Халықтың өсіп - өну көрсеткіштері
Кіріспе
Қазіргі күнге дейін «денсаулық» ұғымына біркелкі, дәлелді әрі әмбебап анықтама берілмегендіктен, адамның денсаулығына дұрыс баға беру кейде қиындық туғызады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысына сәйкес, денсаулық — бұл тек аурудың немесе дене бітіміндегі кемшіліктің жоқтығы ғана емес, адамның толық физикалық, әлеуметтік және рухани саулығы.
Академик В. П. Казначеевтің пайымдауынша, денсаулық — организмнің ұзақ өмір сүру барысында биологиялық және психикалық қызметтерінің, тиімді еңбекке қабілеттілігінің, әлеуметтік белсенділігінің, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай дені сау ұрпақ жалғастыру қабілетінің сақталуы мен дамуы.
Негізгі бөлім
Денсаулық туралы жалпы ұғым
Физикалық денсаулық
Ағза қызметтерінің өздігінен реттелуі, физиологиялық үдерістердің үйлесімді жүруі және сыртқы орта әсерлеріне жоғары деңгейде бейімделуі.
Психикалық денсаулық
Психикалық ауытқулардың алдын алу және адамның ішкі тепе-теңдігін сақтау. Бұл — өмір сапасын айқындайтын маңызды мақсаттардың бірі.
Әлеуметтік денсаулық
Адамның әлеуметтік белсенділігі, яғни қоғаммен байланысуы, ортаға кірігуі және өмірмен біте қайнасу деңгейі.
Денсаулықтың негізгі белгілеріне демографиялық көрсеткіштер, аурушаңдық деңгейі және дене бітімінің дамуы жатады.
Халықтың өсіп-өну көрсеткіштері
Халық денсаулығын бағалауда демографиялық көрсеткіштер (туу, өлім, өмір сүру ұзақтығы) жиі қолданылады. Дегенмен бұл көрсеткіштер әрдайым денсаулықтың нақты деңгейін толық ашып бере бермейді: кейбір елдерде туу деңгейін жасанды түрде төмендету жалпы көрсеткіштердің «жақсарғандай» көрінуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулыққа баға бергенде көрсеткіштерді кешенді түрде қарастырған дұрыс.
Халықтың ұдайы өсіп-өну коэффициенті — ұрпақтардың өсіп-өну қарқындылығын жалпылама сандық бағалайтын көрсеткіш. Әдетте әйелдер мен ерлер үшін бөлек есептеледі, бірақ практикада ерлердің жасына қарай туу деректерінің жеткіліксіздігі себепті бұл есептеу жиі қолданылмайды.
- Мақсаты — әртүрлі факторлардың ықпалынан өзгеретін жас құрылымын ескере отырып, халық өсімі туралы түсінік беру.
- Есептеу үшін бірнеше күнтізбелік жылдағы статистикалық дерек жеткілікті.
- Қарапайым бағалау үлгілеріне өміршеңдік индексіне, тұрақты халық үлгілеріне және жалпы туу коэффициентіне сүйенетін орнын толтыру көрсеткіштері жатады.
Халық денсаулығын сипаттауда көбіне аурушаңдық көрсеткіші алынады. Бұл деректер ресми статистикадан және арнайы зерттеулер арқылы жиналады. Зерттеу мақсатына қарай өз еркімен тексерілгендер, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алғандар, ауруханаға жатқызылғандар және басқа топтар есепке алынуы мүмкін.
Сондықтан халықтың санының өсуіне ғана қуанып қоймай, болашақ ұрпақтың дені сау және мінез-құлқы орнықты болуына да ерекше назар аудару қажет.
Мінез-құлық және оның түрлері
Мінез-құлықтың адам денсаулығына айтарлықтай әсер ететіні дәлелденген. Мінез-құлық — адамның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиынтығы. Бұл қасиет тірі ағзаларға ортақ, ал оның басты белгісі — қимыл-қозғалыстың әр деңгейде көрінуі.
Адам мінез-құлқының бастапқы көрінісі — қылық. Қылық арқылы адамның өмірлік бағыты, талғамы, сенімі, көзқарасы, мақсат-мұраты айқындалады. Мінез-құлық адамның өзіне және айналасындағы адамдарға қарым-қатынасынан, сондай-ақ тапсырылған істі қалай орындайтынынан байқалады.
Мінез-құлық түрлері
- 1 Жеке тұлғалық қырлар: өжеттілік, адалдық, арамдық және т.б.
- 2 Басқаларға қарым-қатынас: мейірімділік, жайдарылық, тұйықтық, немқұрайлық.
- 3 Өзіне қарым-қатынас: тәкаппарлық, менмендік, өзімшілдік.
- 4 Еңбекке қатынас: еңбекқорлық, жалқаулық, белсенділік және т.б.
Мінез-құлық темпераментпен тығыз байланысты және мінездің құрамдас бөлігі болып саналады. Темперамент түрін өзгерту мүмкін емес, бірақ оның жағымсыз жақтарын ерік-жігер арқылы түзетіп отыруға болады.
Темперамент — адамның дара ерекшеліктерінің жиынтығы, мінездің нейродинамикалық сипаттамасы. Ең алғаш Гиппократ темпераменттің төрт түрін ажыратқан.
Сангвиник
Жайдарлы, қағылез, іскер, қызуқанды, пысық, көпшіл, елгезек. Сыртқы әсерге тез бейімделеді, сәтсіздікті жылдам еңсереді.
Флегматик
Сабырлы, байсалды, салмақты, баяу қимылды. Өзгерістерге бейімделуі әлсіздеу болуы мүмкін.
Холерик
Албырт, қызба, ашушаң, кейігіш, еліктегіш. Өте белсенді, қимылы қайратты, көңіл күйі жиі көтеріңкі болады.
Меланхолик
Жұмсақ мінезді, сезімтал, жасқаншақ, тез уайымдауы мүмкін. Кейде жауапкершіліктен именіп, өз ойын батыл жеткізуі қиынға соғады.
Қорытынды
Денсаулық — ұзақ өмір барысында ағзаның биологиялық және психикалық қызметтерінің, еңбекке қабілеттілігінің, әлеуметтік белсенділігінің, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай дені сау ұрпақ жалғастыру мүмкіндігінің сақталуы мен дамуы.
Сондықтан тек өсіп-өну мен көбеюді ғана емес, дені сау әрі мінез-құлқы орнықты ұрпақ тәрбиелеу мен дүниеге әкелуді де қатар ойлау қажет.
Назарларыңызға рахмет!