Қоян туралы жұмбақ

Сабақ тақырыбы

«Ұзын құлақ сұр қоян»

Мақсаты

Әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып, ақ қағаз бетіне бейнені тұтас орналастыра білуге үйрету. Үлгі бойынша бейнелік сипаттағы әңгіме құрастыруға дағдыландыру, балалардың тілдік қорын дамыту, жан-жануарларға қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу.

Сөздік жұмыс

  • қоян — заяц — rabbit

Сабақ барысы

1) Шаттық шеңбері

Сәлем деймін күнге мен Сәлем деймін мен саған Сәлем деймін апайға Қонақтарға, достарға

Балалар шаттық шеңберін қимылмен орындайды.

2) Қызығушылықты ояту: жұмбақ

Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады:

Ұзын құлақты, жылдам аяқты, Сәбізді жақсы көретін — ол не?

Балалардың жауабы: қоян.

3) Танымдық әңгіме және бейнематериал

Тәрбиеші қоянның суретін көрсете отырып, оның қайда тіршілік ететінін, құлағының неге ұзын екенін, қалай секіретінін түсіндіреді және бейнематериал көрсетеді.

Қоян туралы қызықты деректер

  • Жазғы аптапта ұзын құлағы ағзадағы жылуды белсенді шығарып, қызып кетуден сақтайды.
  • Жаңбырда су тимес үшін құлағын бүгіп алады.
  • Сағатына шамамен 50 км жылдамдықпен жүгіре алады.
  • Тістері өмір бойы өседі.
  • Түсі маусымға қарай өзгереді: жазда — сұр, қыста — ақ.
  • Қоянның төлі — көжек.

4) Тосын сый: қоян қонаққа келеді

Тәрбиеші: «Сәлеметсіз бе, қоян! Неге жылап жүрсің?»

Қоян: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен мына суретті құрастыра алмай жүрмін. Артында көп тапсырмалар бар екен, орындай алмай жатырмын. Маған көмектесесіңдер ме?»

Балалар: «Иә, көмектесеміз!»

5) Ойын: «Пазл құрастыру»

Балалар қоянның суретін құрастырады. Ойын барысында қоян туралы білетін тақпақтарын, мақал-мәтелдерін айтады.

6) Қоян туралы мәтіндер

Жұмбақ

Сылдырдан қорқады, Шошынып жортады. Қорыққанда — жолаяқ, Отырғанда — томардай-ақ. Қысқа емес — ұзын, Батыр емес — қорқақ. Қорегі оның қияр емес — сәбіз.

Мақал-мәтелдер

  • Мал жуасы — қой, аң жуасы — қоян.
  • Асықпаған арбамен қоянға жетеді.
  • Қоян көлеңкесінен қорқады.
  • Қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді.

Тақпақтар

Ажар

Ақ қоян-ау, ақ қоян, Кетпе деймін қасымнан. Бар ма, сірә, мұндай-ақ, Өз-өзінен шошынған?

Еркеназ

Мен кішкентай көжекпін, Үркек емес, өжетпін. Маған жорға жеткен-ай, Үлкендерден кезектің.

Ханшайым

Ақ қоян-ау, ақ қоян, Үркек қоян, сақ қоян. Қаша берсең орманға, «Қорқақ» деп ат қоям.

Еркенұр

Асықпаған арбамен Қоянға жетеді.

7) Қимылды ойын: «Қимылды келтір»

Шарты: музыка әуенімен аңдардың қимылын салып көрсету. Балалар қимылдарды белсенді орындайды.

8) Шығармашылық жұмыс: қоянның суретін салу

Балалар ақ қағаз бетіне сопақша пішінді қолдана отырып қоянның бейнесін орналастырады. Суретті көк түсті сулы бояумен бояп аяқтайды.

9) Сергіту сәті

Қояным, қояным, Орныңнан тұршы. Айнаға қарашы, Шашыңды тарашы. Бетіңді жуышы, Ортыңда секірші. Секір, секір, секір!

Балалар сергіту сәтін қимылмен орындайды.

10) Көрме және қорытынды әңгіме

Дайын жұмыстар көрсетіліп, шағын көрме ұйымдастырылады. Тәрбиеші сұрақтар қояды:

  • Қоян қандай аң?
  • Ол қайда мекендейді?
  • Қоян немен қоректенеді?

Балалардың жауаптары: қорқақ, құлағы ұзын; орманда; сәбізбен.

11) Мадақтау және қоштасу

Тәрбиеші балалардың белсенді қатысқанын атап өтіп, қоянның суреті бар медальдар тапсырады. Қоштасу рәсімі орындалады.