Бөліктер мен механизмдердің оқтауға дейінгі жағдайы
Ашық сабақ жоспары туралы мәлімет
Мекеме
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Игілік ауылы, Т. Әубәкіров атындағы жалпы орта мектеп (КММ).
Пән мұғалімі
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі — Алибаев Әбілқасым.
Тақырып
Калашников автоматы мен пулеметінің бөліктері және механизмдерінің жұмысы.
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға автоматтың (пулеметтің) бөліктері мен механизмдерінің жұмысын түсіндіру.
- Автоматты жинап-құрастыру дағдыларын дамыту, ептілігін арттыру.
- Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Өткізілетін орны
10-сынып, АӘД кабинеті.
Көрнекілік құралдар
АӘД оқулығы, плакаттар, автоматтың макеті, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
3 минутВзвод командирі оқушыларды сапқа тұрғызады, оқытушыға рапорт береді. Амандасу жүргізіліп, түгендеу жасалады және оқушылардың сыртқы келбеті тексеріледі.
Өтілген тақырыпты сұрау
7 минутҚайталау сұрақтары арқылы алдыңғы материал бекітіледі:
- Бекітпе не үшін арналған?
- Қайтармалы механизм не үшін арналған?
- Соққыш-ағытқыш механизм не үшін арналған?
- Оқжатарды қалай пайдаланады?
- Сүңгі-пышақ туралы айтып беріңдер.
Негізгі бөлім
25 минутБөліктер мен механизмдердің оқтауға дейінгі жағдайы
Газ поршені және бекітпесі бар бекітпе жақтауы қайтармалы механизмнің әсерінен алдыңғы қалыпта болады. Газ поршені газ камерасының келте түтігінде орналасады, ал ұңғы арнасы бекітпемен жабылады.
Бекітпе бойлық осі бойымен оңға бұрылып, оның ұрыстық шығыңқылары ұңғы қорабының ойықтарында тұрады — бекітпе жабық күйде болады. Қайтармалы серіппеде ең төменгі қысым сақталады.
Автоағытқыш тұтқасы бекітпе жақтауының шығыңқысының әсерінен алға және төмен қарай бұрылады. Шүріппе босатылып, бекітпеге тіреледі. Соққыш шүріппенің күшімен алға бекітіледі.
Ұрыстық серіппе ең төмен қысымда болып, ілмегі арқылы шүріппені бекітпеге қысады, ал берілген ұштарымен ағытқыш ілмектің тікбұрышты шығыңқыларын ұңғы қорабының түбіне қысады. Бұл кезде ағытқыш ілмектің құйрықшасы алдыңғы қалыпта болады.
Шүріппе баяулатқышы өз серіппесінің алдыңғы шығыңқысы арқылы ұңғы қорабының түбіне қысылады. Ауыстырғыш ең жоғарғы қалыпта тұрып, ұңғы қорабы қақпағындағы сатылы ойықты жабады.
Ауыстырғыш тежегішке қойылады: ауыстырғыш секторы жекелей ату дөңесінің ойығына кіріп, ағытқыш ілмектің оң жақ тікбұрышты шығыңқысының үстінде болады (ағытқыш ілмекті жабады).
Оқтау кезіндегі бөліктер мен механизмдердің жұмысы
Автоматты (пулеметті) оқтау үшін жарақталған оқжатарды қосып, ауыстырғышты АВ немесе ОВ қалпына келтіреді. Содан кейін бекітпе жақтауын кері шегіне дейін тартып, қайта жібереді — осы әрекеттен кейін автомат (пулемет) оқталады. Егер дереу оқ ату міндеті туындамаса, ауыстырғышты сақтандырғышқа қою қажет.
Назар аударатын тұстар
- Оқжатар қосылғанда, жоғарғы оқсауыт астынан бекітпе жақтауына тіреледі.
- Ауыстырғыш автоматты атысқа қойылғанда, бекітпе жақтауы тұтқасына арналған ойық босайды және ағытқыш ілмектің бұралуына кедергі жасамайды.
Бекітпе жақтауын еркін жүріс ұзындығына кейін тартқанда, оның фигуралық ойығының алдыңғы қиығы бекітпенің жетекші шығыңқысына әсер етіп, бекітпені солға бұрады. Нәтижесінде бекітпенің ұрыстық шығыңқылары ұңғы қорабы ойықтарынан шығып, бекітпе ашылады.
Бұл сәтте бекітпе жақтауының шығыңқысы автоағытқыш иінтірегін босатады, ал автоағытқыштың дөңесі серіппенің әсерімен шүріппенің алдыңғы жазықтығына қысылады.
Бекітпе жақтауын әрі қарай шегергенде, бекітпе онымен бірге кейін жылжып, ұңғы арнасын ашады. Қайтармалы серіппе қысылады. Шүріппе бекітпе жақтауының әсерінен өз осінде бұрылып, ұрыстық серіппе бұралады.
Шүріппенің ұрыстық қайырмасы ағытқыш ілмектің фигуралық шығыңқысының сыртына шығып, шүріппе баяулатқышының астына келеді де, шүріппе автоағытқыштың дөңесіне тұрады. Автоағытқыш иінтірегі жоғары көтеріліп, бекітпе жақтауының шығыңқысы жүретін жолға тұрады.
Бекітпе жақтауының төменгі жазығы оқжатарға арналған терезеден өткен кезде, оқсауыттар оқжатар серіппесінің әсерінен жоғары көтеріліп, жоғарғы оқсауыт оқжатар қабырғасының иілмесіне тірелгенше көтеріледі.
Бекітпе жақтауын босатқанда, ол бекітпемен бірге қайтармалы механизм әсерінен ілгері жылжиды. Бекітпе оқжатардан жоғарғы оқсауытты алып, оқтыққа кіргізеді де, ұңғы арнасын жабады.
Бекітпе ұңғының оқталатын ойығына келгенде, лақтырғыш ілмегі оқсауыттың шығыршық кертпесіне кіреді. Бекітпе жақтауының фигуралық ойығының әсерінен бекітпе бойлық осі бойымен оңға бұрылып, оның ұрыстық шығыңқысы ұңғы қорабының ұрыстық тірегіне кіреді — бекітпе жабылады.
Бекітпе жақтауы алға қозғалысын жалғастырып, өз шығыңқысымен автоағытқыш иінтірегін алға және төмен бұрады. Автоағытқыштың дөңесі шүріппені автоағытқыш қайырмасынан босатады. Шүріппе ұрыстық серіппенің әсерімен бұралып, баяулатқыш ілмегінен шығып, ұрыстық қайырмаға тұрады.
Ауыстырғышты сақтандырғышқа қойған кезде ол ұңғы қорабы қақпағының сатылы ойығын жауып, бекітпе жақтауының тұтқасын артқа жылжытуға кедергі жасайды. Ауыстырғыш секторы алға бұрылып, ағытқыш ілмектің оң жағындағы тікбұрышты шығыңқысының үстіне орналасады (ағытқыш ілмекті жауып тастайды).
Қорытынды бөлім
10 минутСұрақтар мен тапсырмалар
- Автоматтың (пулеметтің) бөліктері мен механизмдерінің оқтауға дейінгі жағдайын түсіндіріңдер.
- Автоматтың (пулеметтің) бөліктері мен механизмдерінің оқтау кезіндегі жұмысын сипаттаңдар.