Ұранмен соғысқа аттану
Еңсесі биік — Ұлы Жеңіс!
Мақсаты
Балаларды адамгершілікке, Отанды сүюге және оны қорғауға баулу; Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру; патриоттық тәрбие беру арқылы өз елін, жерін қастерлейтін саналы да парасатты азамат тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек еткен аналардың тұлғасын, асыл бейнесін ашып, кейінгі ұрпаққа үлгі ету.
Жүргізуші
Тәрбиеші
1945 жылғы 9 мамыр — адамзат аңсап күткен күн, азаттық күрестің айбынды жеңіс күні. Сол күннен бері бейбіт жылдар өтті. Бүгінгі мерекеде балалар Жеңіске арнаған өлеңдерін оқиды.
Балалардың Жеңіске арналған өлеңдері
Жанар
Алақай-ай! Әйгілі! Тоғызыншы мамыр — бүгін. Алғаш күні шаттықтың, Соңғы күні қайғының.
Аяулым
Жеңіс келді далама, Жеңіс келді қалама. Жеңіс келді әке боп, Елдегі бар балаға.
Диас
Жеңіс келді ән болып, Келді ауылға сән болып. Жеңіс келді, алақай — Тоя жейтін нан болып!
Оралхан
Әлем бізді ұққан күн, Жауды ініне тыққан күн. Батыр атам алдынан, Әжем күліп шыққан күн.
Тәрбиешінің сөзі
Жеңіс тек атылған оқпен ғана келген жоқ — ол әнмен де келді. Ән жауынгерлерді алға жетелеп, жігерлендірді; жаңа ерліктерге бастады, үлкен ұрыстарда жеңіс дабылын қақты.
Тақпақтар
Аманжан
Баламын мен бүгінде, Кіп-кішкентай баламын. Ертең мен де өскенде, Ел қорғауға барамын.
Ақниет
Туған жердің әр тасы Маған ыстық қашаннан. Бұйраланған аршасы — Қорғайтын ер боламын!
Айгүл
Елін, жерін сүйетін, Ертеңі үшін күйетін. Рухы биік ұланбыз, Болашаққа сенетін!
Батырларымызды ұмытпаймыз
Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһармандардың есімдері — Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров және өзге де батырлар — тарихта мәңгі қалды. Олардың ерлігін ешкім де, ешқашан ұмытпайды: олар ел бақыты үшін жанын пида етті.
Еске алу
Бүгін жауынгерлер рухына бас иіп, 1 минут үнсіздік жарияланады.
Өсиет пен нақыл сөздер
Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біліп, болашаққа нық қадам басады. Ер жүрек қолбасшы, жазушы, батыр, Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өсиеті — кейінгі ұрпаққа үлгі.
Батыр
Отанға опасызға орын жоқ.
Айкөркем
Ерлік — бірлікте емес, жүректе.
Рамазан
Ерлік — тәрбиеден туады.
Сезім
Үлкенді ізетте, кішіні күзетте көр.
Балалардың ортақ тілегі
Тілектер
- Бейбітшілік болсын!
- Соғыс болмасын!
- Достық болсын!
- Адамдар бір-бірімен тату, дос болсын!
Тәрбиешінің сөзі
Балалардың тілегі — жер бетіне ортақ тілек. Ендеше, осы тілектерге арнап би ұсынылады.
Отаным, еркелеймін енді кімге? Өзіңмен нені болса көрем бірге. Қалайша қабырғама батпас менің, Басына қатер төнген күнге?!
Сарбиназ
Ағалар саптан шықпасын, Аналар қабақ шытпасын. Бақытқа жетіп бар адам, Сәбилер тыныш ұйықтасын.
Аяулым
Тыныштық! Жаса, тыныштық! Осы сөз бізге тым ыстық. Көркейе берсін еліміз, Көркейе берсін ырыс-құт! Жер бетінде тыныштық — Баянды бақыт адамға. Орнатуға баршаға Сәбилік таза көңілмен Ант етеміз!
Сахналық көрініс: 1941–1945 жылдар
Көріністің желісі
Күнделікті ауладағы тұрмыс-тіршілік үстінде радиодан соғыстың басталғаны туралы суық хабар естіледі. Аналар абыржып, ел ішін уайым кернейді. Кейін майданға аттанған сарбаздар, тылдағы еңбек, хат-хабар, ерлік пен үміт көрініс табады. Соңында 1945 жылғы Жеңіс туралы хабар жарияланып, жауынгерлер елге оралады.
Радиодан хабар
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Соғыс басталды. Неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасады.
Ұран
Отанды біз қорғаймыз, Жаудың алдын ораймыз!
Командир: «Отан үшін алға!» — Солдаттар: «Ура! Ура! Ура!»
Майданнан хат (үзінді)
Ұлдың анасына хаты
Хат жазамын майданнан, Мейірімшіл ғазиз анама. Жақыным — жарым дегенмен, Анаңдай жақын бола ма? Көңілінде тілек, көзде жас, Екі қолың жағаңда. Қасірет шегіп, қан жұтып, Сарғайдың ба санаға? Сағынған соң мені ойлап, Жүрегің оттай жанама. Ет бауырың елжіреп, Қайғыра берме балаңа. Сабырдың суын бере көр, Жаныңдағы жараңа. Ажалсыз адам өлмейді, Мезгілсіз шөлмек сына ма? Ердің басы — ел үшін, Арым, жаным садаға. Бұлт жамылып, қар төсеп, Мен жатырмын далада.
Ананың жауабы (үзінді)
Құлыншағым аман ба? Қолыма тиді сенен хат. Хабарыңды естіп, Қуанып қалдым ғаламат. Күніге тоқсан тілеймін, Құлыным, кел деп саламат.
Жаралы жауынгер жайлы
Жүрегім — жалын, ішім — у, Жанымда ауыр жарақат. Суретің келді хатыңда, Шекпен киген жалаңқат. Ерге лайық бес қару, Асыныпсың автомат. Суретіңе қарасам, Емшегім иіп, сүт тамат. Көзімнің жасы төгіліп, Ұйқыдан кетті рахат.
Әлия мен Мәншүкке тағзым
Қайсарлық пен өшпес ерлік көрсеткен қазақтың қаһармандары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы — ел ешқашан ұмытпайды. Өлшеусіз өжеттілік пен жеңіске деген мұқалмас жігер танытқан қос қарлығаштың ерлігі мәңгі жүрегімізде.
Сахнада: Әлия мен Мәншүк туралы көрініс, «Катюша» биі, және ерлікке арналған композициялар орындалады.
Жеңіс туралы хабар
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1945 жыл, 8 мамыр. Совет армиясы неміс басқыншыларын кері шегіндірді.
Жауынгерлер елге оралады. Алдарынан гүл ұстаған қыздар шығып, аналар балаларын құшақтайды. Қуаныш пен ризашылыққа толы би орындалып, көрініс түйінделеді.
Қорытынды сөз және құттықтау
Жеңіс, жеңіс — дастанымның желісі, Хабары жеткен жұртқа «Жеңіс» деген. Шаттық үні шарықтаған ел үстіне.
Сіздерді өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесі — Ұлы Жеңіспен құттықтаймыз! Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік аса қатыгез сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты.
Бейбіт өмір — батырлардың арқасы
Талай жанды қиды ажал балтасы, Жауды жеңіп қайтты ауылға қаншасы. Біздің мына бейбіт өмір алаңсыз — Ел қорғаған батырлардың арқасы.
Ән: «Бейбіт күн тілегі» (Ж. Нәжімеденов)
Жойылсын жалғыз сөз — «соғыс» деген, Оқ дауысы мәңгілік жойылсын. Бомбаның орнын тегістеген Күректер музейге қойылсын. Қайырмасы: Кел, достарым, ән бастадым, Көтеріп жаңғырық! Данасын дала, баласын ана Жоқтамасын мәңгілік! Көктесін жас ағаш одан әрі, Өткен күн қайтадан жанбайды. Сұлудың кестелі орамалы Сүртсін тек тершіген маңдайды. Қайырмасы: Қайғыны білмесін ана жаны, Қазіргі адамда арман — сол. Әлемнің бар сәби балалары Оянсын ұйқысы қанған соң.
Би бағдарламасы
- «Сарбаздар» биі
- «Жеңіс» биі
- Мерекелік шеру
Сұм соғыс қайтып болмасын, Бәйшешектер солмасын. Еліміз бейбіт күн кешіп, Бір Алла өзі қолдасын. Бірлікпен күн кешіп, Бейбітшілік орнасын.
Шараның аяқталуы
Осымен 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған «Еңсесі биік — Ұлы Жеңіс!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын! Сау-саламат болыңыздар.
Тәрбиеші: Ергебек Ж.