Омыртқалы жануар

Сабақтың тақырыбы: Жыртқыш аңдар отряды

Бұл сабақта оқушылар сүтқоректілер туралы білімдерін жүйелеп, жыртқыш аңдардың түрлерімен, тіршілік ерекшеліктерімен және табиғаттағы маңызымен танысады.

Мақсаты

  • Білімділік: омыртқалы жануарлар мен сүтқоректілер туралы білімді пысықтау; жыртқыш аңдардың өкілдері, тіршілігі және табиғаттағы орны туралы түсінік қалыптастыру.
  • Дамытушылық: пәнге қызығушылықты арттыру; алған білімді өмірде қолдана білу дағдысын және ойлау қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға және сүюге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен әдіс-тәсілдер

Суреттер Жұмбақтар Сөзжұмбақ «Не артық?» «Кім жылдам?» Үлестірмелі қағаздар

Сабақ құрылымы ұйымдастырудан бастап, үй тапсырмасын тексеру, жаңа тақырыпты түсіндіру, бекіту, бағалау және қорытындылаумен аяқталады.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа дайындау, назарын шоғырландыру, сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені қысқаша таныстыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Қайталау сұрақтары

  1. Қандай жануарлар тобын оқып жатырмыз?
  2. Омыртқалы жануарлар неше класқа бөлінеді?
  3. Сүтқоректілер класына қандай жануарлар жатады? Неге олар осылай аталады?
  4. Қандай отрядтармен таныстыңдар?

Жұмбақтар арқылы кіріспе

Оқушылар жұмбақты шешіп, сәйкес жануарлардың суреттерін көрсетеді.

  • Айбарлы түрі бар, қанжардай тісі бар, тұма бойында тасыған күші бар. Күжірейген жалды, білсең айт бұл аңды.

    Жауабы: Арыстан

  • Тарғыл-тарғыл таспа, тастан бірақ басқа. Мекені қамыста, бұл саған таныс па?

    Жауабы: Жолбарыс

  • Жазда қыдырады, қыста тынығады.

    Жауабы: Аю

  • Бейқам елді іздейді, малдан күдер үзбейді.

    Жауабы: Қасқыр

  • Халық «қу» деп, күлкі қылған. Айласы көп, бұл не?

    Жауабы: Түлкі

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Жұмбақтағы жануарларды бір сөзбен қалай атаймыз? Олар — жыртқыштар. Бүгінгі тақырып: жыртқыш аңдар.

Жалпы мәлімет

  • Бұл отрядқа шамамен 235 түр жатады.
  • Соның 31 түрі Қазақстанда кездеседі.
  • Сойдақ және азу тістері жақсы дамыған, сойдақ тістері өте өткір.
  • Елімізде аю, қасқыр, мысық, сусар тұқымдастары кең таралған.

Қазақстандағы негізгі тұқымдастар

Аю тұқымдасы

Қоңыр аю, ақ аю, ақ кеуделі гималай аюы жатады. Қазақстанның биік таулы өңірлерінде қоңыр аю сирек кездеседі және Қызыл кітапқа енгізілген.

Аталығы
матай
Аналығы
кірекей
Төлі
қонжық

Қасқыр тұқымдасы

Шибөрі, қасқыр, қарсақ, түлкі жатады. Бұрын Тянь-Шань, Алтай, Тарбағатайда қызыл қасқыр таралған, ал соңғы жылдары деректер кездеспейді; ол да Қызыл кітапқа енгізілген.

Аналығы
арлан
Аталығы
көкжал
Күшігі
бөлтірік
Көсемі
абадан

Мысық тұқымдасы

Қазақстанда мысық тұқымдасының 8 түрі таралған. Қабылан, қарақұлақ және жабайы мысықтар шөлейт, шөл және дала аймақтарында кездеседі. Сілеусін — таулы өңірлердегі орманда, ал ілбіс (қар барысы) — биік таулы алқаптарда мекендейді.

Ескерту: Барыс (тарихи атау) туралы деректерде «ертеде тіршілік етіп, жойылып кеткен» деген мәлімет айтылады. Мүшелдік жыл санауында барыс — 3-жыл.

Аналығы
таутан
Күшігі
алан

IV. Түсінгенін тексеру

Сұрақтар

  1. Жыртқыш жануарларға қандай жануарлар жатады?
  2. Оларға қысқаша сипаттама беріңдер.
  3. Неліктен оларды жыртқыштар деп атаймыз?

«Не артық?» ойыны

Әр қатардан тақырыпқа сәйкес келмейтінін табыңдар.

  • а) Аю, суыр, тоқылдақ, піл
  • ә) Барыс, бақа, қабан, құндыз
  • б) Ілбіс, жылан, сусар, кенгуру
  • в) Қабылан, кит, жолбарыс, алабұға

V. Алған білімдерін бекіту

Тапсырма 1: Белгілерді сәйкестендіру

Төмендегі тұжырымдарды құстарға және сүтқоректілерге бөліңдер.

  1. Денесі қауырсынмен қапталған.
  2. Ұрпағын тірі туып, сүтімен асырайды.
  3. Жүрегі 4 қуысты.
  4. Бұл омыртқалы жануарлардың тістері жоқ.
  5. Теріде май, тер, сүт және иіс бездері болады.
  6. Қосарлы тыныс алу тән.
  7. Иіс сезу мүшесі өте жақсы жетілген.
  8. Құлақ қалқаны бар; сыртқы және ортаңғы құлақ арасында дабыл жарғағы болады.
  9. Іштей ұрықтанады.
  10. Еті тағамға, мамығы тұрмыстық мақсатқа пайдаланылады.
  11. Күрек, сойдақ, кіші және үлкен азу тістері болады.
  12. Дара жынысты, іштей ұрықтанады.

Құстар

1, 3, 4, 6, 10, 12

Сүтқоректілер

2, 3, 5, 7, 8, 9, 11

Тапсырма 2: Қысқа тұжырымдарды бөлу

  1. Балапанын/баласын сүтпен асырайды.
  2. Қарға, торғай, сауысқан.
  3. Денесі терімен қапталған.
  4. Омыртқалы жануар.
  5. Жұмыртқасын тағамға пайдаланады.
  6. Тұмсығы бар.

Құстар

2, 4, 5, 6

Сүтқоректілер

1, 3, 4

«Кім жылдам?» ойыны

Берілген сөздердің бір ғана әрпін ауыстырсаңдар, жануар атауы шығуы керек.

  • КҮЛКІ → түлкі
  • ОТ → ит, ат
  • НОЯН → қоян
  • ЖҰЛЫН → құлын
  • ТОЙ → қой
  • ЖАЗ → қаз
  • ХАЛЫҚ → балық
  • САУЫҚ → тауық

VI. Үй тапсырмасы

Тақырып бойынша қосымша мәліметті кітапханадан қарап, жыртқыш аңдардың бір өкілі туралы қысқаша хабарлама дайындау.

VII. Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, жауаптарының нақтылығы және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағалау жүргізіледі.

VIII. Қорытынды

Сабақ соңында жыртқыш аңдардың негізгі белгілері, Қазақстанда таралуы және табиғаттағы рөлі жинақталады. Оқушыларға табиғатты қорғау мәдениетінің маңызы ерекше атап өтіледі.