Әдепті бала және салақ бала суретпен жұмыс
Мақсаты мен қағидалар
Бұл жұмыстың мақсаты — денсаулықты сақтаудың маңызын түсіндіру және денсаулық ережелерін меңгерту. «Денсаулық — зор байлық», «Дені саудың — жаны сау» қағидаларын бала бойына сіңіру көзделеді.
Әдіс-тәсілдері
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелесу
Көрнекіліктер
- Плакаттар, суреттер, қанатты сөздер
- Мақтау қағаздары
- Балық, моншақ, құрсау, доп
I. Ұйымдастыру кезеңі
Әуен ырғағымен балалар залға кіреді. Шаттық шеңберінде өлең айтылады, балалар өлең мазмұнына сай қимыл жасайды.
Шаттық шеңбері өлеңі
Жазда ықпай ыстықтан,
Қыста бұқпай суықтан.
Айналысып спортпен,
Біз боламыз шыныққан.
Жазда суда жүземіз,
Құмда күнге күйеміз,
Жалаң аяқ жүреміз.
Қыста қызып денеміз,
Коньки, шаңғы тебеміз.
Тәрбиешінің сұрағы
Балалар, адамдардың көңілді, әдемі жүруі неге байланысты?
Балалардың жауабы
Денсаулыққа.
Тәрбиеші қорытындылайды: дені сау адам — бақытты адам. Денсаулықты сақтау үшін адам өзін күтіп, жыл бойы шынығуы керек. Тазалықты сақтау, денені шынықтыру және шипалы өсімдіктерді пайдалану — салауатты өмір салтының негізі.
II. Ой қозғау кезеңі
1) Музыкамен жаттығу
Музыка әуенімен балалар қолдарына түрлі түсті лента алып, жаттығулар орындайды.
2) «Әдепті бала» және «Салақ бала» (суретпен жұмыс)
Сұрақтар:
- Әдепті бала туралы әңгімеле.
- Ал салақ бала қандай?
- Саған қай бала ұнайды? Неліктен?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
3) Балабақшадағы күн тәртібі
«Балабақшада күні бойы не істейміз?» тақырыбында әңгімелесу жүргізіледі. Күн тәртібінің денсаулыққа әсері атап өтіледі.
4) «Маған керек дәрумен»
Үстел үстіндегі суреттердің ішінен дәрумені бар, денсаулыққа пайдалы тағамдарды таңдап, тақтаға іледі.
III. Тақпақтар
Жұлдызай
Ашытады көзіңді,
Сабындаған кезіңде.
Бола білсең төзімді,
Тап-таза етер өзіңді.
Хормен
Тазалықтың досы — сабын деген осы.
Гауһар
Сылдырлайды мөлдір су,
Мөлдір суға қолыңды жу.
Хормен
Тазалықтың досы — сабын деген осы.
Перизат
Кәмпит жесең көбірек,
Тісің жүрер мазалап.
Не жесең де күніне,
Тазалап жу екі рет.
Сергіту сәті
Жуып жеймін үнемі
Алма, алмұрт, шиені.
Суды жақсы көремін,
Тазалықты сүйемін.
IV. Көңілді ойындар
Су түбінен маржан тас жинау
Жерге ірі моншақтар шашылады, балалар сол «маржандарды» жинайды.
Балық аулау
Балалар ойыншық балықтарды аулап, ептілік пен зейінділікке жаттығады.
Құрсаумен жарыс
Үрленген құрсауға отырып, белгіленген нүктені айналып келу тапсырмасы орындалады.
Кім көп ұпай жинаса немесе кім бірінші келсе, сол балалар марапатталып, мақтау қағазымен мадақталады.
V. Доп арқылы тілек тілеу
Балалар допты бір-біріне лақтырып, кезекпен жақсы тілектер айтады. Бұл бөлімде бір-біріне мейірім көрсету, жылы сөз айту мәдениеті нығайтылады.
VI. Қорытынды
Тәрбиеші: Балалар, сендерге сабақ ұнады ма?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Тәрбиеші: Біз бүгін не туралы айттық?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Тәрбиеші: Ендеше, бүгін айтылған қағидаларды ұмытпаңдар. Денсаулықтарың мықты болсын, әрдайым күліп жүріңдер. Сау болыңдар!