Әлия деген кім

Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Үштөбе ауылы — Сарыөзен орта мектебі

Математика пәнінің мұғалімі: Естайлакова Асем Абусабитовна

Тақырыбы

«Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі»

Мақсаты

  • Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін үлгі ету.
  • Оқушыларға патриоттық және интернационалдық тәрбие беру.
  • Отанды сүюге, елді қорғауға баулу.

Көрнекілігі

Көрнекі жазылған мақал-мәтелдер, карта.

Кіріспе

Тверьдің орманы жас, жері кәрі,
Ата қоныс санайды жұрттың бәрі.
Сол жерде Әлияның қаны сіңді,
Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі.

Мұғалім

Шаттансаң қыз тудым деп қазақ шаттан,
Әлия — Отанына болған мақтан.
Бежаница маңында тұлғасы тұр,
Дегендей: «Ерлікке аттан, ерлікке аттан!»

Мұғалім

Бұл жермен сонау заманда Пушкин өткен,
Желдіртіп қоңыраулы атын жеккен.
Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп,
Қазақтың Әлия қызы қанын төккен.

Мұғалім

Қазақ халқының мәртебесін биікке көтеріп, қазақ қыздарының даңқын асқақтатқан Әлиядай жарық жұлдызымызды мәңгілік мақтаныш ете отырып, оны 1 минут үнсіздікпен еске алайық.

Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол апат-қайғыны.

(1 минут үнсіздік)

Соғыстың басталуы: халықтың ауыр сынағы

1-оқушы

1941 жыл, 22 маусым. Таң шапағы жаңа ғана арайлана бастаған сәтте елімізге қауіп төнді. Фашистік Германия опасыздықпен басып кірді.

Бұлт төндіріп аспаннан,
Талай көзден жас тамды.
Тұтқиылдан жау тиіп,
Қырғын соғыс басталды.

2-оқушы

Отаным, еркелеймін енді кімге,
Өзіңмен нені болса көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің,
Басыңа қатер бұлты төнген күнде.

3-оқушы

Суық хабар сол күні байтақ елімізге, жер-жердегі ауылдарға тарады. Ер-азаматтар асығыс соғысқа аттанды. Қасиетті бейбіт жатқан жеріміз құлақ естіп, көз көрмеген апатқа ұшырады.

Еліміздің жауынгерлері қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша шайқасты; батырлық пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Бұл соғыста Кеңес Одағының өзге республикаларымен бірге Қазақстан да жан аямай күресті.

4-оқушы

Жеңіс жеңіл келген жоқ. Соғыс 50 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Елімізге лаң салған алапаттың жеңіспен аяқталғанына бүгінде 60 жылдан асып отыр.

Мұғалім

Ешкім де, ешнәрсе де, ешқашан да ұмытылмайды. Соғыс өрті қашанда халық жадында!

5-оқушы

Көп қой батыр ағалар,
Халық сүйіп бағалар.
Көп қой батыр ағалар,
Жаттап алар балалар.
Болашақты бізге мирас етем деп,
Қыршын кетті Әлиядай апалар.

Әлия Молдағұлованың ерлігі

Шайқас хроникасы

1944 жылдың 14 қаңтары. Төртінші батальонға жауды Казачиха деревнясынан қуып шығу тапсырылды. Берік бекініс құрған басқыншылар пулемет, миномет және зеңбірекпен оқ жаудырып, біздің сарбаздардың шабуылын тежеді.

Осындай сын сағатта Әлия «Отан үшін алға!» деп ұран тастап, алға ұмтылды. Рухтанған жауынгерлер оқ жаңбырын елемей, дұшпан траншеясына батыл енді.

Негізгі деректер

  • Жауынгерлерді ұрысқа алты рет көтерген.
  • 35-тен аса фашистің көзін жойған.
  • Винтовка нөмірі: 956.

Соңғы сәт

Ұрыс шиеленіскен тұста неміс офицері Әлияның гимнастеркасынан ұстап үлгерді. Әлия бұлқынып шығып, автоматын офицерге бағыттады. Алайда фашист бірінші болып атып қалды. Соңғы күшін жинаған Әлия өзін атқан жауды автоматымен жайратып, өзі ауыр жараланды. Жарасын таңып жатқызғанымен, сұм ажал алып кетті. Қазақтың батыр қызы жау қолынан осылай қаза тапты.

1-оқушы

Жан пида етіп халқына,
Айнымай ата салтынан.
Жете алмай туған ауылына,
Бұлақтың суын кім ішер?
Қобдаға келіп кім түсер?
Құдайым сені тұрғызбай,
Он тоғыз жаста жұлдыздай.

Еліңнің атын шығардың,
Жарқ етіп аққан жұлдыздай.

Соққанда сын сағаттың,
Батыр қызы қазақтың,
Қобдада туып, Невада,
Әлемге атың тараттың.

Бұл сұрапыл жекпе-жекте
Қол бастады Әлия қыз.
Ол жоқ, қалды келешекке
Үлгі болып ерлік аңыз.

Мұғалім

Ерен ерлігі үшін Әлия Молдағұлова Нұрмұқанбетқызына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Әлия туған Қазақстанын, туған жерін шексіз сүйді. Байтақ Отаны оның есімін мәңгі ұмытпайды. Мерген қыздың аты аңызға айналды.

Естелік және бейбітшілік үндеуі

2-оқушы

Жетпіс жыл! Бейбіт көктем таңы атқалы.
Жетпіс жыл! Шуақты күн таратты әнін.
Есімде сонан бері алпыс екі рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

3-оқушы

Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.

4-оқушы

Ау, адамдар, даналар!
Соғысқа қарсы балалар.
Өркендей берсін қалалар,
Гүлдене берсін далалар.
Тыныштық керек — ол үшін!

Мұғалім

Өртенбесін туған жер,
Өркендесін туған ел!
Шайқалмасын асқар бел!
Шайқалмасын шалқар көл!

Қорытынды сұрақтар

Бүгінгі сабақтан қандай ой түйдіңдер?

Біз нені еске түсірдік, нені қайта жаңғырттық?

Әлия деген кім? Оның қандай ерліктерін білесіңдер?