Қиянат жасамау мәнін түсіндіре отырып, еңбектің заңдылықтарын сақтай білуге үйрету

Сабақ туралы мәлімет

Мектеп

№23 лицей-мектебі

Мұғалім

Балмұханова Н. К.

Тақырып

Еңбек — өмір мәні

Құндылық

Қиянат жасамау

Қасиеттер

  • Ешкімге қиянат жасамау
  • Өзіне есеп беру
  • Ізгі істерді дамыту
  • Көмек қолын созу
  • Еңбексүйгіштік
  • Мейірімділік

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға еңбектің адам өміріндегі маңызын түсіндіру арқылы «қиянат жасамау» құндылығын терең ұғындыру.

Міндеттері

  1. «Қиянат жасамау» мәнін түсіндіру және еңбектің заңдылықтарын сақтай білуге үйрету.
  2. Басқаға қиянат жасамауға баулу; ізгілікке ұмтылу және өз ісіне есеп бере алу дағдыларын дамыту.
  3. Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, көмек қолын соза білуге бағыттау.

Ресурстар

Нақыл сөздер, үнтаспа (әуен).

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: тыныштық сәті («Нұрға бөлену»)

Ыңғайланып отырыңыздар. Денеңізді тік ұстаңыз. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеңізге немесе үстел үстіне қоюға болады. Көздеріңізді жұмуды өтінемін.

Елестетіңіз: күннің нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу тарайды. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Нұр әсерінен түйнек біртіндеп ашылып, балғын да әсем гүлге айналады.

Бұл нұр сіздің ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды тазалап, жүрегіңізді кеңейтеді. Нұрды қолдарыңызға бағыттаңыз: қолдарыңыз мейірімге толып, тек жақсы істер жасауға және өзгеге көмектесуге дайын болады.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз сізді тек игі іс жасайтын орындарға апарады. Нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады.

Нұр құлақтарыңызға бағытталсын: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді. Нұр көздеріңізге жетсін: көздеріңіз әр нәрседен жақсылықты көреді.

Басыңыз түгел нұрға бөленсін: санаңызға тек ізгі, жарық ой келеді. Нұр күшейіп, бүкіл денеңізден сыртқа таралып, айналаңызға сәуле шашсын.

Енді осы нұрды жақындарыңызға — туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тіршілік атаулыға тарасын. Іштей айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын».

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйін жүрегіңізге орнықтырыңыз. Нұрға толы әлем жүрегіңізде сақталсын. Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Аңыз әңгімені оқып, төмендегі сұрақтарға жауап беру ұсынылады:

  • Аңыз әңгіме не туралы?
  • Ықылас неліктен уайымдады?
  • Егер ағайындылар жерден шынымен алтын тапса, өмірлері қалай өзгерер еді?
  • Ата-анаңыз сізді еңбекке қалай баулиды?

3) Дәйексөзді талдау

Абай

Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап.

Дәйексөздің мағынасы талданып, оқушыларға жаттау, дәптерге жазып алу тапсырмасы беріледі. Мұнда еңбектің қуаныш әкелетіні және жалқаулықтың адамды қажытатын әдетке айналатыны ерекше атап көрсетіледі.

4) Әңгімелеу: «Сиқырлы жүзік»

Бір кедей күні бойы жұмыс істеп, қатты шаршайды. Бір арша ағашын әрең кесіп құлатқанда, үстіңгі жағынан екі жұмыртқа домалап түсіп, жарылып қалады.

Біріншісінен бүркіттің балапаны шығып, лезде өсіп, адам бойымен бірдей болады. Екінші жұмыртқадан алтын жүзік шығады. Бүркіт кедейге: «Сен мені құтқардың. Мына жүзік — сиқырлы. Бірақ өміріңде бір-ақ тілек тілейсің. Тілек орындалған соң, жүзік сиқырын жоғалтады. Сондықтан айтпас бұрын жақсылап ойлан», — дейді де, ұшып кетеді.

Егінші қуанышпен үйіне қайтып келе жатып, зергердің дүкеніне соғады. Жүзіктің бағасын сұрағанда, зергер: «Екі алтындай болатын шығар», — дейді. Егінші бұл жүзіктің баға жетпес сиқырлы екенін айтады.

Зергер — арам ниетті адам. Ол егіншіні қонаққа шақырып, түнде жүзігін ұрлап алып, орнына соған ұқсас жай жүзік салып қояды. Ертеңінде зергер үйіне бекініп алып: «Жүз мың алтыным болса…» — деп тілей бергенде, үстіне алтын жауа бастайды. Есігін аша алмай, алтынға көміліп қаза табады. Алтынды көршілері бөлісіп алады.

Ал қайырымды егінші әйеліне жүзікті көрсетіп: «Аллаһ бізге рақым етті. Енді қалаған тілегіміз орындалады», — дейді. Әйелі: «Жер тілейік», — дейді. Бірақ егінші: «Бір жыл тырмысып еңбек етсек, жерді өзіміз-ақ сатып аламыз», — деп көнбейді. Сол жылы өнім мол болып, жер сатып алады.

Келесі жылы әйелі «ат пен сиыр тілейік» дегенде, егінші тағы да еңбекпен алуға болатынын айтады. Бір жылдан соң ат пен сиыр да сатып алады.

Әйелі: «Қаласаң, патша болып, зәулім сарайда тұра аласың. Неге шаршап жүресің?» — дегенде, егінші: «Бір тілектен кейін жүзік сиқырын жоғалтады. Алда қандай сынақ барын білмейміз. Қазір барымызға шүкір етейік», — дейді. Осылайша, олардың келіспеушілігі тоқтап, отбасы адал еңбектің берекесімен бақуатты өмір сүреді.

Жылдар өте егінші дүниеден өткенде, немерелері жүзікті шешпек болады. Бірі: «Атам бұл жүзікті қатты қадірледі, өзімен бірге кеткені дұрыс шығар», — дейді. Сөйтіп, үйге бақ пен береке әкелген жай жүзік егіншімен бірге жерленеді.

Талқылауға арналған түйін

  • Адал еңбек — тұрақты береке.
  • Дүниеқоңыздық пен қиянат — түбі қайғы.
  • Тілек пен мүмкіндікті ақылмен қолдану — жауапкершілік белгісі.

5) Шығармашылық және топтық жұмыс

Оқушыларға «Адам көркі — еңбек» тақырыбында өлең құрастыру ұсынылады.

Абайдың қара сөзінен ой

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық».

Надандық — білім мен ғылымның жоқтығы. Білімсіздік адамды хайуандыққа жақындатады.

Еріншектік — өнердің дұшпаны: талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік соған ілеседі.

Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адамға қиянат жасау — адамдықтан алыстату.

6) Топпен ән айту

Сөзі: Т. Ысмайлов, Г. Сабиолдина Әні: С. Мұхамеджанов

«Еңбекке кел, қалқатай»

Кім сүйеді еңбекті, мен сүймесем,

Ту қададым тың жерге қол тимеген.

Жалқауланбай алыстан ортаға кел,

Кім бар екен еңбекке бас имеген.

А-ей, күрегімді қолға алып,

Би билейін қуанып.

Еңбекке кел, қалқатай,

Білегіңді сыбанып. (2 рет)

Еңбек десе өзіңе тең келмеген,

Бірге жүрші бидайға дестеленген.

Жалқау болсаң ақ саусақ, қызыл тырнақ,

Біз болар ек сендейді ескермеген.

А-ей, күрегіңді қолға алып,

Би билейін қуанып.

Еңбекке кел, қалқатай,

Білегіңді сыбанып. (2 рет)

7) Үй тапсырмасы

А. Қоныс«Сөз құдіреті» мәтінін оқу.

8) Соңғы тыныштық сәті

Баяу әуен қосылады. Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық.

Бүгінгі сабақтан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық — соны ой елегінен өткізейік.

Осының бәрін жүрегімізге сақтап, жадымызға түйіп алайық. Жайлап, көздеріңізді ашуға болады.

Бүгінгі сабақ үшін көп рақмет!