Туған үйіміз сондай ыстық
Мақсаты мен күтілетін нәтижелер
Тақырып
Ынтымағы жарасқан отбасы
Мақсаты
Балалардың отбасы туралы түсінігін кеңейту, отбасылық және туыстық қарым-қатынастың мәнін түсіндіру.
Оқу нәтижелері
- Балалар отбасы туралы және туыстық атауларды біледі.
- Ойлау және сөйлеу дағдылары дамиды.
Түйінді идея
Сурет құрастыру және әңгімелеу арқылы балалар отбасындағы сыйластық қарым-қатынасты, бір-біріне деген қамқорлықты және отбасына деген сүйіспеншілікті көрсетеді.
Сабақ барысы: тапсырмалар мен жаттығулар
I. Ұйымдастыру кезеңі — «Шаттық шеңбері»
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-біріне әдемі күлкі сыйлайды. Мұғалім бірге айтуға өлең ұсынады:
Кел, балалар, күлейік,
Күлкіменен түлейік!
Қабақ түйген не керек,
Көңілді болып жүрейік!
II. Тыныштық сәті
Баяу музыка қосылады. Балалар бір сәтке көздерін жұмып, туған үйін және отбасы мүшелерін елестетеді. Туған үйдің жылуын, отбасының мейірімін сезінеді. Содан кейін көздерін жаймен ашады.
III. Әңгімелесу — «Менің отбасым»
Балалар өз отбасы туралы әңгімелейді. Төмендегі сұрақтар бағыт береді:
- Не елестеттің?
- Сенің отбасың қандай?
- Отбасыңда неше адам бар?
- Олар кімдер?
- Үйдегілер сені қалай еркелетеді? Ал сен оларды қалай атайсың?
IV. Дидактикалық ойын — «Менің отбасым»
Балалар шеңберге тұрып, допты бір-біріне лақтырады. Допты алған оқушы отбасы туралы жақсы сөздер айтады.
Менің отбасым тату, әдемі, бақытты.
Менің отбасым үлкен, әдепті, қамқор.
Менің отбасым жылы, ақкөңіл, сүйкімді.
V. Топтық жұмыс — «Ынтымағы жарасқан отбасы»
Балалар қима суреттерді таңдап, үш топқа бөлінеді: аю, қоян, кірпі.
Әр топқа «Ынтымағы жарасқан отбасы» тақырыбы бойынша әртүрлі қима суреттер беріледі. Топ мүшелері мозайка құрастырып, дайын суретке сүйене отырып шағын әңгіме құрайды.
Соңында әр топ ортаға шығып, өз әңгімесін оқып береді.
VI. Сергіту сәті
Балалар қимыл-қозғалыспен бірге өлең жолдарын айтады:
Әкем менің қауыншы,
Шешем менің сауыншы.
Атам болса — ол ұста,
Отырмаймын мен текке,
Кеттім мен де мектепке.
VII. Қорытынды
1) Сұрақ-жауап
- «Отбасы» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Отбасына кімдер жатады?
- Сенің отбасыңда неше адам бар?
- Өз отбасың туралы қысқаша айтып бер.
2) «Жүректен — жүрекке»
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы тілектерін айтады. Бұл кезең сабақтың мейірімді, бірлікке үндейтін мазмұнын бекітеді.