Әкесі сасқалақтап

Қызылорда қаласы, №101 орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Молдағажиева Сәуле

Тақырыбы

Сырдың саңлақ сардары

Мақсаты

Бұқарбай батырдың өмірі мен ерен еңбегін дәріптеу.

Сырдың саңлақ сардары

Батыр бабамыздың рухына бас иеміз.

Кенесары ханмен бір болған,

Нысанбайға жыр болған.

Қиын-қыстау сәттерде,

Еліне қалқан, ту болған…

Секілді еді дара шың,

Шиыршық атып тұратын,

Көрсе жаудың қарасын...

Ә. Тәжібаев, «Бұқарбай батыр – нағашым» толғауынан

Текті тұлғаның тағдыр бастауы

Халқымыздың ауыз әдебиетінен таныс кейіпкерлердей-ақ, мен баяндайын деп отырған Бұқарбай бабамыздың дүниеге келу хикаясы да ерекше. Батырдың әкесі Естекбай — орта бойлы, кең жауырынды, қара күштің иесі, алпауыт қайратты адам болған деседі. Айқасқан кісісін қамшымен бір тартып құлататын, мінезі салмақты, көп сөйлемейтін, тұйықтау, бірақ адалдығын ту еткен жан болыпты.

Анасы Зағипа көп жылдар бойы құрсақ көтермей, бір жолы Бұқардағы Баһауаддин әулиенің бейітіне түнепті. Сонда түсінде әулие аян беріп: «Он ұл берейін бе, әлде он ұлға татитын бір ұл берейін бе?» — дейді. Әкесі тосылып қалса да: «Бір ұл берсең де разымын», — деп жауап қатады. Әулие батасын беріп: «Бір өзі он ұлға татитын ұл бердім, еліңе қайта бер», — деген екен.

Ерте есейген ер

Айтса айтқандай, Бұқарбай батыр жасынан-ақ балалық ойынға бой алдырмай, ат жалын ерте тартып мініп, ел тануға ерте кіріседі. Он тоғыз жасында күрес үстінде түйе палуанды жеңіп, найзагерлігімен де, шабандоздығымен де аты алысқа тарайды. Осылайша жұртқа қорған, елге сүйеніш, абыройы биік азамат ретінде танылады.

Ұлт-азаттық күрестегі ерлік жолы

Еліміздің азаттығы жолында мың өліп, мың тірілген, жері мен елінің тұтастығын көзінің қарашығындай қорғауды мақсат еткен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті тарихтан жақсы білеміз. Бұқарбай батыр осы қозғалыста Кенесарының ең сенімді серігіне айналды.

Алғашқы ұрыстардағы айла мен айбар

Алғашқы шайқастардың бірінде 500 адамдық орыс жазалаушы отрядымен болған ұрыста Бұқарбай батыр ерекше ерлік көрсетеді. Ат үстінен жаяу әскерге қарсы әдіс-айлаларды шебер қолданып, найзагерлігін танытады.

Ағыбай, Наурызбаймен тізе қосу

Бұл ұрыста Ағыбай, Наурызбай батырлармен бірге шағын сарбазбен орыстарды ойсырата жеңіп, мол қару-жарақ қолға түсіреді. Осыдан кейін Бұқарбай батырға мыңбасы атағы беріледі.

Ақмола бекінісіндегі шешуші сәт

Ақмола бекінісіндегі әскербасы Карбышевтің гарнизонын талқандауда да Бұқарбай мыңдық жасағымен лап қойып, ат үстінде түрегеліп, жауынгерлерге рух береді. Шабуыл сәтті аяқталып, батырдың даңқы бұрынғыдан да асқақтайды.

Екі жүздей күреңді,

Жалғыз қырып Бұқарбай.

Қатарынан бір асқан,

Айнала шауып екі күн,

Ақмола үстін шаңдатты.

Қағындысын қаққандай,

Босағасын қандатты...

«Кенесары – Саржан» поэмасынан

Қоқанға қарсы жорықтар

Батыр бабамыз Кенесарының Қоқан хандығына қарсы шабуылдарында да — Созақ пен Сауранды алу жолындағы жанқиярлық күресте — асқан ерлік көрсетеді. Өз жасағымен бірнеше мәрте шабуылға шығып, түпкілікті жеңіске елеулі үлес қосқанын орыс ғалымы И. В. Аничковтың жазбалары да айғақтайды.

Кенесары қосынында «Әкең Бұқарбайлап» деп айтылатын батырлардың бірі — Бұқарбай: ең қиын тұстарда, қамал бұзуда, тікелей шабуыл шебінде жүретін қайсар тұлға болған.

Бітім мен билік: бейбіт өмірдегі парасат

Бұқарбай батыр өмір сүрген дәуір — қолына қару алып жауға түсу ғана емес, қажет жерде шартқа жүгініп, дауға түсуге де тура келетін кезең. Қиян-кескі майданнан оралған саңлақ сардар ағайын арасындағы дау-дамайды шешіп, билік өнерін де ұстаған.

Екі жастың тағдыры: әділ шешім

Бірде ол Арқада ағайынды аралап жүріп, серіктерімен бірге бір ауылға келеді. Төбе басында жиын өтіп жатыр екен. Орталарында бір жігіт пен қыз қосақталып, байлаулы тұр. Сөйтсе, Таңсықбайдың сұлу қызы Құралай үйдегі малшымен көңіл қосып, аяғы ауырлаған. Намыстанған әке екеуін ат құйрығына байлап өлтіруге үкім етеді.

Батыр ақсақалдармен сөйлесіп, қыздың әкесіне: «Бұл мүсәпірлердің қанын жүктемеңдер. Босатыңдар. Мен жолаушымын, жандарын маған саудаға беріңдер. Мына жігіт Жетіруден екен, еліне барған соң қалың малын айдап әкеліп берейін», — дейді. Алайда ешкім құлақ аспайды.

Екі жасты ат құйрығына байлай бастағанда, Бұқарбай найзасын кезеніп, аттан салып барып екеуін босатып алады. Жігіт байдың жылқысын сегіз жыл баққан екен. Батыр сөйлесіп, еңбекақысын өндіртіп беріп, жігіт пен қызды туыстарына жеткізіп салады.

Бұқарбай, Сейіл өтті Жетіруда,

Таусылмас тәңірім үйген үлкен жота.

Би Бостай, Тама Өмірбай, Өтетілеу,

Шықпаған кеңесінен ешбір қата.

Омар Шораяқтың өлең жолдарынан

Бұл жолдарда салмақты ой жатыр: Бұқарбай мен Сейіл — тағдырлары тоғысқан, түбі бір туыс, жүрегі адал тарихи тұлғалар. Бұқарбай батыр өз дәуіріндегі Досбол шешен, Мысық би, Бозжан, Сейіл, Сәдір билермен бірге ел ықыласына ие болып, ел ісіне араласып, талай даулы мәселенің шешімін тапқан.

Өнеге болып қалған өмір

Кең дүниетаным, терең пайым

Бұқарбай батырдың көп жерді аралап, бұйырған дәм-тұзды тата жүріп, түрлі елдің салт-дәстүрін, адам мінезін танып-білуге мән бергенін аңғарамыз. Бұл — оның дүниеге пәлсапалық тұрғыдан қарай алатын, өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға болғанын көрсетеді.

Ел қамы: еңбек пен бірлік

Тәуелсіздік жолындағы табанды күреспен қатар, бейбіт өмірде де еңбекке ден қойған: егін егіп, Сырдария сағасынан арық қаздырып, су әкелуге ұйытқы болған. Шешендігімен дау-шарды тоқтатып, ел тілегін тілегені — бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Тірі естелік

Біз — батырдың ұрпағымыз. Елін қорғаған, жерін жауға бермеген қас батырларымызды ардақтап, қадірлейміз. Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған, өмір кешкен, майданға аттанған өңірде өз атымен аталатын ауыл бар; онда өзінен өрген ұрпақтары өмір сүреді. Қызылорда қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі де батыр есімімен аталады.

Елдің ертеңі еңселі, бақыты баянды болсын. Ұлы батырдың есімі мерейтоймен ғана шектелмей, болашақ ұрпақ санасында мың жылдар бойы мәңгілік өнеге болып қала береді деп сенемін.