Диқан ата

Іс-шара туралы мәлімет

Өтетін орны: ШҚО, Тарбағатай ауданы, Қабанбай ауылы, К. Төгісов атындағы орта мектеп.

Жауапты мұғалім: мектепалды даярлық мұғалімі Баяхметова Жанат Жанахметқызы.

Іс-шара атауы: «Алтын күз сыйы» ертеңгілігі.

Мақсаты

  • Балалардың күз кереметтері туралы түсініктерін қалыптастыру.
  • Эстетикалық талғамын ояту.
  • Сөйлеу тілін және қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
  • Топтық жұмыстар арқылы ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Безендіру және атмосфера

Сынып іші мерекеге сай безендіріледі: шарлар, қанатты сөздер, күз тақырыбындағы көрнекіліктер ілінеді. Күзге байланысты әуен үздіксіз қойылып тұрады.

Сахналық бөлім: Еңбек пен береке жайлы ертегі

Жүргізуші: Ертеде жер бетінде үш еңбекқор қария өмір сүріпті. Бірі — жеміс бағына түрлі ағаш отырғызып, баптап өсірген Бағбан ата. Екіншісі — жер жыртып, дән сеуіп, күндіз-түні тыным көрмеген Диқан ата. Үшіншісі — үйінің жанына үлкен бақша салып, көкөніс өсіріп, арам шөбін жұлып, суарып, баптаған Жомарт ата екен.

Үш қарияның диалогы

Бағбан ата: «Ассалаумағалейкум, құрдастар! Еткен еңбек, төккен тердің жемісін көретін күнге де жетіппіз. Үшеуміздің қайсысымыз көп еңбек еттік деп ойлайсыңдар? Ел-жұрт қайсымызға көбірек құрмет көрсетер екен?»

Диқан ата: «Әрине, маған. Мен ала жаздай бел жазбай дәнді дақылдардың түр-түрін жайқалттым. Ел қамбасын толтырдым: астық ұн болды, тары, күріш, жүгері, күнбағыс жиналды. Қысқа дайындық жасалды, елдің қарны тоқ. Сондықтан маған құрмет көбірек болады».

Жомарт ата: «Жоқ, құрдастар, босқа даурықпаңдар! Сендер сияқты мен де қарап қалған жоқпын. Елдің қыстық қоймасын картоп, қызанақ, қызылша, қырыққабатқа толтырдым. Сәбіз бен қиярдан түрлі салаттар жасалды. Олай болса, құрмет маған да тиесілі».

Бағбан ата: «Ал мені бос отырды деп пе едіңдер? Мен де жеміс бағымда сан түрлі жеміс өсіріп, тосап қайнатуға көмектестім. Иісі аңқыған тәтті жемістерімді кішкентайлар да, үлкендер де сүйіп жейді. Демек, сый-құрмет маған да лайық!»

Алтын Күздің келуі

Үш қария осылайша дауласып жатқанда, сап-сары жапырақтарымен жер жүзіне алтын көрпесін жайған Алтын Күз келіп жетеді.

Алтын Күз: «Армысыңдар, дархан елім! Мен — сары алтындай Алтын Күзбін. Сары желегімді жамылып, сар даламды аралап, сағынып жеттім. Жер бетінде жайқалған Диқан атаның егінін, Жомарт атаның көкөніске толы бақшасын, Бағбан атаның хош иісті жеміс бағын көріп қуандым. Аталар, еткен еңбек, төккен терлеріңіз үшін басымды иемін. Үшеуіңіз де үлкен құрметке лайықсыздар».

Осылайша Алтын Күз үш қарияға халықтың алғыс белгісі ретінде «алғыс медальдарын» табыстайды.

Топтардың таныстырылымы

Алтын Күз балалардың еңбектің жемісін өнер арқылы таныстыруын сұрап, үш топты ортаға шақырады: жемістер, көкөністер, дәнді дақылдар.

1) Жемістер тобы

Ұран

«Иісі жұпар аңқыған, жеміс-жидек боламыз. Дәрумендер мол бізде, күзде пісіп толамыз!»

  • Алма (Алтош)

    Қызыл, сары түсім, домалақ сұлу мүсін. Ағашта өсем салбырап, күзде пісем албырап.

  • Шие (Аяла)

    Қып-қызыл нарттай шиенің өзім. Қызығасың маған, түскенде көзің.

  • Өрік (Ислам Қалов)

    Мына мен өрік — бақшаға көрік. Піскенде жайнап, аласың теріп.

  • Мандарин (Нұрқасым)

    Сарғыш түсті мандарин, ортасында дәні бар. Ауызға салсаң еритін, балдай тәтті дәмі бар.

  • Жүзім (Арнұр)

    Мен жүзіммін, жаңа пісіп үзілдім. Күлгін, жасыл, қара, көк — көркі болам күзіңнің.

  • Алмұрт (Камила)

    Шамға ұқсаған келісті, сопақша бір жеміспін. Алмұрт деген атым бар, тәттісімін жемістің.

  • Банан (Мағжан)

    Адамның күшін арттырам, балбыраған бананмын. Ыстығында өсемін тропикалық аралдың.

Ән:

«Күз жомарт»

2) Көкөністер тобы

Ұран

«Көркі болған бақшаның көкөністері мол қанша. Апам салат жауып алады, қыстық қойма толғанша!»

  • Қызылша (Мадина)

    Көкөністің ішінде менің атым — қызылша. Денсаулықты нығайтып, қызмет етем адамға.

  • Қызанақ (Еңілік)

    Қызара піскен бақшада қызанақты білерсің. Шырыным мен етіме тояттап-ақ жүресің.

  • Сәбіз (Алтынай)

    Қызыл-сары сәбізбін, жер бетінде бұрымым. Көзге берер күш-қуат — дәруменнің бірімін.

  • Тәтті бұрыш (Руслан)

    Түрлерім көп сан түрлі, бұрыш деген мен болам. Тағамның дәмін келтіріп, дастарханды толтырам.

  • Қырыққабат (Алдияр)

    Жайлы жұмсақ төсегім, домаланып өсемін. Қабат-қабат тоным бар, қалай оны шешемін?

  • Картоп (Нұрасыл)

    Отаным менің қиырдан, күз болғанда жиналам. Асыққанда аналар мені табаға қуырады.

  • Қияр (Ернұр)

    Бақшада көп өсетін кәдімгі қиярмын. Жұлып алып жесеңіз, қырт-қырт етіп тұрамын.

Ән:

«Күз»

3) Дәнді дақылдар тобы

Ұран

«Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен. Күзде қамба толады, дәнді дақылдарменен!»

  • Бидай (Каусар)

    Нан анасы — бидаймын, елге астық сыйлаймын. Дәнім толып піскенде, қауызымa сыймаймын.

  • Арпа (Аслия)

    Күміс мұртты арпамын, ырысы мол арпамын. Еңбек етіп баптаған еліме сый тартамын.

  • Тары (Балғын)

    Ақ, қарамын, сарымын — мен өнімді тарымын. Халқым еңбек сіңірсе, қайтарамын қарымын.

  • Сұлы (Ақтілеу)

    Мен сұлымын ұланның, тұлпарына ұнадым. Халқым еңбек сіңірсе, басымды иіп тұрамын.

  • Күріш (Расул)

    Күнді сүйгіш күрішпін, барлық жұртқа ырыспын. Ел мол өнім алсын деп, ала жаздай су іштім.

  • Жүгері (Диас)

    Моншақтай әсем тізілген сап-сары түрім бар. Тойдыратын әрдайым — жүгерімін, біліп ал.

  • Күнбағыс (Диашон)

    Күннің көзін сүйемін, күнге басымды иемін. Тонналап май беретін — күнбағыс деп білемін.

  • Бұршақ (Ақнұр)

    Бойымда көп дәрумен, денсаулыққа қорғанмын. Сондықтан да дұрыс қой, бұршақпен дос болғаның.

Ән:

«Бұл қай кезде болады? — Күз»

Алтын Күздің тапсырмалары: ойындар мен сайыстар

Алтын Күз әр топтан екі баладан шығарып, тапсырмалардың шартын түсіндіреді. Әр ойын соңында ұпай есептеліп, қорытынды жасалады.

І ойын: «Топтастыр»

Араласқан жемістер, көкөністер және дәнді дақылдарды өз тобына бөліп, тиісті себетке жинау керек. Уақыт аяқталғанда ойын тоқтайды, жиналған зат саны бойынша ұпай беріледі.

Ән сүйемелі:

«Табиғатым — тамаша» (Бектасұлы Мағжан)

ІІ ойын: «Сипаттап тап»

Балалардың көзі байланады. Жіпке ілінген жеміс суреттерінің бірін қиып алып, оның атауын, түсін, дәмін, пішінін сипаттайды. Кейін көзін ашып, жауабының дұрыстығы тексеріледі.

Би:

«Испан биі» (Аймұханбетова Алтынай)

ІІІ ойын: «Жапырақ жинау»

Шашылған жапырақтарды түстеріне қарай жинау керек: жемістер — сары, көкөністер — қызғылт сары, дәнді дақылдар — ашық жасыл. Барлығы 20-ға дейін санайды, «20» дегенде тоқтайды. Саналып, ұпай қосылады.

Қорытынды және марапат

Алтын Күз балалардың алғырлығына, тапқырлығына және белсенділігіне ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар көрмедегі мүсіндер мен жұмыстар да шолынып, қосымша ұпай есепке алынады.

Ән:

«Айгөлек» (Мадина Бағалтаева)

«Мен күз мезгілімін, ал сендер — жемістер, көкөністер, дәнді дақылдар — халыққа берер мол сыйымсыңдар», — деп Алтын Күз үш топқа мадақтама қағаздарын және жеміс-жидек таратады.

Қоштасу сөзі

Алтын Күз: «Енді мен қайтайын. Әлі де аралайтын жерлерім бар. Сендер сияқты алтын күз мерекесін тойлап жатқан елдерге барып, қуанышымды жалғастырайын. Қош сау болыңдар!»

Жүргізуші: Алтын Күз халыққа берер сыйының да, балалардың өнерінің де кереметіне дән риза болып аттаныпты. Күз сыйының кереметтері — жемістер, көкөністер, дәнді дақылдар — мектепалды даярлықтың кішкентай оқушылары екен. Ал олардың «Алтын күзі» — ұстаздары Жанат Жанахметқызы болыпты.

Назарларыңызға рақмет! Келесі Алтын күзде жүздескенше!