Бала адалдықта өссе
Ата-аналарға арналған коучинг-сессия
Тақырыбы: бала тәрбиесінде сенімділік пен қолдау
Баланың бүгінгі жасаған әр қадамы ертеңгі тұлғалық қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Бұл коучинг ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға, қолдауды саналы түрде көрсетуге және сенімді қарым-қатынас орнатуға бағыттайды.
Фокус
Сенім мен қолдау
Негіз
Отбасы — алғашқы орта
Нәтиже
Бірлескен әрекет
Мақсаты
Баланың бүгінгі іс-әрекеті ертеңгі мінезі мен тұлғалық бағытын айқындайтынын назарда ұстай отырып, ата-аналарды тәрбиедегі жауапкершілікке шақыру; балаға сенім білдіру мен қолдау көрсетудің маңызын тереңдету.
Оқыту нәтижелері
-
Баланы адамгершілікке тәрбиелеудегі ата-ана жауапкершілігін жан-жақты сезінеді.
-
Мектеп пен ата-ананың оқу-тәрбие саласындағы міндеттері нақтыланып, өзара қарым-қатынасты жүйелеуге жол ашылады.
-
Мұғалім мен ата-ананың бірлескен жұмысы қолдау тауып, оқу-тәрбие үдерісі сенімді әрі жаңашыл әрекеттерге бағытталады.
Түйінді идеялар
Бала — отбасының алтын тірегі
Ата-ана үшін ең басты құндылық — бала. Отбасы тұлғаны дамытатын ең алғашқы әрі ең ықпалды орта.
Отбасының қоғамдағы миссиясы
Отбасының міндеті — баланы дамытып қана қоймай, өмірге дайындау, рухани жағынан кемелдендіріп, тұлға ретінде қалыптастыру.
Ең өзекті мәселе
Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу — қоғамның маңызды міндеті.
Сенім мен қолдау
Бала әрдайым ата-ананың жылы ықыласын қажет етеді. Қиын сәтте қолдау көріп, өзіне сенім артылған бала алға жылжиды.
Коучинг барысы
1) Шаттық шеңбері
Дөңгеленіп тұрайық,
Керегені құрайық.
Уықтар боп иіліп,
Шаңыраққа киіліп,
Киіз үйді құрайық.
Бүгін біз бір үлкен киіз үйді бірігіп құрағандай болдық. Әр отбасының керегесі берік, шаңырағы биік болсын.
2) Танысу
Бір шаңырақ иелері ретінде жақынырақ танысайық: есіміңіздің алдына сын есім қосып айтыңыз. Мысалы: «Мен сымбатты Сайрангүлмін», «Мен ақкөңіл Анармын».
3) Топқа бөлу
Түрлі түсті кәмпиттер арқылы топтарға бөліну (шамамен 1 минут).
I тапсырма — ой қозғау
Топтық талқылау және қорғау
Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты сұрақтар ұсынылады. Әр топ жағдаяттан шығу жолдарын талқылап, өз шешімін қорғайды.
1-топ
- Бала жақсы білімді болуы үшін ата-ананың міндеті қандай?
- Баланың оқу үлгеріміне отбасы ішіндегі қарым-қатынас әсер ете ме?
2-топ
Сіз жұмыстан ашулы келдіңіз. Балаңыз компьютер алдында отыр, үй жинақталмаған, тамақ дайын емес, сіз тапсырған жұмыстар орындалмаған. Сіздің әрекетіңіз қандай болады?
3-топ
Тоқсандық қорытындыда балаңыз бір пәннен «3» алды делік. Сіздің іс-әрекетіңіз?
II тапсырма — педагогикалық ойындар
Топтық жұмыс
1-топ: «Мақтау» және «Ұрсу»
2 минут ішінде кестені толтыру. Қай бағанда сөздер көп шықты? Неліктен? Қорытынды жасау.
2-топ: қолдау сөздері
Балаңыз бір ісімен қатты қуантса, не айтар едіңіз? Қалай қолдар едіңіз? Мадақ сөздерін айтып, «мәреге бірінші жету» форматы.
3-топ: ситуацияны талдау
«МЕКТЕП» сөзінің әр әрпіне сүйеніп, балаңыздың мінезін сипаттаңыз. Әр топ өз нұсқасын қорғайды.
Сөйлемді аяқтау
I топ
- Егер баланы үнемі сынап отырса — оқуға құлқы болмайды.
- Балаға үнемі күлсе — бұйығы болып өседі.
- Баланы үнемі қолдап отырса — өз қадірі үшін оқиды.
II топ
- Баланы қолдап отырса — ол өз бағасы үшін оқиды.
- Бала төзімділікте өссе — адал болып жетіледі.
- Бала қауіпсіз жағдайда өссе — адамға сеніммен қарайды.
III топ
- Бала кекшілдікте өссе — қатыгез болып өседі.
- Бала адалдықта өссе — адал болып жетіледі.
- Бала түсіністік пен сүйіспеншілікте өссе — бұл әлемнен махаббат табуға үйренеді.
Сергіту сәті
Қысқа сергіту жаттығулары арқылы назарды қайта шоғырландыру.
III тапсырма — жағдаяттарды талдау
Эмпатия және әрекет
1-топ жағдаяты (11 жас)
Ұлы мектептен келе сала: «Құрысын мектеп! Мұғалімдердің бәрі әділетсіз!» деп күйіп-піседі.
Баланың сезімі
Ашу, әділетсіздік сезімі, реніш.
Сіздің әрекетіңіз
Тыңдау, нақтылау сұрақтары, эмоцияны қабылдау, кейін шешім іздеу.
2-топ жағдаяты (5-сынып)
Қызы: «Математикадан болатын бақылау жұмысынан қорқамын» дейді.
Баланың сезімі
Сенімсіздік, уайым, қорқыныш.
Сіздің әрекетіңіз
Қолдау, жоспар құру, бірге қайталау, тыныс алу/демалыс тәсілдері.
Маңызды ескерту
«Сен мүлде дайындалмайсың, сондықтан еңбегіңе қарай аласың!» немесе «Бүгін шаршап тұрмын» сияқты жауаптар балаға немқұрайлықты сездіреді. Шешім қабылдауға асықпай, баланың тыңдауға тұрарлық сезімі бар екенін көрсетіңіз.
Кейде бала сәтсіздікке ұшырағанда, ата-ана «қабілетсіз» деген асығыс қорытынды жасайды. Мұндай баға баланың өзіне деген сенімін төмендетіп, қиындықпен күресу қабілетін әлсіретеді.
3-топ тапсырмасы: өсиет әңгіме
Жағдайлы бір отбасы баласын ешкімнен кем қылмай, барлық мүмкіндігін жасайды: заманауи ойыншықтар, компьютер, тіпті қымбат телефон да алып береді. Бірақ бала бәріне қанағаттанбай, күн сайын ата-анасынан жұмысқа бармауын сұрайды. Ата-анасы бұлай болмайтынын, ақша табу керегін түсіндіреді. Сонда бала ата-анасының күніне қанша табыс табатынын біледі. Сол күннен бастап берілген ақшаны жұмсамай жинайды. Бір күндік табыс көлеміне жеткенде:
«Әке, ана! Бүгін жұмысқа бармай, бір күніңізді маған арнаңыздаршы. Бір күндік табыстарыңызды мен төлейін».
Сіз қалай ойлайсыз: бала неге осылай өтінді? Ата-ананың аялы алақаны балаға күн сәулесіндей; оны ешбір зат алмастыра алмайды.
Мұғалім сөзі және 14 кеңес
Барлық өнеге жанұядан тарайды. Халық тәрбиенің мәнін терең түсінген. «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Бала өсіру — балапан ұшыру емес» деген мақалдар соны айғақтайды.
-
Таңертең (не түсте) сабаққа барарда баланы жайлап оятыңыз. Биязы үніңіз бен жылы көңіл күйіңіз оның бойын сергітсін. Кешегі қателігін қайта қозғап, болмашы нәрсеге жүйкесін жұқартпаңыз. Таңғы астың алдында ұрыс-керіс бастамаңыз.
-
Бала кешігетін болса, «Болды, тез!» деп айғайламаңыз. Ертерек оятпаған — сіздің де жауапкершілігіңіз.
-
Баланы (әсіресе таңертең) ашқұрсақ сабаққа жібермеңіз.
-
«Бұзық болма!», «Тыныш жүр!», «Бүгін 2 алсаң құртамын!» сияқты ескертулерді жиі айтпаңыз. Оның орнына жылы сөз айтып, жақсы баға алуына тілектестік білдіріңіз.
-
Есіктен кіре сала «Бүгін қандай баға алдың?» деп сұрақтың астына алмаңыз. Баланы көңілді қарсы алып, шаршағанын ескеріңіз. Егер ренжіп келсе, «уақытым жоқ» демей, мұқият тыңдаңыз.
-
Бала ашулы болса, бірден сұрақтың астына алмаңыз. Сабасына түскенде өзі-ақ айтады.
-
Мұғалім бір жағдайға байланысты шақырса, ересектердің әңгімесіне баланы міндетті түрде араластырмаңыз.
-
Мектептен келе сала бірден сабаққа отырғызбаңыз. 2–3 сағат ойнап, демалғаны дұрыс; қажет болса, түсте тынықсын. Бесін мезгілі — сабаққа әзірленуге қолайлы уақыт.
-
Бір мезгілде барлық пәнге дайындалуын талап етпеңіз. Үзіліс жасап отыру пайдалы.
-
Сабақ оқып отырған баланың «желкесінен төніп» тұрмаңыз. Дөрекі сөйлемеңіз. Қажет болса көмектесіп, бірге дайындалыңыз.
-
«Егер осыны орындамасаң...» деп қорқыта бермеңіз. Одан да жайлап бағыттап, іске кірісуіне көмектесіңіз.
-
Күн сайын кемінде жарты сағат балаңызбен ештеңеге алаңдамай еркін сөйлесуге уақыт бөліңіз.
-
Балаңыздың көңіл күйі түссе, бірден назар аударыңыз. Ол зорығуы мүмкін.
-
Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, ұстазымен, психологпен немесе дәрігермен кеңесіңіз.
Тест: «Сіз қандай ата-анасыз?»
- Кез келген істі ысырып қойып, балаңызға уақыт бөле аласыз ба?
- Балаңыздың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?
- Қарым-қатынаста жасаған қателіктеріңізді мойындайсыз ба?
- Өз қателігіңіз үшін кешірім сұрай аласыз ба?
- Бала ашуландырғанда өзіңізді ұстай аласыз ба?
- Өзіңізді балаңыздың орнына қоя аласыз ба?
- Сізді мейірімді адам деп сеніммен айтуға бола ма?
- Балаңызға өз балалық шағыңыздан пайдалы мысалдар айта аласыз ба?
- Бала жүрегін жаралайтын сөздерді қолданбауға тырысасыз ба?
- Уәде берсеңіз, оны орындауға ұмтыласыз ба?
- Бір күн балаға еркіндік беріп, өздігінен әрекет етуіне мүмкіндік жасай аласыз ба?
- Басқа бала дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе, елемей қоясыз ба?
- Көз жасы мен еркеліктің уақытша екенін түсініп, сабыр сақтай аласыз ба?
Жауаптарды бағалау
- «Әрқашан» — 3 балл
- «Кейде» — 2 балл
- «Жоқ / келіспеймін» — 1 балл
0–16 балл
Бала тәрбиесі сіз үшін күрделі мәселе болуы мүмкін. Тұлғаны дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог көмегіне жүгінген дұрыс.
16–30 балл
Балаға қамқорлық — маңызды бағыт. Тәрбиешілік қабілетіңіз бар, бірақ кейде қатал, кейде тым жұмсақ болуыңыз мүмкін. Бірізділік пен жауапкершілікті күшейту қажет.
30–39 балл
Бала — өміріңіздегі ең қымбат құндылық. Сіз баланы түсініп қана қоймай, оның ойын сыйлауға және тұлға ретінде тануға ұмтыласыз.
Қорытынды
Бүгінгі кездесуде бала тәрбиесінің оңай емес екенін, оның сан қырлы әдіс-тәсілдері барын байқадыңыздар. Ең маңыздысы — шыдамдылық танытып, балаңызға жылу бере білу. Өсірген ұл-қыздарыңыз әрдайым қуаныш сыйлап, жақсы жетістіктерімен қуанта берсін.
Релаксация
Дельфинтерапия (қысқа тынығу/бейнеролик/әуен арқылы босаңсу).
Кері байланыс
«Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі. «Тілек ағашын» толтыру (шамамен 2 минут).