Өрнек әже

Ұйымдастырылған оқу қызметі Тақырып: Өрнек әжеге қонаққа барамыз

Бұл ұйымдастырылған оқу қызметі қазақтың ою-өрнек өнерін танытуға, қолөнердің маңызын түсіндіруге және дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер арқылы жапсыру дағдыларын дамытуға бағытталған.

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Ою-өрнек туралы мағлұмат беру.

Білімділік

  • Балаларды қазақ халқының қолөнерімен таныстыруды жалғастыру.
  • Қоғам өміріндегі еңбек пен халық қолөнерінің рөлін түсіндіру.
  • Дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер арқылы ою-өрнекті жапсыруды үйрету.
  • Қайшымен жұмыс жасау дағдыларын бекіту.

Дамытушылық

  • Есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Саусақтың ұсақ бұлшықеттерін жетілдіру.
  • Зейін мен елесті дамыту.

Тәрбиелік

  • Қазақ қолөнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Ою-өрнектердің сыры мен қырын тану арқылы шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, шапшаңдыққа баулу.

Дайындық: көрнекіліктер мен тілдік компонент

Көрнекіліктер

Киіз үй Үй жабдықтары Ұлттық киім-кешек Ұлттық бұйымдар Ою-өрнек суреттері Үлестірмелі материалдар Желім Сулық

Билингвальды компонент

Ою-өрнек
Ornament
Киіз үй
Yurta

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Алақанды ашайық, Күннің нұрын салайық. Жүрек жылуын салайық. Жиналған бар жылуды, Қонақтарға шашайық.

Ғажайып сәт

Топқа көңілсіз күйде «қошқармүйіз» оюы келеді.

Тәрбиеші: Балалар, бұл «қошқармүйіз» оюы емес пе? Ою, сен неге көңілсізсің?

Қошқармүйіз оюы: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Мен Өрнек әженің қошқармүйіз оюымын. Достарымнан ажырап қалдым. Маған оларды табуға көмектесесіңдер ме?

Балалар: Иә, көмектесеміз.

Қошқармүйіз оюы: Рахмет, балалар!

Саяхат: Өрнек әжеге жол

Тәрбиеші балаларға ауылға баратын жолдың алыс екенін түсіндіреді. Олар ат арбамен жолға шығып, музыка әуенімен ауылға жетеді.

Өрнек әже: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қош келдіңдер!

Балалар: Сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай, Өрнек әже?

Әже: Жақсымын, бірақ далаға көңілді оюларымды ойнатуға шыққанымда, қошқармүйіз оюымды жоғалтып алдым.

Тәрбиеші: Өрнек әже, қамықпаңыз. Біз сіздің адасып қалған оюыңызды алып келдік.

Әже: Сендер мені қатты қуанттыңдар. Келіңдер, төрлетіңдер.

Киіз үй және ұлттық бұйымдар

Балалар Өрнек әженің үйінің әсемдігіне назар аударады. Үйдің атауы — киіз үй.

Киіз үй ою-өрнекпен безендіріліп жасалған. Бұрын ата-бабаларымыз осы киіз үйде өмір сүріп, ұлттық тұрмыстық бұйымдарды кеңінен қолданған.

Тұрмыстық бұйымдар

Сандық, көрпе, жастық, киіз, торсық.

Киім-кешек пен қолөнер үлгілері

Кимешек, камзол, мәсі, сырмақ.

Қазақтың ұлттық бұйымдарының көпшілігі ою-өрнексіз елестетілмейді.

Ою-өрнектің мәні мен мазмұны

Ирек

Су, ағыс.

Дөңгелек

Ай.

Құсқанаты

Еркіндік, азаттық, бейбітшілік.

Қошқармүйіз

Молшылық, байлық.

Балалардың шығармашылық сөзі: тақпақтар мен мақал-мәтелдер

Қолтаңбасын әжемнің анық көріп, Бұл кестенің сырына қанық болып, Өнерімен өзгелерді тамсандырған Қошқармүйіз өрнегін салып беріп.

Қазақта бір ою бар — қошқармүйіз, Орын алар тұрағы — көрпе-киіз. Шеберлер осы өрнекпен сәндегенде, Көз тартып құбылады оюымыз.

Ою-өрнек дегенде — ою-өрнек, Көріп жүрміз күнде біз. Алашада, кілемде, киізде ою-өрнек, Бүгінгі күн жоғалмай ұрпақтарға Жалғасуда ою-өрнек.

Мақал-мәтелдер

  • Ою ойғанның ойы ұшқыр.
  • Өнер тамған — он саусақ, үзілмейтін ырысың.
  • Өнері жоқ — он саусақ, бар болмай-ақ құрысын.
  • Шебердің қолы — алтын. Шешеннің сөзі — алтын.
  • Ою ойған — сызу да сызады.
  • Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сызады.

Әжем өрнек тереді. Сырмақ отыр оюлап, Басы ауыра береді, Шай ішпесе қоюлап.

Шеберхана жұмысы: көрпешені оюлап жапсыру

Өрнек әже балаларды шеберханасына шақырып, әдемі көрпешені оюлап жапсырудың әдісін түсіндіреді. Үстел үстінде қажетті құрал-жабдықтар дайын тұрады.

Жұмыс кезеңдері

  1. 1Ою үлгісін таңдау және бөліктерін дайындау.
  2. 2Қайшымен қауіпсіз жұмыс жасау ережесін сақтау.
  3. 3Бөлшектерді ретімен орналастырып, жапсыру.
  4. 4Жұмысты ұқыпты аяқтап, үстелді жинастыру.

Жұмыс соңында Өрнек әже балалардың жұмыстарын қарап, жылы пікірін білдіреді.

Қонақкәде және өнер көрсету

Өрнек әже: Балалар, сендерден қонақкәде сұрағым келіп тұр. Қандай өнерлерің бар?

Балалар: Біздің қыздар «Өрнектер» биін билейді.

Өрнек әже: Рахмет, балалар! Билерің маған қатты ұнады.

Тәрбиеші: Өрнек әже, сізге көп рахмет! Біз сізге әлі де келеміз. Сау болыңыз!

Қорытынды: балабақшаға оралу және бекіту

Балалар ат арбаға мініп, балабақшаға оралады. Тәрбиеші бүгінгі саяхат туралы сұрақтар қойып, алған әсерлерін бекітеді: қайда бардық, қандай оюлармен таныстық?

Қимыл-қозғалыс арқылы оюларды көрсету

Бас бармақты бассам егер, Ботакөз боп шығады. Алақанды ашсам егер, Бестаңба боп шығады. Егер жұмсам алақанды, Тарақ оюы шығады. Оюларды білетін, Мен қазақтың баласы.

Тәрбиеші балаларды мадақтайды.