Табиғат мінезі жаттығуы
Тренинг туралы
Бұл тренинг мұғалімдер қауымына арналған. Негізгі ойы — денсаулықтың баға жетпес байлық екенін түсіндіру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру және ұжымдық қарым-қатынасты нығайту.
Мақсаты
Адам денсаулығының қымбат екенін, өмір сүру үшін аса қажетті шарт екенін және ең бағалы байлық екенін ұғындыру.
Түрі
Тренинг
Қатысушылар
Мұғалімдер
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер
- Шарлар
- Плакат
- Бояу қаламдар
Кіріспе ой
Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі. Денсаулыққа көңіл бөлу — өзіңді құрметтеу, өміріңе жауапкершілікпен қарау. Денсаулық — тіршіліктің ең бірінші шарты.
Денсаулық — бар байлығың басыңдағы,
Жайнаған өміріңнің жасыл бағы.
Қастерлеп, мәпелесең, аяласаң,
Бойыңнан кетпес қуат жасыңдағы.
Денсаулық қашаннан да алтынға тең,
Болады болашағың жарқын да кең.
Осы ойларды негізге ала отырып, бүгінгі тренингке қош келдіңіздер!
Тренинг ережелері
- Сөзді бөлмеу
- Бір-біріне кедергі жасамау
- Бірігіп жұмыс істеу
- Өзгенің пікірін сыйлау, намысқа тимеу
- Күлімсіреу
- Кешікпеу
Барысы
I. «Стол резюмесі» танысу тренингі
Әр топ өздерін таныстырып, жақсы ерекшеліктері мен жетістіктерін атап өтеді.
II. Мюнстерберг әдістемесі
Мақсаты: зейіннің таңдамалылығын анықтау.
Нұсқау: көптеген әріптердің ішінде жасырынған тұтас сөздер бар. Міндетіңіз — жылдам оқып отырып, сол сөздердің астын сызу.
АашпгоппартаивнртереЗевнаапташыопккарталыгксағатлыгсабақоыгборпыаукесікрвнбасбалдақинакпотақтагыеоқушыоанмұғалімрыгадиректорвпыкуқызметкерапецуранлвгкдәптершвврткрпденсаулықгушблматабиғатждыгутсчв
Талқылау: ең көп сөз тапқан қатысушылар кімдер?
III. «Мен ғажайыппын» ойыны
Мақсаты: мәдениетті адамның маңызды қыры — айналасымен еркін әрі жағымды қарым-қатынас жасай білуін көрсету.
Нұсқау: екі қолдың көмегімен белгілі бір іс-қимыл көрсетіледі. Сол қимылға сай сөздерді айта отырып орындайсыздар.
Қорытынды: қатысушылар ситуациядан шыға білу дағдысын көрсетті.
IV. «Мен — үйде» және «Мен — жұмыста» жаттығуы (10 минут)
Нұсқау: парақты екі бағанға бөліңіз. Бірінші бағанға «Мен — үйде», екінші бағанға «Мен — жұмыста» деп жазыңыз. Әр ортадағы мінез-құлқыңыз бен жүріс-тұрысыңызды сипаттаңыз.
Талқылау сұрақтары
- 1.Екі жағдайдағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар туралы қандай қорытынды жасайсыз?
- 2.Қай бағанды толтыру жеңілірек болды? Қайсысы көбірек шықты?
- 3.Неліктен екі баған екі түрлі болуы мүмкін?
- 4.Екі бағандағы мінез-құлық толық сәйкес болуы керек пе? Неге?
Қорытынды ой: Басты байлық — денсаулық. Сақтау жолын өзіңіз табыңыз.
V. «Күлкі жемісі» шығармашылық тапсырмасы
Нұсқау: түрлі-түсті шарларға жазылған өлең ұйқастарын тауып, жалғастырыңыз.
Сықылықтап ........................................ күлесің
Түйілді ғой ішегім деп ........................... күлесің
Өзің шошып ........................................ көзіңнен
Сенен таза .......................................... кезіңнен
Күлдіре біл, ........................................ жанның дәуірі
......................................................... кетеді
......................................................... бар уы
VI. «Табиғат мінезі» жаттығуы
Қатысушылар тізбектеле тұрады. Көзді жұмып, өзіңізді табиғат аясында тұрғандай елестетіңіз: күн ашық, айнала шуақты. Кейін көзді ашып, нұсқаушы айтқан табиғат құбылыстарын алдыңызда тұрған адамның арқасына жұмсақ қимылмен бейнелейсіз.
- Жеңіл жел — арқаны жеңіл сипау
- Жел күшейді — арқаны қаттырақ уқалау
- Боран — екі қолмен айналдыра күштірек уқалау
- Сіркіреме жаңбыр — саусақпен жай ғана тамшылату
- Қатты жауын — саусақ ұшымен жоғары-төмен сипалау
- Бұршақ — саусақ басымен қаттырақ соғу
- Аспан ашылды — жылы шуақ сезімін беру
Соңында рөлдер ауыстырылып, жаттығу қайта орындалады.
Талқылау
- Қандай сезімде болдыңыз?
- Қай табиғат құбылысы көбірек ұнады? Неліктен?
- Табиғатта кіммен бірге жүргендей әсер алдыңыз?
VII. «Оның есесіне мен…» жаттығуы
Қатысушыларға аяқталмаған сөйлемдер жазылған карточкалар таратылады. Әр қатысушы сөйлемді өз ойымен аяқтайды.
- Мен бәліш пісіре алмаймын, оның есесіне …
- Мен шаршадым, оның есесіне …
- Мен жақсы билей алмаймын, оның есесіне …
- Мен көп үндемейтін адаммын, оның есесіне …
- Мен көп ұйықтаймын, бірақ оның есесіне …
- Мен жұрттың бәріне бірдей құрметті бола алмаймын, оның есесіне …
- Мен еден жууды ұнатпаймын, оның есесіне …
- Мен Үндістанда болған жоқпын, оның есесіне …
- Мен аса батыл емеспін, оның есесіне …
- Мен өзім туралы көп ойланбаймын, оның есесіне …
- Мен тез ашуланғыш адаммын, оның есесіне …
- Мен соншалықты сымбатты емеспін, оның есесіне …
- Мен тым толықпын, оның есесіне …
- Менің аяқтарым ұзын емес, оның есесіне …
- Менің кемшіліктерім көп, оның есесіне …
- Менің жазуым әдемі емес, оның есесіне …
Қорытынды: қатысушылар өз бойындағы асыл қасиеттер бар екенін және өзін жоғары бағалай алатынын көрсетті. Әрдайым биіктерден көріне беріңіздер.
VIII. «Күннің шуағы» — қорытынды рефлексия
- 1.«Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі» деген сөзді қалай түсінесіз?
- 2.Бүгінгі тренингтен алған әсеріңізді қысқаша жазыңыз.
Қорытынды
«Біз қартайғандықтан ойын ойнауды тоқтатып тұрған жоқпыз, ойын ойнамағандықтан қартаямыз.»
Бернард Шоу
Сау дене, азат ақыл, жарқын көңіл — үшеуі біріккенде өмір мәнді болады. Өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мазмұнды әрі көркем өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау — ортақ міндет.
Бұл өмірді дұрыс өткізгіңіз келсе, дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі екенін ұмытпаңыз.
Тілек:
Әрдайым көңіл-күйлеріңіз көтеріңкі болсын!