салат қандай тағам түріне жатады? (Салқын тағам)
- Оюды ірі неше топқа бөлеміз? (4: жануарлық, ғарыштық, өсімдік тектес, геометриялық)
- Бисердің отаны қай елдер деп айтылады? (Египет, АҚШ, Канада, Жапония)
II топ — сұрақтар
- Киімге қосымша пайдаланатын ұсақ бұйымдар қалай аталады? (Аксессуарлар)
- Қара, көк, жасыл, көкшіл — қандай түстер? (Суық түстер)
- Халат, күрте, жейде, көйлек — қандай киім түрі? (Иық бұйымдары)
- Ең алғашқы тігін машинасын ойлап тапқан кім? (Леонардо да Винчи)
- Стеклярустың бисерден айырмашылығы қандай? (Түтікше түрінде болады)
- Іс тіккенде саусаққа киілетін құрал? (Оймақ)
- «Түйе табан», «қос өркеш», «ботагөз», «сынық мүйіз» — қай ою түрі? (Жануарлық ою)
- Әр нәрсені көркемдеп жобалау қалай аталады? (Дизайн)
III топ — сұрақтар
- Стильдің неше түрі бар? (4)
- Қызыл, сары, қызылсары, күлгін — қандай түстер? (Жылы түстер)
- Тон, ішік, пальто — қандай киім түрі? (Сырт киімдер)
- 1900 жылы Ресейдің Подольск қаласында ашылған тігін машиналары зауыты қалай аталады? (Зингер)
- Негізгі неше түс бар? (3: қызыл, сары, көк)
- Көбінесе табиғатты (теңізді) бейнелеген суретші кім? (Айвазовский)
- «Экология» ұғымын алғаш ұсынған неміс биологы кім? (Эрнст Геккель)
- «Қайнар», «жауқазын», «жапырақ» — қай ою түрі? (Өсімдік оюы)
III кезең — «Шебер қол ештеңені таңдамайды»
Қыздардың тапсырмасы
Ағашты аралап, рамка (жиектеме) жасау.
Қажетті құралдар
- Ағаш бөлшектері
- Шеге
- Балға
- Ара
Ұлдардың тапсырмасы
Нан жаю (қамырды жайып, дайындау).
Қажетті құралдар
- Иленген дайын қамыр
- Оқтау
- Құрғақ ұн
Уақыт: 10 минут.
IV кезең — Жанкүйерлер жарысы
Шарты
Жанкүйерлерге сұрақтар қойылады. Дұрыс жауап берген адам ұпайды қалаған тобына бере алады.
- Кестенің отаны қай ел? (Қытай)
- Ылғалды-жылумен өңдеу дегеніміз не? (Үтіктеу)
- Юбканың қазақша атауы? (Белдемше)
- Кестені, кілемді керіп қоятын арнаулы зат қалай аталады? (Кергіш)
- Гравюра өнерінде оймалайтын аспап қалай аталады? (Гравштихель)
- Қандай түстерді араластыру арқылы ала алмаймыз? (Қызыл, сары, көк)
- Қазақтың ұлттық сүт тағамдарын атаңыз. (Айран, қаймақ, құрт, ірімшік, шұбат, қымыран, қымыз, уыз, қатық, ашыған көже)
- Қазақ әйелдерінің (әжелердің) басты тұтас жауып тұратын бас киімі қалай аталады? (Кимешек)
V кезең — «Сал айнытпай болсаң егер, суретші…»
Тапсырма
Әр топтан екі оқушы шығып, алдарында отырған адамға қарап отырып портрет салады.
Қажетті құралдар
- A4 қағазы
- Түрлі түсті қарындаштар
- Қара қарындаш
VI кезең — «Сен сұлу»
Әр топтан 4 оқушы бірігіп, көрермендер арасынан бір адамды ортаға шығарады. Қатысушылар оны киіндіріп, әрлеп, шашын сәндеп, толық образ жасайды.
Дайын болған соң, сәнделген қатысушы ортада жүріп көрсетілім жасайды. Үш топтың арасынан ең көркем безендірілген ару анықталады. Жұмыстың сапасы жоғары топқа сәйкесінше жоғары ұпай беріледі.
Қорытынды
Сөз кезегі әділқазыларға беріледі. Нәтижесінде жеңімпаз топ және басқа да қатысқан топтар мақтау қағаздарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.