Бесік тойы. Қазақ халқы - рухани зор байлықтың мұрагері

Дөңгелек үстел форматындағы ой бөлісу

Салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні

Бүгінгі әңгіме өзегінде — жастар тәрбиесі және қазақы салт-дәстүрдің орны. Қай заманда да адамзат алдындағы ең үлкен міндет — өз ісін, өмірін жалғастыратын саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Рухани кемелдену ең алдымен тәрбие үрдісінде қалыптасады.

Жасөспірімдерді жан-жақты қабілетті, әдепті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлер мен тыйым сөздердің тәлім-тәрбиелік әрі танымдық рөлі орасан. Ұлттық тәрбие — әдет-ғұрыпты сақтауға ғана емес, мейірім мен парасатқа, адамгершілік пен имандылыққа баулитын тұтас жүйе.

Мақсаты

  • Оқушылардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіру; ата-дәстүрді танып, ардақтап, құрметтеуге әрі мақтан тұтуға тәрбиелеу.
  • Имандылық пен адамгершілікке, аталы сөзден ғибрат алуға, әдептілік пен сыпайылыққа баулу.
  • Ой-өрісті кеңейту және шығармашылық қабілеттерді дамыту.

Түрі

Дөңгелек үстел басындағы ой бөлісу.

Әдіс-тәсілі

Сауалнама жүргізу.

Көрнекілігі

Қазақтың ұлттық бұйымдарына арналған презентация және салт-дәстүр тақырыбындағы бейнероликтер.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Жастар тәрбиесі — қазақы салт-дәстүрде» атты дөңгелек үстелімізді бастауға рұқсат етіңіздер. Кездесуімізді «Қазағымның дәстүрлері» әнімен ашуды ұсынамын.

Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері, даналық сөздері мен әдеп ережелері сан ғасыр бойы ұрпақты өнегелі, өнерлі, ар-ожданы биік, намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені — тарихи шындық. Осы құндылықтарды ой таразысына салып, келесі кезекті оқушыларға береміз.

I

Бесік тойы (Бесікке салу)

Бесікке салу — нәрестені бесікке бөлеудің жөн-жосығын сақтай отырып өткізілетін тәрбиелік мәні терең салт. Бұл рәсім көбіне баланы қырқынан шығарғаннан кейін орындалады. Оған дейін сәби жөргекте болады.

Сауалнама сұрақтары

  1. Бесікке салу рәсіміне кімдер жиналады?
  2. Ертеде қазақтар баланы бесікке салғанда бесіктің үстін немен жапқан?
  3. Бесікке салған адамға үй иесі ризашылығын қалай білдірген?

Рәсімнің өту тәртібі

Бесікке салу тойы барынша салтанатты түрде өтеді. Рәсімге ауыл әйелдері, балалар, көрші-көлем, дос-жарандар жиналады. Арнаулы ас әзірленіп, бесікке шашу шашылады. Бесікті арнайы ісмер шебер жасайды.

Иткөйлек кигізілген сәбиді бесікке ауылдың кез келген әйелі сала бермейді. Бұл — елге сыйлы, көпті көрген, ұрпағы өсіп-өнген бәйбіше атқаратын құрметті міндет. Ол әйел нәрестеге арнап иткөйлек тігіп әкеледі.

Иткөйлекке қатысты дерек

  • Жағасы болмайды.
  • Жеңдері өңірмен тұтас қиылады.
  • Тігісі екі бүйірінде ғана болады.
  • Нәрестенің денесіне батпау үшін тігісі сыртынан жөрмеп тігіледі.

Бесікке салған күні нәрестенің қарын шашы алынып, молда ат қояды. Есім азан шақырып жария етіледі: молда жұртқа естірте айтып, кейін баланың екі құлағына жақындатып, «Сенің атың — ...» деп анық жеткізеді.