Құрметті аналар мен әжелер

Аналар – асыл қазынам!

Мақсаты

Балаларға 8 Наурыздың Халықаралық әйелдер күні екенін ұғындыра отырып, аналарын ешқашан ренжітпеуге, қолғанат болуға, әрдайым құрметтей білуге тәрбиелеу.

Мерекелік ашылу

Жүргізуші: Қымбатты балалар, сүйікті аналар, құрметті әріптестер! Бүгін біз көктемнің алғашқы мерекесі күні әсем залда 8 Наурыз — Аналар мерекесін тойлауға жиналдық. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Бала, бала, бала деп, Түнде шошып оянған, Түн ұйқысын төрт бөліп, Түнде бесік таянған. Қаймақты сүттей қалқытқан, Суық болса жөргегі — Қорғасындай балқытқан. Айналасына ас қойып, Өзенді көлдей шалқытқан. Қолын қатты тигізбей, Иісін жұпар аңқытқан… Бұл кім?

Балалар: Ана, ана, ана!

Жүргізуші: Құрметті аналар, қадамдарыңызға гүл бітсін! Сіздерге арналған мерекемізді бастаймыз.

Бүгін — Наурыздың сегізі, Сұлулықтың негізі. Әдемі сөз — адамның Анаға айтар лебізі.

Балалардың құттықтауы (аналарға)

Тақпақтар

  • Ерасыл: Таң қалғандай ғалам, кім сұлу адам?
  • Карина: Анам менің сүйіктім, тек өзіңе табынам.
  • Мадияр: Анаң болса қасыңда, басқа бақыт не керек?
  • Ернұр: Мен анамды сүйемін, құшағына енемін.
  • Нәби: «Боташым» дер саған кім сүйікті адам? Ол — менің анам.
  • Санжар Жөлекен: Құтты болсын, анашым, құтты болсын мерекең!
  • Дария: Анам менің «Күнім» дейді, мен қуансам күлімдейді.
  • Қайнар: Ақ анашым, аппақым, өзің жайлы тақпағым. Өзің жайлы әнім де — арнадым саған бәрін де.
  • Амина: Анам менің «Айым» дейді, мен мұңайсам уайым жейді.

Би

«Шөжелерім»

Әжелерге арналған жылы лебіз

Жүргізуші: Бүгінгі мереке күні әжелерімізді де мерекелерімен құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаған. Келесі құттықтауларымыз құрметті әжелерімізге арналады.

Тақпақтар

  • Кәусар: Мені жақсы көреді, күндей күліп жүреді. Көп ертегі біледі, маған айтып береді.
  • Нұржан: Әлпештеген, аялаған, ақ сүт берген апатайым. Сәлем жазып бүгін саған, мерекеңмен құттықтаймын.
  • Мағзұм: Менің әжем мейірбан, мені жақсы көреді. Қажетіне жарасам, жас балаша күледі.
  • Санжар Жолдығали: Әр сөзімді жаттаған, жүрегімде сақтаған. «Анашым» деп мақтанам, айналайын ақ мамам.
  • Бекжан: Ақ қабақты анашым, күн сәулелі анашым. Әлпештеген баласын, айналайын анашым.
  • Ару: Әже деген көп шығар, әжемдей жоқ шығар. Мейірімді бұл кісі — қандай ғажап күлкісі.
  • Азиз: Менің әжем — жыр әжем, шуағы мол, нұр әжем.

Ойын

«Кім тез гүл тереді?»

Сахнаға «Ару көктем» келеді

Есік қағылып, көк көйлек киген Ару көктем залға кіріп келеді.

Ару көктем: Мен көңілді көктеммін, Былтыр келіп кеткенмін. Көзін ашып бұлақтың, Түбіне тал еккенмін. Гүл боп қырда егілем, Дән боп жерге себілем. Жаңбыр болып жауам да, Нұр боп көктен төгілем. Шуағымды төгіп әлемге, Жылуын күннің әкелем. Табиғаттың төсіне Тіршілігін сыйлаймын.

Жүргізуші: Амансың ба, Ару көктем? Ұлан-байтақ жерімізге қош келдің! Шуағыңды мол төге бер.

Көктем: Мынау менің құшағым толы қыр гүлі. Гүлдей жайнаған қыздарға сыйлағым келеді, — деп гүлдерді таратады.

Осы гүлдей құлпыра беріңіздер, аяулы аналар мен әжелер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Көктемге арналған өлеңдер

Жүргізуші: Ал, Ару көктем, балаларымыздың өзіңе арнаған өлеңдерін қабыл ал.

Тақпақтар

  • Аймереке: О, алақай, балалар! Шақырады далалар. Көктем келді гүл алып, құстар келді жыр алып.
  • Арай: Келді көктем күнің, күлімдейді гүлің. Алтын ойлы анам, мерекеңіз бүгін!
  • Аяна: Біз доспыз гүлдермен, текке оны жұлмаймыз. Той күні бір-бірден аналарға сыйлаймыз.

Ән

«Апам үшін»

Аналарға арналған жүрекжарды сөз

Жүргізуші: Ананың әрбір сөзі — жылылыққа толы. Ананың көз нұры мен мейірімі тастай мұзды да жібітеді. Сүйікті аналар, балаларымыздың жылы лебіздерін қабыл алыңыздар.

Тақпақтар

  • Бану: Анамды мен жақсы көрем, айтқан тілін алып жүрем. Қасымда анам жүргенде, шаттанып ойнап күлем.
  • Назерке: Қуанышы баланың — бізді өсірген анашым.
  • Сая: Сенен өскен балалар — батырлар мен даналар. Құттықтаймыз мерекемен, құрметті аналар!
  • Гүлжан: Шашымды өріп тараған, қабағыма қараған. Үлкен-кіші демейді, сыйлайды оны бар адам.

Көңілді қонақ: Сайқымазақ

Музыка ойнайды. Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі мерекеге тағы бір қонақ келе жатқан сияқты.

Көңілді музыка ырғағымен Сайқымазақ кіріп келеді. Сайқымазақ: Жан-жағыма қарасам, қонақтар өте көп екен! Ұлдар да көп, қыздар да көп, Апайлар да мұнда көп. Мен сайқымазақпын, Ақылыма көркім сай. Ұнаймын жұрттың бәріне — Үлкенге де, кішіге. Келіп қалдым мен бүгін, Құттықтауға сіздерді: Аналарды, қыздарды, Сүйікті әжелерді.

Тәрбиеші: Рахмет саған, Сайқымазақ!

Сайқымазақ: Мен билегенді жақсы көремін. Кім менімен билейді?

Би

«Барбарики»

Ойындар мен әндер

Ойын: «Кір жаю»

Шарты: Балалар шелектен жуылған бет орамалдарды алып беріп тұрады, ал әкелер жіпке іледі. Бірінші болған топ шелектерін қолдарына алып, орындыққа отырады.

Ән (Аянаның орындауында)

«Қошақаным»

Ата-аналарға құттықтау сөз кезегі беріледі.

Қорытынды құттықтау

Тәрбиеші: Сүйкімді ғой балалар, өнерлі ғой баршасы. Міне, осындай қойылым көрсетті «Достық» балабақшасы.

Құрметті аналар мен әжелер! Сіздерді «Еркетай» тобының бүлдіршіндері атынан шын жүректен құттықтаймыз. Аяулы аналарымыз, ардақты әжелеріміз, сүйкімді балаларымыз әрқашан аман болсын!

Мекенжай: Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы, «Достық» балабақшасы

Тәрбиеші: Мухамбетова Ж.