Хабарлы сөйлемді сұраулы және лепті сөйлемге айналдырып жаз

Қарағанды қаласы, Қазыбек Би ауданы

№6 жалпы білім беретін орта мектебі КММ

Бастауыш сынып мұғалімі: Кордабаева Жұлдыз Мұхаметжановна

Тақырыбы: Лепті сөйлем

Сабақтың мақсаты

  • Жаттығулар арқылы жаңа тақырыпты меңгерту; лепті сөйлем туралы түсінік беру, сөйлем құрату, ой-өріс пен сөздік қорды дамыту.
  • Сауатты жазуға үйрету; іскерлік дағдыларын қалыптастыру; байланыстыра сөйлеу мен жазуды дамыту; тыныс белгілерін дұрыс қоюға дағдыландыру.
  • Жарасымды мінез-құлықты қалыптастыру; әдептілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу; жағымсыз қылықтардан аулақ болуға үйрету.

Сабақ туралы мәлімет

Пән аралық байланыс
Дүниетану, ана тілі
Сабақ түрі
Жаңа сабақ
Көрнекілігі
Сызба, слайд

Қолданылатын әдістер

  • Көрнекі құралдармен жұмыс
  • Өзбетінше жұмыс
  • Сұрақ-жауап
  • Салыстыру, мәнерлеп оқу
  • Интербелсенді тақтамен жұмыс

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушылардың көңіл-күйін бақылау.
  • «Ақ» сөзіне байланысты жылы сөздер айту.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сұрақ:

— Балалар, үйге қандай тапсырма берілді?

Жауап:

— Үйге жаттығу берілді. Қане, оқып шығайық.

III. Өткенді қайталау

Тақырып

Сөйлем және оның түрлері

Анықтама

Сөйлем — адамның аяқталған ойы.

Сөйлемнің түрлері

Сөйлемнің үш түрі бар: хабарлы, сұраулы, лепті.

Сұраулы сөйлем

Жауап алу мақсатымен айтылады. Соңына (?) қойылады.

Мысалы: Сен қай сыныпта оқисың?

Хабарлы сөйлем

Бір нәрсенің жайын хабарлайды. Соңына (.) қойылады.

Мысалы: Менің апам ауылдан келді.

IV. Жаңа сабақ

Бүгінгі сабақтың тақырыбы мен мақсаты хабарланады. Бүгін біз сөйлемнің үшінші түрі — лепті сөйлеммен танысамыз.

Лепті сөйлем — адамның көңіл күйін білдіретін сөйлем. Соңына (!) белгісі қойылады.

Мысалы: Алақай, ертең мен киноға барамын!

Көркем жазу

Пп Пп парта

V. Оқулықпен жұмыс

240-жаттығу (ауызша)

Рольге бөліп оқу

Өлеңді рольге бөліп оқы. Көтеріңкі көңіл күйді білдіретін дауыс ырғағымен айтылған сөздерді тап. Сөйлем соңындағы тыныс белгілеріне назар аудар.

241-жаттығу (жазбаша)

Түрлендіру

Хабарлы сөйлемдерді сұраулы және лепті сөйлемге айналдырып жаз.

Хабарлы

Сыныпта өнерлі оқушылар көп.

Мектеп ауласында әдемі гүлдер егілген.

Сұраулы

Сыныпта өнерлі оқушылар көп пе?

Мектеп ауласында әдемі гүлдер егілген бе?

Лепті

Алақай, сыныпта өнерлі оқушылар өте көп!

Ура, мектеп ауласында әдемі гүлдер егілді!

244-жаттығу

Сурет бойынша әңгіме

Сурет бойынша әңгіме құрастырып, әңгімеге ат қой.

  • Жыл мезгілі: қыс.
  • Балалардың киімі: жылы, әрі жеңіл.
  • Орын: мұз айдыны.
  • Кейіпкерлер: Марат, Әйгерім, Гүлназ.
  • Оқиға: Марат пен Әйгерім кішкентай Гүлназға коньки тебуді үйретіп жүр.
Үлгі атауы: «Қыс қандай көңілді! Алақай, қар жауды!»

VI. Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс

Қане, енді орнымыздан тұрып, бойымызды жазып алайық:

Ұзын құлақ сұр қоян,

Естіп қалып сыбдырды.

Ойлы-қырлы жерлермен,

Ытқып-ытқып жүгірді.

Қарап еді артына,

Қиығын салып көзінің,

Келе жатқан томпаңдап,

Көжегі екен өзінің.

Қосымша сұрақтар

Қоян қандай аң?
Қорқақ, үркек.
Оның қандай түстері болады?
Ақ және сұр.
Неліктен түсі өзгеріп отырады?
Жауларынан қорғану үшін.

247-жаттығу: берілген сызбалар бойынша сөйлем құра.

Қорытынды

Сұрақ

Лепті сөйлем дегеніміз не?

Сұрақ

Лепті сөйлемнен кейін қандай тыныс белгісі қойылады?

Үй тапсырмасы

242-жаттығу.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының толықтығы, сауатты жазуы және тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.