Менің сүйікті ойыншығым қуыршақ
Сабақтың мазмұны
Мектепке дейінгі ұйымға арналған тіл дамыту сабағының сценарийі
Мақсаты
Балалардың сөзді анық айтып, дұрыс сөйлеуіне ықпал ету; сөздік қорын дамыту; ойыншықтардың атауын, түсін және қандай материалдан жасалғанын түсіндіру; ұқыптылыққа, әсемдікке тәрбиелеу.
Негізгі ой
Ойыншықтар әртүрлі материалдан жасалады және олар үлкендердің еңбегімен дайындалады. Сондықтан оларды таза, ұқыпты ұстап, күтіп-баптау қажет.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру және амандасу
Тәрбиеші: Балалар, алдымен қонақтарға сәлем беріп, амандасайық.
Тәрбиеші: Бәрің маған қараңдаршы. Қандай әдемі болып кетіпсіңдер!
Балалар: Қонақтарымыз қандай? — Сұлу, әдемі, әсем.
Психологиялық дайындық
Балалар бір-біріне ойыншықты бере отырып амандасады: «Амансың ба?» және т.б.
2) «Көбелекті ұста» ойыны
Ойын шарты: сендер — гүлсіңдер. Сол гүлге көбелек ұшып келіп қонады. Көбелек қонған бала менің сұрағыма жауап береді.
Сұрақтар
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Күз айларын білесіңдер ме?
- Күзде құстар қайда ұшып кетеді?
- Кім күз туралы тақпақ біледі?
3) Тақырыпқа шығу: ойыншықтар
Тәрбиеші: Балалар, сендер балабақшада және үйде не істейсіңдер?
Балалар: Ойнаймыз.
Тәрбиеші: Немен ойнайсыңдар?
Балалар: Ойыншықпен ойнаймыз.
Тәрбиеші: Қараңдаршы, біздің топта ойыншықтар көп екен. Түрлі ойыншықтар бізге ойнау үшін керек.
Тәрбиеші: Қане, мына ойыншықты ұстап көрейікші. Қандай екен?
Балалар: Жұмсақ.
Материал
Пластмасса
Қатты, берік ойыншықтар.
Материал
Резеңке
Иілгіш, жұмсақтау ойыншықтар.
Материал
Мақта
Жұмсақ, сипағанда жағымды ойыншықтар.
Маңызды ереже
Ойыншықтар үлкендердің еңбегімен жасалады. Сондықтан оларды ұқыпты ұстап, сындырмай, жоғалтпай, таза сақтау керек.
4) Қонақ кейіпкер: Күлдіргеннің келуі
Күлдірген: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе, Күлдірген!
Күлдірген: Аттарың кім? Жасың нешеде?
Балалар: Үш жастамыз.
Күлдірген: Қандай жақсы балалар! Мен керемет сиқыршымын. Балаларыңа бір ғажайып көрсетейін бе?
Тәрбиеші: Балалар, Күлдіргеннің кереметін көрейік пе?
Балалар: Иә, көрейік!
Күлдіргеннің шарты
Әр бала өзінің сүйікті ойыншығы туралы тақпақ айтып береді. Сонда сиқырлы дорбадан сол ойыншық шығады.
Тоғжан — «Қуыршақ»
Сөйлемейсің сен неге,
Тілің жоқ па, қуыршақ?
Жуынбайсың сен неге,
Кірің жоқ па, қуыршақ?
Аяғың бар неге сен,
Жүре алмайсың, қуыршақ.
Нұрасыл — «Доп»
Добым, добым, домалақ,
Қайда кеттің домалап?
Алға сырғып жүгірдің,
Шатырға сен секірдің?
Диас — «Машина»
Үлкенмін ғой, міне мен,
Ойыншықтарды жинаймын.
Машинаға мінер ем,
Кабинаға сыймаймын.
5) «Сиқырлы дорба» ойыны
Балалар дорбадан ойыншықты алып, оны сипаттайды: атауын, түсін, неден жасалғанын және қандай екенін (жұмсақ/қатты) айтады.
Санамақ
Еркебұлан:
Бақшаға жақсы аға,
Көп-көп ойыншық әкелді:
1 балық, 1 аю, 1 үйрек,
1 түлкі, 1 бүркіт.
Шатасып қалма бірақ та,
Бақшаға жақсы аға
Қанша ойыншық әкелді?
Күлдіргеннің қорытынды сөзі
«Ойыншықтар туралы көп біледі екенсіңдер, балалар. Сау болыңдар!»
6) Қорытындылау және бекіту
Тәрбиеші: Балалар, бүгін нелер туралы айттық?
Балалар: Ойыншықтар туралы.
Әділ:
Ойыншықтар қандай әдемі,
Қызыл, сары, қоңыр, көк.
Түрлі-түрлі түстері
Көз тартады өздері.
Айша:
Іші толған бөлменің,
Ойыншығым мол менің.
Босқа тізіп қоймаймын,
Достарыммен ойнаймын.
Мадақтау
Бүгінгі сабаққа балалардың барлығы белсенді қатысып, өз ойларын анық жеткізе білді.
7) Қоштасу шеңбері
Балалар орындарынан тұрып, қол ұстасып шеңбер құрады. Бір-бірінің жылуын сезініп, қонақтармен қоштасады.
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау-саламат болайық.
Сау болыңдар!