Оқушыларға жанашырлық туралы түсінік беру
Сабақ жоспары
Мектеп
Қарашоқы орта мектебі
Мұғалім
Манбаева Алия Дюсенказыевна
Тақырып
Жанашырлық — жанға қуат
Құндылық
Сүйіспеншілік
Қасиеттер
- Мейірімділік
- Адамгершілік
- Жанашырлық
Мақсаты
Оқушыларға жанашырлық туралы түсінік бере отырып, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері
- Оқушыларға жанашырлық туралы түсінік беру.
- Оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерін дамыту.
- Мейірімді болуға тәрбиелеу.
Ресурстар
Өзін-өзі тану (6-сынып) оқулығы, әдістемелік нұсқаулық, дәптер, ватман, түрлі түсті қаламдар.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Түгендеу.
- Сабаққа зейін қою.
2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады.
Балғын әрі әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды, тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің «қауызын» ашады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды да, біртіндеп күшейе түседі.
Нұрдың таралуын елестету
- Қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп сәуле шашады. Қолдарыңыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.
- Аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз нұр шашып, сізді жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады.
- Ауыз бен тіліңізге жетсін: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады.
- Құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлағыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді.
- Көздеріңізге жетсін: көзіңіз жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық табады.
- Басыңызға толсын: ойыңызға тек сәулелі, жарқын ой келеді.
Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден шығып жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттайық — олардың да жүрегі нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша қайталаңыз:
«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен нұрмын…»
Нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
3) Үй тапсырмасын тексеру
«Оқып үйренейік» айдарымен берілген мәтінді оқып келу тапсырылды.
Талдау сұрақтары
- Арноның өз өміріне риза болмау себебі неде?
- Арноның жүрегін не жылытып, өмірге басқа көзқараспен қарауына әсер етті?
- Арно жан рақатын қалай тапты?
Ескерту: 6-сыныптың «Өзін-өзі тану» оқулығы және әдістемелік нұсқаулық.
4) Дәйексөз
«Өзіңе де, өзгеге де жақсылық тіле…»
(Дәптерге жаздыру, дауыстап оқыту)
Сұрақтар
- Жақсылық дегеніміз не?
- Өзімізге жақсылықты қалай жасаймыз?
- Өзгеге жақсылықты қалай жасаймыз?
Оқиғаларды әңгімелеу (мұғалім сыйы)
«Таза бұлақ» (Ы. Алтынсарин)
Үш жолаушы бір бұлақтың басында кездесіпті. Бұлақ тастақ жерден шығып жатыр екен. Айналасын қалың ағаш қоршаған, жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп тұрады. Суы мұздай салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сондай әдемі, таза бұлақ болыпты.
Су шыққан жерге біреу қазандай тасты ойып, қорғаныш жасапты. Тастың суағар тұсына мынадай жазу жазылған екен:
«Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол»
Үш жолаушы бұлақтан ішіп, жазуды оқиды. Біріншісі — саудагер: «Бұл ақыл сөз. Бұлақ күн-түн тынбай ағып, алысқа барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді; оған басқа бұлақтар құйып, ақырында үлкен өзенге айналады. Мағынасы — адам да тынбай еңбек етсін, жалқауланып тоқтап қалмасын. Сонда мақсатына жетеді», — дейді.
Екіншісі — мүсәпір молда басын шайқап: «Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл бұлақ кімге болса да даяр: ыстықтағанды салқындатады, сусағанның шөлін қандырады, ешкімнен ақы дәметпейді. Демек, біреуге жақсылық етсең, оны міндет қылма», — дейді.
Үшіншісі — көрікті бір әдемі жігіт — үндемей тұрады. Жолдастары: «Сен не ойлайсың?» — деп сұрағанда, жігіт былай дейді: «Менің ойыма басқа нәрсе келеді. Егер бұлақ суы бір орында тұрып қалып, шөп-шалам түсіп, лайланып кетсе, адам да, жануар да оған құмартпас еді. Бұлақтың күні-түні тынбай ағып, тазарып тұратыны үшін қадірлі. Олай болса, жазудың мағынасы — көңіліңді де, бойыңды да осы бұлақтай таза сақта. Неге десең, бұлаққа күн түссе — күннің, шөп түссе — шөптің сәулесі көрінеді. Көңілің де сондай мөлдір болсын», — дейді.
Талдау сұрақтары
- Бірінші жолаушы жазудың мағынасын қалай түсіндірді?
- Екінші жолаушы қандай ой айтты?
- Үшінші жолаушының жауабы қандай болды?
- Осы әңгімеден қандай ой түйдіңдер?
Шығармашылық іс-әрекет (топтық жұмыс)
Ұйымдастыру
- Оқушыларды екі топқа бөлу.
- «Әдептілік» тақырыбында сөзжұмбақ құрастыру.
Қажетті құралдар
- Ватман
- Түрлі түсті қаламдар
Топпен ән айту
«Балдәурен»
Балдәурен — көктем асығып жеткен шағала күндер,
Базарлы маусым, шырқалған даусым — тамсанып әсем.
Балауса балғын, шырқалған даусым — барады көктем,
Тербелеп билеп, жайқалып билеп, ән салып әсем.
Қайырмасы:
Балдәурен, балауса ән-дәурен,
Келеді қанатына самғаумен.
Көңілдің ұшырып аққуын —
Балауса бал бұлақ, балдәурен.
Жанына ыстық, жүрекке жылу, көңілі сұлу,
Тояды көзің — балдәурен кезің, уақыт-ау, уақыт.
Даламдай дархан, тауымдай биік, көңілі сұлу,
Тояды көзің, айтшы сен өзің — уақыт-ау, уақыт.
Үй тапсырмасы
6-сыныптың «Өзін-өзі тану» оқулығы бойынша тапсырмаларды орындау.
Сабақтың соңғы тыныштық сәті
Оқушылар тыныштық күйінде бүгінгі сабақтан алған әсерлерін жүректеріне түйіп, өз бойларындағы жанашырлық пен мейірімділік сезімін нығайтады.