Таңбалары бірдей сандардың көбейтіндісі қандай сан
Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру, математикадан алған білімін қорытындылау және тәлім-тәрбиесін қалыптастыру мақсатында сыныптан тыс өткізілетін шаралардың маңызы өте зор.
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Уа, халайық! Бәріңе бірдей жар салайық: математика тілін үйренем деушілерге, математика тілін білмек ойы барларға бүгін болатын сайысымызды бастаймыз.
Ғылымдардың патшасы атанғансың, Евклид пен Пифагордан бата алғансың. Төзбейтін өтірікке, жалғандыққа — жасықтан емес, қаталсың. Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін нағыз пән — математика!
Уақытында математика сырын түсінбей, кейіннен уысымызға түсірмей қалмас үшін, бүгін сандармен сырласып, есеппен мұңдасып, сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Әділқазылар және қатысушылар
Осы ойынға әділ әрі дұрыс баға беретін әділқазы алқаларымен танысайық. Жиналғаны — ылғи дарындар: жүректе от, көздерінде жалын бар! Білімді оқушыларды қол соғып қарсы алайық!
I тур — «Бәйге»
Әр дұрыс жауап: 10 ұпай
Бұл турда ойыншыларға қысқа сұрақтар қойылады. Олай болса, іске сәт!
-
1) Қандай сандар иррационал сандар деп аталады?
Шектеусіз, периодсыз ондық бөлшектер.
-
2) Қандай өрнек әріпті өрнек деп аталады?
Құрамында әрпі бар өрнек.
-
3) Жақша алдында «+» таңбасы болса, жақша қалай ашылады?
Жақша ішіндегі алгебралық қосылғыштардың таңбалары сақталады.
-
4) Жай сан деп қандай санды атаймыз?
1-ге және өзіне ғана бөлінетін сан.
-
5) Қандай түзулер перпендикуляр түзулер деп аталады?
Бір-бірімен тік бұрыш жасап қиылысатын түзулер.
-
6) Сан аралықтарының неше түрі бар және оларды ата.
5 түрі бар: интервал, кесінді, жартылай интервал, сәуле, ашық сәуле.
-
7) Гректің «параллель» сөзі қазақша қалай аударылады?
Қатар жүруші.
-
8) Алгебралық өрнек дегеніміз не?
Құрамында әріптер, сандар, арифметикалық амалдар таңбалары және жақшалары бар өрнек.
-
9) Қарама-қарсы сандар дегеніміз не?
Тек таңбаларымен ғана ажыратылатын сандар.
-
10) Тік бұрышты төртбұрыштың ені 4 см, ұзындығы енінен 5 см ұзын. Ауданы неге тең?
Ұзындығы: 4 + 5 = 9 см. Ауданы: 4 × 9 = 36 см².
I тур аяқталды. 8 ойыншының ішінен ең аз ұпай жинаған 2 ойыншы ойыннан шығады.
2030-дың бағдарлы биігі — білімнің еншісі, мұны әркім біледі. Сондықтан, достар, дарынды қолдайық, алынбас қамал жоқ: жігерді шыңдайық!
II бөлім — «Жеті жұмбақ»
Әр дұрыс жауап: 20 ұпай
Бұл бөлімде әр түрлі жеті есеп беріледі.
-
1) Қосарланып жетілген үш ат бір сағатта 27 км жүрді. Осы уақыт ішінде бір ат қанша жол жүреді?
27 км жүреді.
-
2) Ағаш үстінде 30 торғай отырды. Аңшы 10 торғайды атып алды. Торғайлардың қаншасы қалды?
10 торғай қалды, қалғандары ұшып кетті.
-
3) Үш түйеқұс ұшып келе жатты. Аңшы олардың бірін атып алды. Қаншасы қалды?
Түйеқұстар ұшпайды.
-
4) Қара ағаш басында 5 алма өсіп тұр. 1-еуі жерге түсіп қалды. Нешеуі тал басында қалды?
Қара ағашта алма өспейді.
-
5) Бір-бірімен жарысқан: бес аю, бір арыстан, екі қой мен үш түлкі. Бәрі нешеу?
Барлығы 11.
-
6) Екі адам 5 метрлік бөренені ұзындықтары тең 5 бөлікке кесті. Бір кесуге 1,5 минут кетсе, барлығы қанша уақыт қажет?
6 минут.
-
7) Түйе, бота маң басқан, төрт аяғын тең басқан. Шұнақ құлақ бес ешкі, қос лақты қос ешкі. Екі қозылы екі қой. Бәрін бірге санап қой.
Барлығы 15.
«Жеті жұмбақ» кезеңі аяқталды. Сөз кезегі сарапшыларда. Ең аз ұпай жинаған 2 ойыншы ойыннан шығады.
III бөлім — «Жанды сұрақтар»
Әр дұрыс жауап: 20 ұпай
Бұл кезеңде әр сұраққа 3 нұсқа ұсынылады.
-
1) Координаталық түзуді кім енгізді?
A) Ньютон B) Декарт C) Галуа
Дұрыс жауап: Декарт
-
2) Математикалық теңдеулер туралы ғылыми еңбек жазған қазақ ғалымы кім?
A) Жәутіков B) Ысқақов C) Садықов
Дұрыс жауап: Жәутіков
-
3) Жиын теориясының негізін қалаушы кім?
A) Декарт B) Галуа C) Кантор
Дұрыс жауап: Кантор
-
4) 5-сынып және 6-сынып математика оқулықтарының авторы кім?
A) Ыбан B) Алдамұратова C) Макарычев
Дұрыс жауап: Алдамұратова
-
5) Пропорцияның қазіргіше жазылуын 1693 жылы қай математик енгізген?
A) Лейбниц B) Галуа C) Кантор
Дұрыс жауап: Лейбниц
«Жанды сұрақтар» бөлімі аяқталды. Енді сайыстың ең шешуші кезеңі — «Жорға» бөліміне өтеміз. Оған дейін сарапшылардың қорытындысы тыңдалып, ұпайы аз 2 оқушы ойыннан шығады.
IV бөлім — «Жорға»
Әр дұрыс жауап: 10 ұпай
Сәт сапар!
-
1) Айырмашылығы тек таңбалары ғана болатын сандар.
Қарама-қарсы сандар.
-
2) 0-ден үлкен сандар.
Оң сандар.
-
3) Оң сандардың қосындысы қандай сан?
Оң сан.
-
4) Нәрселерді санау үшін қолданылатын сандар.
Натурал сандар.
-
5) Ең кіші жай сан.
2.
-
6) Бұрышты өлшейтін құрал.
Транспортир.
-
7) Қарама-қарсы сандардың қосындысы неге тең?
0-ге тең.
-
8) Таңбалары бірдей сандардың көбейтіндісі қандай сан?
Оң сан.
-
9) Жазыңқы бұрыштың градустық өлшемі.
180°.
-
10) Екі қатынастың теңдігі.
Пропорция.
-
11) 5-ке қарама-қарсы сан.
−5.
-
12) Алымы бөлімінен үлкен бөлшек.
Бұрыс бөлшек.
-
13) 14 қандай сан?
Жұп сан.
-
14) Шешімдері бірдей теңсіздіктер.
Мәндес теңсіздіктер.
-
15) Кері сандардың көбейтіндісі неге тең?
1-ге тең.
«Жорға» бөлімі де өз мәресіне жетті. Сөз кезегі сарапшыларда.
Қорытынды сөз
Жас достарым, мұны жақсы ұғайық: математика құрметтеуге лайық. Дүниедегі құбылыстың мәнін — табиғаттың, қозғалыстың бәрін де — есепсіз түсіну мүмкін емес. Есеп — дүние кілті.
Озық ойлы оқушылар, сайысымыз аяқталды. Енді сөз кезегі — осы ойынды басынан аяғына дейін бақылап, тамашалап отырған қонақтарымызда.
Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет. Қош, сау болыңыздар!