Шаңырақ шаңырақтың суретін саласыңдар

Білім беру салалары: қатынас, таным, шығармашылық, әлеуметтік орта.

Білім көздері: қоршаған дүниемен таныстыру Әдіс-тәсіл: сұрақ-жауап Көрнекіліктер: киіз үй суреттері, нақыл сөздер және т.б.

Тақырып

Киіз үй жабдықтары

Мақсаты

  • Киіз үй жабдықтарымен таныстыру, олардың қызметін түсіндіру.
  • Киіз үйдің ауа райының кез келген жағдайында қолдануға ыңғайлы екенін түсіндіру, балалардың есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу, атадан балаға жалғасқан мұраны сақтауға баулу.

Сөздік жұмыс

абажа кебеже әбдіре асадал жастықағаш адалбақан жүкаяқ тұскиіз қоржын аяққап

І. Ұйымдастыру кезеңі

Бүгінгі ұйымдастырылған іс-әрекетіміз ерекше өтеді, себебі бізге қонақтар келіп отыр. Балалар, орнымыздан тұрып, қонақтармен сәлемдесейік.

Сәлемдесу өлеңі

Мейірімді жүрекпен, Ақпейілді тілекпен, Амандасып алайық, Бір жадырап қалайық. Апайлар, сіздерді көргенімізге қуаныштымыз.

Шаттық шеңбері

Қуан, шаттан! Алақай! Қуанатын күн келді. Қайырлы күн! Қайырлы күн! Күліп шықты күн бүгін!

Топқа бөлу

Балалар өздеріне ұнаған суретті таңдап, төрт топқа бөлінеді:

  • Шаңырақ тобы
  • Уық тобы
  • Кереге тобы
  • Есік тобы

ІІ. Өткенді қайталау

Сұрақ-жауап

  • Өткен іс-әрекетте қандай тақырыппен таныстық?
  • Нан дастарханға қалай келеді?
  • Нанды не үшін қастерлеу керек?
  • Нан туралы қандай мақал-мәтел, нақыл сөздер білесіңдер?

Белсенді жауап берген балалар «алтын жұлдызшамен» бағаланады.

Уақыт пен күнтізбе сұрақтары

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Көктемде неше ай бар? Қандай айлар?
  • Қазір көктемнің қай айы?
  • Аптаның қай күні?

Жаңа тақырып: Киіз үй жабдықтары

Талдауға арналған сұрақтар

  • Суреттен нені көріп тұрсыңдар?
  • Киіз үй туралы не білесіңдер?
  • Киіз үйдің ішіне кіріп көргендерің бар ма?
  • Киіз үй неден жасалады?
  • Киіз үй жабдықтарын атай аласыңдар ма?

Жауап берген балалар «алтын жұлдызшамен» бағаланады.

Киіз үй туралы қысқаша мәлімет

Киіз үй — ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға ыңғайлы баспана. Ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел мен дауылға төзімді. Киіз үйдің негізгі қаңқасын «сүйек» деп атайды.

Кереге

Киіз үйдің ағаштан жасалған, жиналмалы торкөзді қабырғасы.

Шаңырақ

Уықтарды біріктіріп, киіз үйдің еңсесін көтеріп, тұтастырып ұстап тұратын дөңгелек шеңбер.

Уық

Кереге мен шаңырақты жалғап тұратын сырық.

Сықырлауық (жарма есік) және киіз есік

Киіз есік сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы өткізіп байланады. Сырты киізден, ортасы шиден, астары жарық теріден жасалады.

Үй жиһаздары мен бұйымдары

Киіз үй ішіндегі жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдар күнделікті қажетке жарап қана қоймай, ұлттық ою-өрнек арқылы эстетикалық мән береді.

Абажа
Тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған, кебеженің үлкен түрі. Ағаштан жасалып, киізбен немесе былғарымен қапталады.
Кебеже
Сүт, ет, құрт, шай сияқты тағамдарды сақтауға арналған, өрнектелген ағаш бұйым.
Әбдіре
Зат сақтайтын үлкен сандық. Сырты көбіне қаңылтырмен қапталып, әшекейленеді.
Ағаш төсек
Жату үшін пайдаланылатын үй жиһазы.
Асадал
Тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған үй жиһазы.
Жастықағаш
Ертеде жастықтың астына салынатын ағаш тірек.
Адалбақан
Киім ілуге арналған ағаш бұйым.
Жүкаяқ
Үйдегі жүктің астына қоятын ағаш тіреу.
Сандық
Киім-кешек және өзге де заттарды салуға арналған бұйым.
Төсеніштер
Алаша, киіз, сырмақ.
Тұскиіз
Сәндік үшін төсектің тұсына ілінетін бұйым.
Қоржын
Екі жағы тең етіп тоқылған немесе құрап тігілген, зат салатын дорба.
Аяққап
Ыдыс-аяқ салатын қапшық. Екі беті киізден тігіліп, ою-өрнекпен немесе кестемен әшекейленеді.

Топтық жұмыс: «Астанадан келген хат»

Балаларға Астанадан хат келді. Хатта әр топқа арналған тапсырмалар берілген. Тапсырмалар топпен орындалады.

1-топ: Шаңырақ

Шаңырақтың суретін салыңдар.

2-топ: Уық

Киіз үй неше бөліктен тұратынын санап, санмен айтып беріңдер.

3-топ: Кереге

Берілген пішіндер арқылы киіз үйді құрастырыңдар.

4-топ: Есік

Киіз үйдің ішіндегі үй жиһаздарын атап беріңдер.

Сергіту сәті

Барлығымыз орнымыздан тұрып, қимыл-қозғалыспен сергіп алайық.

Көтеріліп шаңырақ, Уықтары шаншылар. Керегелер керіліп, Өрімдей боп өрілер. Бәріміз жүрсек айналып, Киіз үй боп көрінер.

Дәптермен жұмыс

  • Дәптерден киіз үйдің суреттерін тауып, көрсетілген бөліктердің орналасуын сызықпен белгілеу.
  • Киіз үйдің суретін бояу.
  • «Жолаушыны киіз үйге апаратын жолды көрсет» тапсырмасын орындау.

Сөздік жұмысы (қайталау және бекіту)

Абажа

Тамақ пен ыдыс-аяқ салуға арналған бұйым.

Кебеже

Сүт, ет, құрт, шай сақтайтын, ағаштан жасалған бұйым.

Әбдіре

Зат сақтайтын үлкен сандық.

Асадал

Тамақ пен ыдыс-аяқ салуға арналған бұйым.

Қорытынды және бағалау

Таныстырылым

Әр топ өз жұмысын таныстырып, түсіндіріп береді. Орындалған жұмыстар нәтижесіне қарай балалар «алтын бестікпен» бағаланады.

Күтілетін нәтиже

Білуі тиіс

Киіз үй жабдықтарының атауларын білу.

Түсінігі

Киіз үйдің қазақ халқының тұрмысындағы пайдасын түсіну.

Көрсете білуі

Киіз үй жабдықтарын тұрмыста қолдана алу.