Оқушыларда ізгілік, мейірімділік қасиеттерін дамыту

Өзін-өзі тану • 8-сынып Құндылық: Сүйіспеншілік Тақырып: Өнер — өмір өрнегі

Сабақтың идеясы

Бұл сабақ адамның сыртқы тұлғасы мен ішкі жан дүниесінің үйлесімін, сезім мен ойдың тазалығын, әсемдік пен сұлулықты — әсіресе жан сұлулығын түсіндіру арқылы сүйіспеншілік құндылығын тереңдетуге бағытталған.

Қасиеттер

  • Ізгілік

    Жақсылықты таңдауға, мейірімге ұмтылу.

  • Мейірімділік

    Түсіне білу, жанашыр болу, кешірімге жақын тұру.

  • Тазалық

    Ой мен сезімнің мөлдірлігі, ниеттің адалдығы.

  • Адалдық

    Сөз бен істің бірлігі, ар-ұятты сақтау.

  • Қайырымдылық

    Бүкіл адамзатқа пайда тигізуге талпыну, қолдау көрсету.

Мақсат пен міндеттер

Сабақ мақсаты

Әсемдік пен сұлулық, жан сұлулығы туралы түсініктерді кеңейту; сыртқы келбет пен ішкі дүниенің үндестігі сүйіспеншіліктен бастау алатынын ұғындыру.

Негізгі міндеттер

  • Әсемдік пен сұлулық арқылы риясыз сүйіспеншіліктің мәнін түсіндіру.
  • Оқушылардың ізгілік пен мейірімділік қасиеттерін дамыту.
  • Бүкіл адамзатқа қайырымды, адал болуға тәрбиелеу.

Ресурстар

Оқулық, дәптер, аудио және бейнежазбалар.

Сабақ құрылымы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқу құралдарын түгендеу, назарды сабаққа бағыттау.
  • «5Т» ережесін еске түсіру.

2) Тыныштық сәті: «Күннің нұры» (5 минут)

Көзіңізді жұмып, тынысыңызды бірқалыпты реттеңіз.

Күннің жұмсақ нұрын елестетіңіз. Ол бүкіл болмысыңызды жылумен, мейіріммен толтырып келеді.

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осы әсем қалпында сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

Үй тапсырмасын тексеру

8-сынып: «Әнші мұраты».

Талқылау сұрақтары

  • Өнердің адам өміріне ықпалы қандай?
  • Адамның өмірді жасампаздықпен қабылдауын қалай байқауға болады?
  • «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп қандай адамды айтады?
  • Өзара махаббат дегенді қалай түсіндіресіңдер?
  • Өзімшіл (эгоистік) сүйіспеншіліктің мағынасы қандай?
  • Сүйіспеншіліктің қасиеттерін атап, түсіндіріңдер.

3) Дәйексөз

«Алдымен сүйіспеншілік, содан кейін ғана білім беру керек».
Я. А. Коменский

Неліктен Коменский білімнен бұрын, өмірдегі ең басты нәрсе ретінде сүйіспеншілікті атайды? Дәйексөзді бірге қайталап айту ұсынылады: екі рет ұлдарға, екі рет қыздарға.

4) Әңгімелеу: «Сұлулық тәңірісі — марал»

Ақ қар жапқан аппақ далада ай мүйізді ақ марал пайда болды. Ол жайымен ғана емес, бірде секіріп, бірде билеп, орғып-ойнап алға шықты. Басын ешқашан жерге салмайтын кербез аң бұл жолы да маңғаз күйде қасқайып тұра қалды.

Аппақ қардың бетінде оның бітім-болмысы мен келбеті айқын бедерленіп, көз алдыңызда дараланып тұр. Шаңырақтай ақ мүйізі тарам-тарам, айрықша көркем. Мұндай көрініске қызықпау, таңданбау мүмкін емес.

Қазақ жұрты бұғы мен маралды сұлулықтың тәңірісі санаған. Қыздың сұлу болсын деген ниетпен Марал, Ақмарал деп ат қоюы — соның дәлелі.

Сұрақтар

  • Автор маралдың сұлулығын қалай суреттейді?
  • Сұлулық тек адамға ғана тән қасиет пе?
  • Құралай мен бота сұлулығы туралы не айтар едіңдер?
  • Табиғат сұлулығы туралы қандай пікір білдіресіңдер?

5) Шығармашылық жұмыс (топтық)

«Сұлулық — сүйіспеншіліктің бастауы» тақырыбында өлең құрастыру.

6) Топпен ән айту: «Қыз сыны»

Сөзі
Қ. Қазыбеков
Әні
М. Омаров

Мәтіні

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,

Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.

Иықтан шашың төгіліп жерге,

Күмісті шашбау жарасып белге.

Қиылған қасы, қарақат көзі,

Жүректі баурап, оятар сезім.

Тал бойың нәзік қызғалдақ гүлдей,

Дидарың нұрлы шуақты күндей.

Жаңарып қайта, жаңарып көне,

Ләззат алар көрген жан сенен.

Көркіңнен сенің айналдым, еркем,

Халқымның салтын сақтаған көркем.

7) Үй тапсырмасы

4-сабақ: «Қос өнерпаз». Дәптердегі 3–4-сабақ тапсырмаларын орындап келу.

8) Соңғы тыныштық сәті

«Тыныштық... бар жерде. Тыныштық... бүкіл әлемде».

  • Көзімізді жұмып, сабақта айтылған ойлар мен әрекеттерді ой елегінен өткізейік.
  • Барлық жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне орналастырайық.
  • Енді көзімізді ашайық. Сабақ аяқталды. Бүгінгі күндерің қуаныш әкелсін.