Барабан соғу

Сабақтың тақырыбы

Еліктеу сөздер туралы түсінік

Сабақтың типі

Жаңа сабақты меңгерту

Сабақтың әдістері

Сұрақ-жауап, ой қозғау, оқушы әрекетін ұйымдастыру, ізденушілік қабілетін ояту

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, слайдтар, шар, сағат, барабан

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Еліктеу сөздер туралы түсінік беру, олардың басқа сөз таптарынан ерекшеліктерін таныту, өмірден түрлі мысалдар келтіре отырып еліктеу сөздердің түрлерін ұғындыру.

Тәрбиелік

Тіл өнерінің құдіретін түсіне білуге, туған жерді сүюге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың сауаттылығын, танымдық белсенділігін, сабаққа қызығушылығын арттыру; сөйлеу мәдениетін, ойды жүйелеу шеберлігін дамыту.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру бөлімі

  • Психологиялық дайындық
  • Оқушылардың көңіл күйін анықтау

2) Жаңа сабақ

Жаңа тақырыпты бастау үшін ортақ сұрақтар қойылады:

а) Сөз таптары қазақ тіл білімінің қай бөліміне жатады?

ә) Қазақ тілінде неше сөз табы бар?

Ой қозғау

Еліктеу сөз туралы не білеміз? Өмір — күрделі құбылыс. Таң атқаннан күн батқанға дейін сан алуан іс-әрекеттің куәсі болып қана қоймай, сол әрекеттердің орындаушысы да боламыз.

Дыбыстық еліктеуіштерді таныту (тәжірибелер)

Оқушылардың назарын аудару үшін бірнеше шағын тәжірибе жасалады. Әр тәжірибеден кейін сұрақ қойылып, жауап арқылы дыбыстық еліктеуіш сөздер анықталады.

1) Сіріңкені жағып, стакандағы суға батыру

Сұрақ: От қалай сөнді?

Жауап: От быж етіп сөнді.

Сұрақ: Дыбысты қай сезім мүшесі арқылы қабылдадық?

Жауап: Құлағымызбен естідік.

2) Сағатты үстел үстіне қою

Сұрақ: Сағат қалай жүріп тұр?

Жауап: Сағат тық-тық етіп жүріп тұр.

3) Барабан соғу

Сұрақ: Барабан не істеді?

Жауап: Барабан дүңк-дүңк етті.

4) Шарды үрлеп, атып жіберу

Сұрақ: Шар қалай атылды?

Жауап: Шар тарс етті.

Талқылау: Жаңа көргендеріңе байланысты қандай қорытынды шығардыңдар?

Нұсқа: Дыбыстарды құлақ арқылы қабылдап, сол дыбысты дәл беретін сөздерді қолданамыз.

Оқушылар дыбыстық еліктеуіш сөздердің ережесін өздері құрастырып, оқулықтағы анықтамамен салыстырады.

Бейнелеуіш сөздерді таныту (тәжірибелер)

Бұл тапсырмаларда дыбыс емес, қимыл-қозғалыс пен көрініс көзбен байқалып, бейнелеуіш сөздер арқылы беріледі.

1) Оқушының атын атап, өзіңе қарату

Сұрақ: Диас қалай қарады?

Жауап: Диас жалт қарады.

2) Шамды жағып, сөндіру

Сұрақ: Шам не істеді?

Жауап: Шам жарқ ете қалды.

3) Мұғалімнің жүріп келе жатып кенет тоқтауы

Сұрақ: Мұғалім қалай тоқтады?

Жауап: Мұғалім кілт тоқтады.

Қорытынды ой: Табиғаттағы және күнделікті өмірдегі дыбыстарды естіп, қимыл-қозғалысты көзбен байқап отырамыз. Осы құбылыстарды тілде дәл әрі әсерлі беру үшін еліктеу сөздер қолданылады.

Оқушылар бейнелеуіш сөздердің ережесін өздері тұжырымдап, оқулықпен салыстырады.

Топтық тапсырмалар

1-топ: Оқулықпен жұмыс

297-жаттығу. Еліктеу сөздерді тауып, қай түріне жататынын анықтаңдар.

2-топ: Оқулықпен жұмыс

304-жаттығу. Еліктеу сөздерді тауып, қай түріне жататынын анықтаңдар.

1-топ: Шығармашылық тапсырма

Суретке қарап, еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерді қатыстырып шағын мәтін құраңдар.

2-топ: Мәтінмен жұмыс

«Менің інім қаз басты» өлеңін оқып, еліктеу сөздерді табыңдар. Осы дәстүр туралы не білесіңдер?

Қосымша тапсырма (1-топ)

Бос орынға тиісті еліктеу сөздерді қойыңдар:

  • _____ жаңбыр жауды.
  • Күн _____ күркіреді.
  • Олар _____ күлді.
  • Уәлихан _____ жымың-жымың етеді.
  • Ай сәулесіне шағылса _____ етеді.
  • _____ сатыр-сұтыр еткен дауыс естілді.

Қорытынды

Не білдік, не үйрендік? Бүгін дыбысты құлақпен, қимылды көзбен қабылдап, сол әсерді тілде дәл жеткізетін еліктеу сөздердің екі түрімен — дыбыстық еліктеуіштермен және бейнелеуіш сөздермен — таныстық.

Үй тапсырмасы

301-жаттығу (шарты бойынша).

Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауы мен белсенділігіне қарай бағаланады.