Ертегінің мазмұнын ашып талдау

Сабақ туралы мәлімет

Пәні

Әдебиеттік оқу

Мұғалімі

Мағданова Ақсәуле Айдарбекқызы

Сабақтың тақырыбы

Ертегілер: «Сатқын жапалақ»

Сілтеме

Оқулық, сабақ жоспары

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Қолданылатын ресурстар

Суреттер, көрнекіліктер

Мақсаты мен күтілетін нәтиже

Сабақтың мақсаты

Халық ауыз әдебиетінің бір түрі — ертегі жанрының ерекшеліктерімен таныстыру. Оқушыларды адалдыққа, батылдыққа және нысапшылдыққа тәрбиелеу. Ертегідегі оқиға желісінің байланысын және мәтінде кездесетін оралымды сөздердің мағынасын ұғындыру арқылы ойлау қабілетін, байқағыштығын дамыту.

Сабақтың міндеттері

  • Жүйелілік пен көрнекілікті қамтамасыз ету.
  • Тілдік сезімді дамыту.
  • Ертегіні мәнерлеп, түсініп оқуға және мазмұнын айтуға дағдыландыру.

Күтілетін нәтиже

  • Халық ауыз әдебиетінің түрлерімен танысады.
  • Ертегінің мазмұнын ашып талдайды.
  • Топтық жұмыс арқылы сөздік қорын дамытады.

Сабақтың барысы (кезеңдер бойынша)

1) Ұйымдастыру

Оқушылар құстардың суреттері арқылы топқа бөлінеді: үй құстары, дала құстары, жыртқыш құстар. Оқушылар суреттерді таңдап, үш топқа бірігеді.

2) Психологиялық дайындық

Қарлығаш боп ұшайық,
Қане, қанат қағайық.
Қарлығаш боп ұшайық,
Ұшып-ұшып алайық.

Оқушылар хормен қайталап айтады.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып

«Батыр бала Бөген» және «Шұбар ат» шығармалары бойынша мазмұнын сұрау, Шұбар атты сипаттау.

«Ойлан, тап!» — әсірелеу (Шұбар ат)

Әр топ кестені толықтырады. Формативті бағалау қол шапалақтау арқылы жүргізіледі.

I топ

  • Аяғы
  • Шекесі
  • Сауыры

II топ

  • Тұс сырты
  • Құлағы
  • Екі көзі

III топ

  • Танауы
  • Бауыр еті
  • Омырауы

4) Білу: халық ауыз әдебиеті жанрлары

Оқушылардан халық ауыз әдебиетінің жанрларын атау сұралады: ертегілер, төрт түлік туралы жырлар, аңыздар, өтірік өлең, мысалдар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер.

5) «Көршіңе әңгімелеп бер»: ертегі ұғымы

Ертегі — халық ауыз әдебиетінің мол мұрасы. Жазу-сызу болмаған кезеңде ауызша тараған, көбіне қара сөзбен баяндалатын көркем әңгіме. Ертегілерде халықтың тұрмыс-тіршілігі, еңбек кәсібі, ой-арманы, әдет-ғұрпы, мұң-шерi мен арман-мұраты көрініс табады.

Ертегінің түрлері

  • Шыншыл ертегілер
  • Қиял-ғажайып ертегілер
  • Жануарлар туралы ертегілер

6) Қызығушылықты ояту: жұмбақтар

Қызығып әр адам
Ұстап ап даладан,
Жүнінен жұлып ап
Бесікке қадаған.
Бұл қай құс?

Жауабы: үкі

Туысы дейді құстардың,
Інісі дейді тышқанның.
Тышқан да емес, құс та емес,
Екеуінен тыс қалдым.
Бұл не?

Жауабы: жапалақ

Түсіну: Сабақтың тақырыбы қандай болуы мүмкін? Оқушылардың болжамы: жапалақ немесе үкі.

7) Қолдану: құстарға сипаттама және «Қызықты мәліметтер»

Үкі

Негізінен орманды мекендейді, жемін түнде аулайды. Басы үлкен, көздері бақырайған, қауырсындары жұмсақ. Жұбын өмір бойы сақтайды. Дене мөлшеріне қарай 2–12 жұмыртқа басады. Қазақ ұғымында үкінің қауырсыны пәле-жаладан сақтайды.

Байғыз

Жапалаққа ұқсас. Орман байғызы, торғайтәрізді байғыз сияқты түрлері бар. Жартастағы үңгірлерге ұя салып, көбіне 4–6 жұмыртқа ғана табады. Салмағы шамамен 195–260 грамм.

Жапалақ

Қауырсындары қалың әрі қопсып тұрады, сондықтан ұшқанда дыбыс шығармайды. Қорегін көбіне есту қабілеті арқылы табады. Құлақ қалқаны жақсы жетілген. Жемсауы болмайды.

Оқушылар үш топқа бөлініп постер қорғайды: I топ — үкі, II топ — жапалақ, III топ — байғыз. Бағалау: «Бас бармақ» тәсілі.

8) Талдау: мәтінді оқу және мінездеме беру

Ертегінің мазмұны оқылып, талданады. Әр топтан бір оқушы шығып, рөлге бөліп оқиды. Оқиға желісін ашу үшін сызба мен кесте толтырылады.

Сызбаны толтыру

Сүлеймен патшаның сарайы неден салынған?

Кесте: құстарға мінездеме

  • I топ — көк жендет
  • II топ — жапалақ
  • III топ — үкі

9) Сергіту сәті

«Ұшты–ұшты» ойыны: «ұшты» дегенде ұшатын нәрсе айтылса — қол көтеру керек. Ұшпайтын нәрсеге қол көтерсе — ойыннан ұтылады.

10) Жинақтау: «Мен саған, сен маған»

Оқушылар карточкадағы сұрақтарға жауап береді. Мақсат — негізгі ойды жинақтау және кейіпкерлер әрекетін бағалау.

  • Сүлеймен патша қандай бұйрық береді?
  • Үкі інілері Байғыз бен Жапалақты қайда жасырады?
  • Құстарды қыру міндеті кімге жүктеледі?
  • Жапалақ Байғыз інісіне қандай опасыздық жасайды?
  • Ертегіде қандай құстардың аты аталады?
  • Ертегі арқылы адам бойындағы қандай кемшіліктер сыналады?
  • Ертегі қай түрге жатады?

11) Бағалау және кері байланыс

Маған ең қызықты болғаны

Оқушы стикерге жазады.

Маған қызықсыз болғаны

Оқушы стикерге жазады.

Маған ұнағаны

Оқушы стикерге жазады.

Стикерлер смайликке жапсырылады. Мұғалім қысқаша қорытынды жасап, оқушылардың жауаптарына сүйене отырып келесі қадамдарды нақтылайды.

12) Кейінгі оқу

  • Мәтінді мазмұндау.
  • Құстар туралы толық мәлімет жинау (интернет, кітап).
  • Сурет салып келу.