Оқушылардың пікірлерін тыңдау

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың етістіктің түрленуі бойынша алған білімдерін толықтыру; етістіктің түрлерін меңгерту; мәтінмен және суретпен жұмыс жүргізу; ізденіс пен шығармашылық тапсырмаларды орындау.

Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін және қабілетін арттыру, сөздік қорын молайту, ауызекі сөйлеу тілін дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыларды өз мектебіне және сыныбына ізгі ниетпен қарауға, пәнге қызығушылық пен сүйіспеншілік танытуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Lesson Study

Әдіс-тәсілдер

Топтық жұмыс

Көрнекіліктер

Етістікке қатысты презентация, бейнежазба, кеспе қағаздар және т.б.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің кіріспесі: «Достарым, көңіл-күйлерің қалай?»

Топқа бөлу: фигуралар арқылы. Таңдалған фигураға қарай оқушының мінез ерекшеліктері талқыланады.

Шаршы

Ұйымдастыруға бейім, дәлдікті сүйетін, бақылауға қатаң; ойлаушы, нұсқаушы, ақпаратқа байқампаз; ұқыпты, тазалықты жақсы көреді. Кейде салқынқанды, үндемейтін, қырсық; табанды, еңбексүйгіш, еңбекқор; достары мен таныстары аздау.

Шеңбер

Қарым-қатынасты жоғары бағалайды, кең пейілді; түйсігі жақсы дамыған, шыдамды, эмоциялық, сезімтал, сенгіш. Тез шешім қабылдай бермейді; әңгіме айтқанды ұнатады; көпшіл, ынталы, мейірімді; достары мен таныстары көп.

Үшбұрыш

Көшбасшы, билікке ұмтылады; тазалықты сүйеді; жеңіске құмар, өзіне сенімді, шешім қабылдағыш, батыл. Энергиясы мол, сөзге шешен; кейде шыдамсыз. Қарым-қатынасы кең болғанымен, жақын ортасы шағындау.

Ромб

Көңіл күйі құбылмалы; өз-өзін әрдайым қадағалай бермейді. Көп нәрсе білгісі келеді; батыл, тез қимылдайды, өзгелерге сенгіш; ізденімпаз.

Қорытынды үндеу: «Бүгінгі сабақта бірнеше сатыдан өте отырып, бәріңді білімнің биік шыңына шығуға шақырамын».

Топ басшыларын сайлау

Әр топтан топ басшысы таңдалады.

Бағалау тәсілі

Топ басшылары белсенді оқушыларды «смайлик» арқылы бағалап отырады.

I. «Бәйге» сұрақтары

  1. Етістік дегеніміз не? Сұрақтары қандай?
  2. Есімше дегеніміз не?
  3. Көсемше дегеніміз не?
  4. Етістік түрлене ала ма?
  5. Етістіктің неше шағы бар?
  6. Етістіктің неше райы бар?
  7. Қалып етістіктерін атаңыз.
  8. Етістік сөйлемде қандай қызмет атқарады?

II. Топтық тапсырмалар (жіктеу)

1-топ

«Отыр», «жатыр» қалып етістіктерін жіктеңіз.

2-топ

«Оқы», «жаз» етістіктеріне мақсатты келер шақ жұрнақтарын жалғап, жіктеңіз.

3-топ

«Бар», «кел» етістіктеріне болжалды келер шақ жұрнақтарын жалғап, жіктеңіз.

4-топ

«Айт», «сұра» етістіктерін жедел өткен шақта жіктеңіз.

III. Өлеңмен жұмыс

Берілген өлеңдерден есімше және көсемше тұлғалы сөздерді теріп жазыңыздар.

1-топ

Тау үлкен, адам да таудан үлкен, Өмірдің шын құзынан құрған дүкен. Отанда талайлар бар сол сықылды, Бағасы олқы емес, содан бір кем. Жаралған барлық жаннан адам қымбат, Не терең адамда ғой сыр мен сымбат. Адамның істеп кеткен істері мол, Бетінде ақ қағаздың неше мың қат. Бар ма екен осы адамның алмайтыны, Көп ұшса, құстың да жоқ талмайтыны. Қандай бейнет көрсе де адам талмас, Сондықтан оның ойдан қалмайтыны.

2-топ

Бұл Жарма — аты шыққан үлкен аудан, Жері бай, қары қалың, шөбі қаулан. Бір жағы қарт Семейге жақын барып, Бір жағы Алтын кені Алтай таудан. Шар Жарманың отауы бөлек шыққан, Малды, басты, балалы болғандықтан. Автомобиль, трактор, комбайны, Құралы екі есеге толғандықтан... Өлкеден ел, өрістен мал асқан соң, Өндірісі әр жермен таласқан соң. Ұлды ұяға қондырып Жарма жатыр, Жас ұландай шар жетіп жанасқан соң.

3-топ

Жыл туды, күн жылынып, жаз келеді, Жазбен бірге қалжың сөз, наз келеді. Қиқулап қош айтысып кетіп еді, Қатар-қатар аққу мен қаз келеді. Қара жерге жасартып нұр келеді, Қызық көп, деме жазды құр келеді. Ақ қардан құтқардың ба дегендей-ақ, Құлпырып жер бетіне түр енеді.

4-топ

Сұр бұлт суық көк жүзін орап, Жыл құсы — қонақ, жол шеккен алыс, Мұңайды үнсіз ақ қайың таныс. Жер үрлеп үзіп үкісін тонап, Ауада баяу ұшады қалқып, Төгіліп тынбай жапырақ-жаңбыр. Жаздағы дала жап-жасыл барқыт... Оранған бозғылт тұманға бұлдыр.

IV. Сөз құрамына талдау

Берілген сөйлемдерді сөз құрамына талдаңыздар.

1-топ

  1. Бір күні Мыңбұлаққа, Момышұлының атына Алматыдан соққан жұмбақ телеграмма сарт ете түсті.
  2. Сол сияқты Бауыржан менің бағана, таңертең келген бетте айтқаныма әдейі үндемей отыр ма?

2-топ

  1. Сөйтіп, менің хатым елге, Алматыға қарай бет қойды.
  2. Үшінші қаңтарда, күндізгі сағат екіде лекциямыз басталмақ.

3-топ

  1. Бұл Ерболдың, Ербол сияқты ұлдардың айтатын сөзі.
  2. Сөйтіп менің студенттік дәуірімнің алғашқы күндері өте бастады.

4-топ

  1. Университетке, оның биік-биік аудиторияларына бойым үйреніп, оқушылардың аты-жөнін біліп, біртіндеп көшелі студент қатарына қосылып келе жаттым.
  2. Өстіп отырғанымызда бірнеше минут өтті.

V. Шақ түрлерін ажырату

Берілген мәтінді оқып, етістікті шақ түрлеріне ажыратыңыздар.

1-топ

Шешесі бастауыш мектепте мұғалім болыпты. Әкесі оның сәби шағында шахтада төбесіне тас құлап, дүниеден қайтқан.

2-топ

Қыздың кіші інісі Жүніс сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін жұмыскер болып, жанұяны асырауға кіріскен. Бұған шешесі қатты қуанады.

3-топ

Біраз оқушы жазғы демалыс кезінде тауға серуендеуге шықты. Олар таудың етегіндегі ағашқа келіп, біраз демалып отырды.

4-топ

Қасымның үйі таудағы отарда тұратын, өзі сырттағы мектеп-интернатта оқитын. Қарлы төбешіктерге су құйылып, сырғанақ жасалған.

VI. Синтаксистік талдау

Берілген сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңыздар.

1-топ

  1. Мен ескіше жыл басы деп есептелетін Наурыз күні киіз үйде туыппын.
  2. Мен Қапал қаласынан 30 шақырымдай Қарамола деген жерде керуенге қосылдым.

2-топ

  1. Сол кішкене Көлшүмектің қасында жұмыскерлер жұмыс істеп жатыр.
  2. Әзімхан көп ашулана алмайды.

3-топ

  1. Кешке қарай шеткі ауылдан шуылдаған дауыс естілді.
  2. Окопта бір бала ұйықтап жатыр.

4-топ

  1. Жарық түндерде, жаздыгүні қыз балалар мен ер балалар араласып ойнай береді.
  2. Мен тағы бір нәрсеге қайран қалдым.

VII. Шығармашылық жұмыс

Бейнематериал көрсету

Тақырып: «ЭКСПО-2017».

Тапсырма: ойтолғау жазу және «ыстық орындықта» жұмыстарды оқып беру.

III. Бекіту кезеңі

Тест жұмысы

  1. Етістіктің райы неше түрге бөлінеді?

    A) 2    B) 4    C) 3

  2. Көбіне II жаққа қаратылып, қимылдың орындалуын талап ету мағынасын білдіретін рай түрі.

    A) Шартты рай    B) Бұйрық рай    C) Ашық рай

  3. Іс-әрекеттің іске асу/аспау мүмкіндігінің шартын білдіріп, -са/-се жұрнағы арқылы жасалатын рай түрі.

    A) Шартты рай    B) Бұйрық рай    C) Ашық рай

  4. «Оқуға түскім келеді» — рай түрі.

    A) Қалау рай    B) Шартты рай    C) Ашық рай

  5. Есімшенің жұрнағы.

    A) -ғалы/-гелі/-қалы/-келі    B) -а/-е/-й    C) -атын/-етін

  6. Есімшенің тәуелденуі.

    A) берермін    B) берерім    C) берерден

  7. «Адасқанның айыбы жоқ.» — есімшенің сөйлемдегі қызметі.

    A) толықтауыш    B) пысықтауыш    C) анықтауыш

  8. «Көп сөйлегенді ұнатпаймын.» — есімшенің сөйлемдегі қызметі.

    A) толықтауыш    B) пысықтауыш    C) анықтауыш

  9. Есімшенің көпше түрде жіктелуі.

    A) келгенмін    B) келгенбіз    C) келгенде

  10. Есімшенің септелуі.

    A) көрмесім    B) көрмеспіз    C) көрместен

Қорытынды бөлім

Үй тапсырмасы

Ережені жаттау.

Бағалау

Топ басшылары сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды бағалайды.

Рефлексия

«Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы пікір айту.