Қазақ жері, Қазақ ұлты қандай қиыншылықтарды бастан өткізбеді десеңізші
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстыру; қазақ жеріндегі тұңғыш дербес мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін түсіндіру. Абылай ханның билік саясаты туралы ұғым беру.
Тәрбиелік
Тұңғыш қазақ мемлекетінің негізін қалаған қайраткерлер еңбегін бағалай білуге тәрбиелеу; өз елінің тарихына және адал ұлдарына құрмет сезімін қалыптастыру.
Дамытушылық
Өз бетінше қорытынды жасауға, ойын еркін жеткізуге, ізденіске дағдыландыру; ойлау қабілетін дамыту.
Жүргізуші сөзі
Ғасырлар бойы қазақ халқы кең даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді. Қазақ жерінің ұлан-ғайыр азаттығы үшін талай қайсар батырлар жанын қиды.
Бүгін балабақша қызметкерлері, ата-аналар және балалар жиналған тәрбиелік шара — «Қазақ хандығына 550 жыл» тақырыбына арналады. Бұл ерекше датаның мәні зор: өткенді танып, бүгінгі бірлікті нығайту — ортақ міндет.
Еуразияның қақ ортасында орналасқан қазақ даласы талай халықтың тарихына куә болды. Әр адамның мәдениеті мен қасиеті — өз халқы мен ата мекенін танып-білуімен өлшенеді. Ананың ақ сүтіне жарыған ұрпақ қашанда отаншыл, ұлтжанды болмақ.
Көрініс: «Сұлтандар кеңесі»
Театрландырылған қойылымРөлдер
- Абылай хан — Бауыржан
- Қасым (кіші ұлы) — Дастан
- Уәли (үлкен ұлы) — Бағдәулет
- Әлдебек шешен — Ердәулет
- Алдабек батыр — Мейрамбек
- Байдалы шешен — Абай
- Бекболат шешен — Ернұр
- Әйтеке би — Ғабидин
- Қазыбек би — Мирас
- Төле би — Дияс
Оқиға желісі
Абылай хан жасы ұлғайғанда билерді, болыстарды, ақсақалдарды ордасына жинап, хандыққа өз орнын басатын мұрагерді талқылайды. Ниеті — қалмақ әйелінен туған кіші ұлы Қасымды хан сайлау. Алайда кеңесте шешендер мен батырлар мінезі тәкаппар, елге ауыр болуы мүмкін адамды билікке көтеруге қарсы пікір айтады.
Диалогтар мен шешендік сөздер (үзінділер)
Әлдебек шешен:
Менің атым — Әлдебек,
Сөйлер сөзім әлі көп.
Жан-жағыңа қарашы:
Хан — бір адам, қара — көп.
Атаң Абылай шақырды,
Хан сайла деп — Қасымды.
Уа, сайламаймын Қасымды,
Болмай жатып басыңды.
Кірсіз көктегі ай,
Мінсіз бір Құдай.
Әкең сенің — сарт еді,
Шешең — қалмақ Құралай.
Екеуінен жаралған,
Бойына лас тараған.
Инабат жоқ, ұят жоқ —
Сенсің нағыз сұмырай.
Алдабек батыр:
Руым Ақжол болғанда — Байкелтірдің баласы. Атым Алдабек батырмын. Өз бетіммен келген жоқпын: әкең Абылай шақырды, хан сайла деп — Қасымды.
Байдалы шешен:
Уа, Абылай хан ием, сайлаймын хандыққа Қасым деген балаңды. Бірақ хан болғандай айырмас жақсы менен жаманды, шешіп төре бере алмас адал менен харамды. Ханда қырық кісінің ақылы бар, дегенмен елге әділет керек.
Бекболат шешен:
Уа, Абылай, хан ием!
Хан соқыр болса — халқы қор болады,
Қара соқыр болса — ақылы мол болады.
Инабатты кісіден хан сайласақ —
Көпке тиер пайдасы, әділеті зор болар.
Тәкаппар, кежір адамнан хан сайласақ —
Қаһарын шашып халыққа, айдаһардай сор болар.
Шешім:
Көпшілік Қасымды хандыққа сайламай, Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиді хан көтеруді құптайды.
Абылай хан:
Уа, халқым! Өз орныма кіші ұлым Қасымды емес, үлкен ұлым Уәлиді сайлаймын. Бұған не дейсіңдер?
Уәли хан:
Уа, халқым! Мені хан сайладыңыздар. Халқымның алдында бас иемін. Төрт құбыламды тең етіп, төрт түлігімді сай етемін.
Үш бидің өнегелі сөзі
Әйтеке би
Біз қазақ — бір ұяның балапаны едік,
Қанаттанып, сұңқар болып самғайық!
Біз қазақ — бір шаңырақ, бір қазан,
Бір дастархан боп, атамекенді қамтиық.
Қазыбек би
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Жеріміздің шетін жау шаппасын деп,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Төле би
Атадан жақсы ұл туса,
Елімнің туы болады.
Анадан жақсы қыз туса,
Елімнің гүлі болады.
Музыка ойналып, ту әкелінеді. «Төрт құбыласы тең болсын» деген ниетпен төрт бұрышты етіп ту жасалғаны жарияланады. Соңында: «Уа, халайық, ұлан-асыр той жасайық! Қырық күн ойын, қырық түн тойын жасайық!» деген тілек айтылады.
Өлеңдер мен көркем нөмірлер
Тақпақтар
Түріктің бір бұтағы — қазақ еді,
Қайсар мінез — өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді Қазақ елі.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жетісу, жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында.
Би қойылымдары
- «Ерке сылқым» — Балжан, Жасмин, Венера, Әсем.
- «Қазақ биі» — «Қарлығаш» тобының жігіттері.
- «Шашу» биі — Жібек, Асылай, Аруна, Ақниет, Ақнұр, Адина.
Хор репертуары
Қорытынды ой
Жалпыұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру — маңызды міндет. Президенттің дәстүрлі жолдауында «Мәңгілік Ел» қағидасына айрықша мән берілуі де сондықтан.
«Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деген ұстаныммен, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шара осымен аяқталады. Сау болыңыздар!
Көрерменге арнау (жүргізуші сөзі)
Сәлем бердік кешіміздің көрермені, қазақ — өнердің кені. Тарихи кешімізге қош келдіңіз! Алдарыңызда — болашақтың өрендері.