ХЭПЖ бойынша сипаттамасы
d-элементтері тақырыбы бойынша кейс-технология үлгісі
Төменде 10-сынып оқушылары құрастырған d-элементтері тақырыбына арналған кейс-технологияның үлгісі берілген. Бұл жұмыс оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытып, пәнге қызығушылығын арттыруға және топ ішінде белсенді өзара әрекет қалыптастыруға бағытталған.
Мақсаты
Кейс-стади әдісін қолдану арқылы оқушылар арасында бәсекелестік қалыптастыру және тақырыпты терең меңгерту.
Міндеттері
- d-элементтерін зерттеу және жүйелеу;
- қосымша материалдарды пайдаланып, жеке элементтерді терең талдау;
- қызығушылық тудыру және мазмұнды оқушы назарына ұсыну;
- жетелеуші сұрақтар арқылы материалды меңгерту.
Күтілетін нәтиже
- Мәліметтерді ықшамдап, жинақтайды; өлең, жұмбақ, баяндау сияқты әртүрлі формада өз бетінше білім алады.
- Wikipedia платформасында жеке wiki-бет ашады.
- Қашықтан оқыту жүзеге асады (үйден оқитын оқушылар, аязды күндер т.б.); ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады.
- Материалдарды салыстырып, бір жүйеге келтіреді, қажет кезде біріктіреді.
Кейстер жинағы (d-элементтері)
Әр кейс оқушыны мәтінді талдауға, элементті тануға және қасиеттерін дәлелмен негіздеуге бағыттайды. Тапсырмаларда ХЭПЖ бойынша сипаттама, реакция теңдеулері, қолданылу аймақтары және есептер қамтылған.
№1 кейс
Поэзиялық сипаттама
Жер әлеміне ертеден таралған металмын,
Өндірістің тұлғасы болып көріндім.
Қара металл патшасы болып танылдым,
Иесімін үлкен елдің...
Қарапайым үй тұрмысында,
Дамып жатқан ең алып құрылыстарда.
Мені білмейтін адам баласы жоқ,
Мен қатыспайтын техника саласы жоқ.
Тарихымның тамыры терең жатыр,
Египет пен Үндістаннан келе жатыр.
Шойын, болат, прокат — құймаларым,
Заманның дамуын демеп жатыр.
Тапсырмалар
- Осы металды ХЭПЖ бойынша сипаттаңдар.
- Адам ағзасында орташа есеппен қанша грамм темір болады?
- Метеорит құрамындағы темірден бұйым жасауға бола ма? Неліктен?
- Келесі өзгерістерді қандай жолмен жүзеге асыруға болады?
Тізбек:
FeO → Fe(OH)2 → FeSO4 → Fe2O3 → Fe(OH)3 → FeCl3
№2 кейс
Сирек металлӨте сирек кездесетін металл. Адамзат тарихында өндірілген осы металдың жалпы көлемі дүние жүзінде бір сағат ішінде өндірілетін темір көлеміне шамалас. Барлық континенттерде кездеседі. Балқу температурасы +1064,43°C. Жылу мен электр тогын жақсы өткізеді. Ешқашан тоттанбайды, тек қана патша арағында ериді. Осы қасиетіне байланысты электр құрылғыларындағы микрочип сымдарын қаптауда қолданылады. Әшекей-бұйым жасауда кең таралған; мемлекеттің байлығы да осы металдың қорымен өлшенеді. Қазақстанда Ақбейт, Ақбақай, Бестөбе, Жайымтал кендерінде өндіріледі.
Тапсырмалар
- Бұл қандай металл?
- Осы металдың латынша атауы қандай?
- Саф күйінде кездесе ме?
- Қандай өлшем бірлігімен өлшенеді?
- Осы металдан жасалған тиынды қалай тексеруге болады?
- Егер металл таза күйінде болса, оны қолмен майыстыруға бола ма?
- ХЭПЖ бойынша сипаттаңдар.
№3 кейс
Тарихи анықтамаТас дәуірінде адам баласы алғаш танысқан металдардың бірі (шамамен 6 мың жыл бұрын Ежелгі Шығыста) болған. Табиғатта таза күйінде де, қосылыс түрінде де кездеседі. Алғашқы адамдар құрал-саймандарын осы металдан жасаған. Оны ашып, кең қолдана бастаумен байланысты тұтас бір дәуірдің атауы қалыптасқан. Қазақстанда да кең таралған. Жылу және электр өткізгіштігі жоғары. Белсенділігі төмен; жер қыртысындағы мөлшері шамамен 0,01% массаны құрайды. Ашық қызғылт түсті жылтыр металл, балқу температурасы 1083°C. Электр тогын күмістен кейін ең жақсы өткізеді. Алхимиктер оны Venus деп атаған. Әртүрлі құймалар өндіруде, сондай-ақ өсімдіктердің зиянкестері мен ауруларына қарсы күресте қолданылады.
Тапсырмалар
- Бұл қай элемент?
- Оның периодтық жүйедегі орнын сипаттаңдар.
- Өнеркәсіпте қандай әдістермен алады? Жауаптарыңды реакция теңдеулерімен дәлелдеңдер.
- Бұл элементтің биологиялық маңызы қандай?
- Бұл металдың кен орындары қай жерде орналасқан?
№4 кейс
Элементті анықтауБұл элемент — периодтық жүйенің VI тобындағы химиялық элемент; тұрақты төрт изотопы бар. 1766 жылы Екатеринбург аймағында табылған. Оны «Сібірдің қызыл қорғасыны» деп атаған. 1797 жылы француз химигі Л. Н. Воклен крокоит минералының құрамынан ашқан. Бай кендері Солтүстік Оралда, Кавказ сыртында және Батыс Қазақстанда кездеседі. Ақшыл-сұр түсті, қатты, ауыр балқитын металл: балқу температурасы 1910°C, қайнау температурасы 2480°C, тығыздығы 7,14 г/см3. Сутекпен әрекеттесуге бейім емес, бірақ оны өзіне сіңіре алады. Тотығу дәрежелері: +2, +4, +6.
Тапсырмалар
- ХЭПЖ бойынша сипаттама беріңдер.
- Өнеркәсіпте қандай әдістермен алады? Жауаптарыңды реакция теңдеулерімен дәлелдеңдер.
- Бұл элементтің биологиялық маңызы қандай?
- Құрамында хром(III) оксиді және 12% қоспасы бар 20 кг кеннен алюминотермиялық әдіспен алынатын хромның массасын есептеңдер.
- Құрамында 100 кг хром бар феррохром алу үшін құрамында 30% FeCr2O4 болатын хромды теміртастың қанша массасы қажет?
Қорытынды нәтижелер және тиімділігі
Нәтижелер
- Оқушылар d-элементтері туралы (мыс, темір, хром, алтын т.б.) білімдерін толықтырды.
- Кейс құрастыру технологиясын және wiki-бет ашу дағдыларын меңгерді.
- Бұл тәсіл 9 «А» сыныбы оқушыларына да әсер етіп, кейбір оқушылар өз бетінше кейс құрастырып әкелді.
Келешек жоспар
Аязды күндердің алдында барлық сыныптарда тақырып бойынша кейс құрастырылып, қашықтан оқытуға арналған тапсырмалар жүйесін қалыптастыру жоспарланады.
Тиімділігі
- оқушы өз бетінше білім алады;
- бәсекелестік пен белсенділік артады;
- барлық білім алушылар үшін қолжетімді.
Дереккөз
Осы кейс-стади материалдарын Wikipedia платформасындағы wiki-беттерден көруге болады: http://kk.wikipedia.org