Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу
Сабақ мәліметтері
Пәні
Қазақ әдебиеті
Сыныбы
5–11
Тақырыбы
Ф. Оңғарсынованың «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты мәнерлеп оқу сайысы
Мақсаты мен әдістемесі
Мақсаты
- Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың маржан поэзиясымен тілдестіру.
- Ақын өміріне қысқаша шолу жасап, өлең-жырларын жаттатуға және білімді тереңдетуге ықпал ету.
- Еліміздің табиғатына, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру.
Көрнекілігі
Слайд, бейнеүзінділер.
Әдісі
Мәнерлеп оқу, түсіндірмелі әдіс.
Сабақтың барысы
-
1
Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін Ф. Оңғарсынованың «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты мәнерлеп оқу сайысына қош келдіңіздер. Ақын — өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем.
-
2
Ақынның өмірі мен шығармашылығы
Фаризаның жырларында Жайықтың суындай жағаны соққан айбынды көңіл-күй сезіледі. Ақынның досы, сенері, мұңдасы әрі шипасы — поэзия.
Қысқаша өмірбаян
- 1939 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Манаш ауылында дүниеге келген.
- 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.
- 1966–1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер болған.
- 1968–1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің өңірлік меншікті тілшісі қызметін атқарған.
- 1970–1978 жж. «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болған; кейін «Пионер» журналының бас редакторы қызметін атқарған.
- 1978–1996 жж. «Ақ желкен» (бұрынғы «Пионер») журналының бас редакторы болған.
- ҚР Парламенті Мәжілісінің 1 және 2 шақырылымдарының депутаты (1996–2004).
Шығармашылық әлемі
1967 жылы «Бұлбұл» атты тұңғыш жыр кітабы жарық көрді. «Маңғыстау монологтары» — ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Кейін «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде», «Сенің махаббатың», «Дауа» секілді еңбектері адам жанының күрделі табиғатын кеңінен зерделеді. Махамбеттің мұңын сезінгенде, қайратын жырға айналдырып, өршіл сарынға ерік береді.
Лирикасының өзегі
Ақын әйел жанының құпиясын, арманын, махаббатын терең жырлайды. Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады. «Әйел–Ана» тақырыбы — поэзиясындағы өзекті арна.
Ақынның ой-түйіні:
«Адам деген — күрделі жаратылыс. Соның ішінде әйел халқының жан дүниесі өз алдына бір әлем. Өз жырларымда сол әлемнің сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді».
-
3
Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу
«Өлең, мен сені аялап өтем!» деп толғағанындай, оқушылар жаттаған өлеңдерін 5–11 сыныптар бойынша жатқа, мәнерлеп айтады.
Өлеңнен үзінді
Көңілді, жайлы күнімді,
Азапты қайғы-мұңымды
Өзімменен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін —
Өлең, мен сені аялап өтем!Жыр жазбасам жабығам,
Онсыз маған дүние жел өтіндей.
Жұрт ұқпайды жүрем мен неге күлмей,
Ал сен болсаң қайрайсың, құлшынтасың,
Содан саған бір пайда келетіндей.Мен бір қызық адаммын:
Қатал тағдыр сілкілеп мың сан ағам,
Құлап-тұрып сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда
Сені орынсыз азаптап, ұрсып алам.Сен — асқақсың, білемін,
Маған ғана иіліп кешіресің.
Иілу де бүгінде кісіге сын.
Қуаныштың мен үшін не екенін
Бұл жалғанда сен ғана түсінесің.Ф. Оңғарсынованың өлеңдері — Каспийдің алапат толқынындай айбынды, аққуларындай пәк, туған даласындай кең, аруанасындай маңғаз, күніндей ыстық, тауларындай асқақ.
-
4
Әділқазылар алқасымен таныстыру
Қазылар алқасының құрамы таныстырылып, бағалау талаптары еске салынады.
-
5
Бейнеүзінді және слайд
Тақтадағы слайдқа назар аударылады. Ақын туралы бейнеүзінді көрсетіліп, көрген материал талқыланады.
-
6
Бағалау
Әділқазылар алқасы қорытынды бағасын шығарып, қатысушылардың орындау мәнері мен көркем оқу мәдениетіне пікір білдіреді.
Қорытынды сөз
Ақынның өлең жолдарында әсем теңеулер, айшықты табиғат көріністері, ішкі жан дүниенің пәк сезімі, әйел жүрегінің махаббаты мен нәзіктігі терең көрініс табады. Мұндай тапқырлық пен еркелей жырлау Фаризаға тән. Жыр әлеміне құлаш ұрған ақын поэзиясы өз оқырманын әлі талай қуанта беретіні сөзсіз.