Құрметті аналар мен әкелер
Бар білімге бас болған – әліппе, ғылым анасы!
Барлық кітаптың атасы – Әліппе. Әліппені алғаш қолға алған сәт әр адамның жадында ұзақ сақталатыны анық. Сол сияқты, әліппемен қоштасу да бірінші сынып оқушылары үшін өміріндегі елеулі белес.
Төменде ұсынылған “Бар білімге бас болған – әліппе, ғылым анасы!” атты сабақ – соның нақты дәлелі. Әліппенің арқасында 42 әріпті таныған оқушылардың қуанышы оқырманның да көңіліне жылу ұялатады.
Сабақтың тақырыбы
Бар білімге бас болған – әліппе, ғылым анасы!
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Сауат ашу пәні бойынша алған білімді тиянақтау, өнерлерін ата-аналарға көрсету, белсенділікті арттыру, ұжымшылдықты күшейту.
2) Дамытушылық
Тапсырма орындау барысында ойды еркін жеткізу, толық жауап беру, қабылдау, зейін қою және есте сақтауды дамыту.
3) Тәрбиелік
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бірін-бірі сыйлауға, кеш барысында өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу; эстетикалық талғамды қалыптастыру; ана тілін сүйіп, қастерлеуге баулу.
Сабақтың барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгін сіздер 1 “Ғ” сыныбының оқушылары алғаш рет қолдарына қалам ұстап, әріп таныған қасиетті Әліппемен қоштасу ертеңгілігіне келіп отырсыздар. Егемен еліміздің мерейі үстем тұрған шақта, бүгін сіздер үшін қуанышқа қуаныш қосылатын күн. Ол – ғалымның анасы, болашақтың данасы Әліппемен қоштасу тойы!
Негізгі ой
Әліппе – баланың оқу жолындағы алғашқы қадамы, білім әлеміне ашылған есік.
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып, жазатын хәлге жетті,
Құтты болсын білімі балалардың!
Ата-ана қуанып, шаттанады,
Оқыды деп баласы мақтанады.
Барлық маман алдынан кім шығыпты?
Барлық маман мектептен басталады.
Шын ниетпен құрметімізді білдіріп, 1 “Ғ” сыныбын ортаға шақырамыз!
Жүргізушілер диалогы
1-жүргізуші (Бағдат)
Шахназар, мен бір түрлі жүрексініп тұрғандаймын.
2-жүргізуші (Шахназар)
Неге жүрексініп тұрсың?
Бағдат
Қонақтар өте көп, сөздерімді ұмытып қалатын сияқтымын.
Шахназар
Келген қонақтар – өз ата-аналарымыз бен құрметті ұстаздар. Қорықпа, қасыңда мен тұрмын. Бастай бер.
Сәлемдесу
Бағдат: Құрметті аталар мен әжелер!
Шахназар: Құрметті аналар мен әкелер!
Бағдат: Бізге қызыға қарап отырған іні-қарындастарымыз!
Екеуі бірге: Баршамызға мереке құтты болсын!
Қоңыр күзде қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бүгін үлкен бір асудан өтті: қазақ тілінің 42 әрпімен танысып, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратты. Енді олар Әліппені аяқтап, “Ана тілі” оқулығына қадам басады.
Басты кейіпкер: Әліппе
Жұмбақ
Бар білімнің бастауы, жас балаға нұр шашқан —
қандай кітап тіл ашқан?
Жауабы: Әліппе.
Әліппенің сөзі
Құрмет көрсеткендеріңізге үлкен рахмет. Мен сендердің қуаныштарыңды бөлісуге келдім.
Жүргізуші: Әліппе, бүгін ерекше кешіміздің құрметті қонағы өзіңсің. Балалардың өнерін тамашалай отыра ғой.
Жанбота:
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Аружан:
Ең алғаш алғанымда әліппені,
Қызыға қарап бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Дияр:
Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.
Алмас:
Соңғы рет мен қолыма әліппе алам,
Жарық менің сыныбыма апарам.
Құдіретті әліппеме айтамын:
Бас иеміз! Мың алғыс бізден саған.
Ән
Сәлем, әнші халайық! Қане, көпке лайық. Әуезді де көңілді, әсем әнге салайық.
Хор: “Әліппе әні”.
Марғұлан:
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны әліппе.
Жаныс:
Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес бұл жол да —
Тырысып бақ намысқа.
Аида:
Әріптерді жаттаймыз,
Есте мықты сақтаймыз.
Ұмытпаймыз бәрін де —
Атын, затын, түрін де.
Алина: Әліппемен қош айтысып қаламыз, енді қолға “Ана тілі” оқулығын аламыз. Ата-ана, қуанышқа ортақ бол — сауатты болып шықты міне балаңыз.
Ерасыл: Бәрімізді сүйіп өткен, балаларға үйреткен Әліппе мен ұстазға бас иеміз құрметпен.
Хормен ән: “Мұғалім”.
“Әріптер сөйлейді” бөлімі
Бұл бөлімде балалар әріптер арқылы тәртіп, білім, Отан, достық және отбасы құндылықтарын көркем сөзбен жеткізеді.
Аида
Әдеп, тәртіп білеміз.
Әдеппен сөйлеп, күлеміз.
Әрқашан жұрт алдында
Әдеп сақтап жүреміз.
Мирас
Өсті біздің санамыз,
Өмір сүйген баламыз.
Өлең-жырды жаттаймыз,
Өнер сырын табамыз.
Айзада
Отанымыз – анамыз,
Отан сүйген баламыз.
Оқып, білім аламыз,
Оты болып жанамыз.
Сымбат
Отан – менің жүрегім,
Отан – менің тірегім.
Отан – сенің саяңда
Бақыт құшып жүремін.
Айбат
Отан – менің өз елім,
Отан – туған өз жерім.
Отан – далам, өзенім,
Гүлдей жайнап өсемін.
Дильназ
“Гүлім” дейді анасы,
“Гүл қыз” дейді ағасы.
Гүлдей жайнап жүреді,
Гүлімнің зор санасы.
Томирис
Баба – қарт, киелі,
Баласы бас иеді.
Бала – бауыр еті деп,
Баласын ол сүйеді.
Темірлан
Досты сыйлау – салтымыз,
Достық жасау – шартымыз.
Достық жасап бар елмен,
Достасады халқымыз.
Бағдат
Жақсы көрем інімді,
Жақын бауыр күнімді.
Жалынды жас әдепті,
Жарқын інім білімді.
Әли
Ардақтымыз анамыз,
Аялаған баламыз.
Ақыл, сана, ой берген,
Ана тілін аламыз.
Әліппемен қоштасу және “Ана тіліне” жол
Әліппенің батасы
Рахмет, балалар! Сендерге шаттық пен білім тілеймін. Қош болыңдар, құрметті шәкірттер! Сендерге құр келмедім: “Ана тілі” атты әпкем бар, енді сендерді сол жетелейді.
Ана тілінің сөзі
Сөйлетер сөзді шебер ғып,
Өзіңнің ана тіліңмін.
Байыппен жақсы оқысаң,
Негізі болам білімнің.
Сұрақ-жауап
Сұрақ: Біз не үйрендік?
- 42 әріпті тануды;
- 10-ға дейін санауды;
- үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді;
- білім мен ғылымды ұштастыруды;
- Отанды қорғауға даяр болуды;
- адал, еңбекқор, талабы биік, парасатты азамат болуды.
Барлығы бірге: Уәде етеміз!
Көріністер мен билер
Көрініс: “Апасы мен немересі”
- Апасы – Алмас
- Немересі – Дильназ
- Мұғалім – Аружан
Көрініс: “Әкесі мен баласы”
- Әкесі – Темірлан
- Баласы – Әли
Би: “Пингвиндер”
Алина, Айгерім
Көрініс: “Бауырсақ” ертегісі
- Бақылаушы – Сымбат
- Жүргізуші – Айзада
- Шал – Жанбота
- Кемпір – Бағдат
- Бауырсақ – Нүрсәт
- Реквизиторлар – Шахназар, Марғұлан
Би: “Қоңырау”
- Айбат – Аида
- Әли – Томирис
- Шахназар – Бағдат
- Мирас – Айгерім
- Нүрсәт – Алина
Қорытынды сөз
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Аз ғана уақыт ішінде үйренген-білгенімізді сіздердің алдарыңызда көрсетуге тырыстық. Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет. Біз қыркүйектен бері оқуды, жазуды, санауды, қосуды және азайтуды үйрендік.
Мұғалімнің тілегі
Алда үлкен міндет тұр. Біз білімнің әлі басында ғана тұрмыз. Сондықтан сендерден үлкен үміт күтемін: жақсы оқып, белсенді болып, өнерлеріңді көрсетіп жүріңдер. Алдарыңда биік асулар бар — сол асулардан сүрінбей өтулеріңе тілектеспін!
Бастауыш сынып мұғалімі: Қанат Назерке Қанатқызы