Ақылбек ШаяхметБілім күні қыркүйектің біріМектепте өткен шеру - жаңа өмірге енуХор:Қандай ғажап сары күз, Табиғаттың сәні күз

Автор

Ақылбек Шаяхмет

Білім күні — 1 қыркүйек

Мектепте өткен салтанатты шеру — жаңа өмірге қадам басу.

Хор

Қандай ғажап сары күз,
Табиғаттың сәні — күз.
Құлын-тайдай жан-жақтан
Жиналыппыз бәріміз.

Өмірдің де мәні — күз,
Кішкентаймыз әлі біз.
Озып келіп бәйгеден,
Жүлде аламыз тағы біз.

Кейіпкерлердің таныстыруы

Нұрбек

Нұрбек — менің есімім,
Аштым мектеп есігін.
Ініме енді тапсырдым
Бөбегіміздің бесігін.

Айдана

Менің атым — Айдана,
Жауқазындай жайнағам.
Сіңліме тастадым
Қуыршақпен ойнаған.

Бекзат

Бір күн ыстық бір күннен,
Өнер қуып жүрмін мен.
Әнші болам әйгілі,
Бекзат дейтін ұлмын мен.

Елдос

Елдос дейтін баламын,
Үлкендердің тілін аламын.
Тас жарады талабым,
Ертең маман боламын.

Анар

Бақтай жайнап бар маңым,
Гүлге толды жан-жағым.
Анар деген қызбын мен,
Биші болу — арманым.

Әмина

Мен кішкентай екенмін,
Сөмкені әзер көтердім.
Ал есімім — Әмина,
Әжем ертіп әкелді.

Өлең жолдары

Елдос

Атқан сайын күліп таң,
Өмір сырын шын ұққам.
Атқа мініп, доп ойнап,
Жас кезімнен шыныққам.

Әмина

Көп қараймын әріпке,
Соларда сән, көрік те.
Қолымда тұр, мінеки,
Әкем берген Әліппе.

Анар

Жақсы оқуға әуелі
Мен де берем уәдені.
Апам маған қаламсап
Әперді әдемі.

Елдос

Мектеп қандай тамаша!
Көз тоймайды қараса.
Ауладағы тал-шыбық
Өскен күнмен таласа.

Хор

Жарасып тұр сәніміз,
Бірге шырқап әніміз.
Ұстаздарға гүл сыйлап,
Бас иеміз бәріміз.

Қорытынды шумақ

Бекзат

Жақсы өлеңді жаттаймыз,
Талаптыны мақтаймыз.
Ата-ананың үмітін
Бәріміз де ақтаймыз.