Абай өлеңдерінің тақырыбы

Сыныптан тыс оқу сабағы (8-сынып, қазақ әдебиеті)

Бұл жоспар 8-сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс оқу сабағын ұйымдастыруға көмектеседі. Негізгі мазмұны — қазақ әдебиеті хрестоматиясы негізінде Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерін түсініп оқуға бағыттау, классик ақындар мұрасын насихаттау және оқу мәдениетін қалыптастыру.

Сабақ туралы мәлімет

Сынып
8
Пән
Қазақ әдебиеті
Сабақ тақырыбы
Сыныптан тыс оқу (1 сағат)
Сабақ түрі
Сыныптан тыс сабақ
Сабақ типі
Жинақтау сабағы

Мақсаттар

  • Білімдік: хрестоматия бойынша Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт өлеңдерін түсініп оқуға ынталандыру; қазақ ақындарының шығармаларын оқуға бағытталған насихат жұмысын ұйымдастыру.
  • Дамытушылық: ұйымдастырушылық, қатысымдық дағдыларды, белсенділік пен қызығушылықты арттыру.
  • Тәрбиелік: қазақ әдебиеті классиктерін құрметтеуге және тұрақты оқуға баулу.

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, тарих, музыка.

Әдістер мен ресурстар

Әдіс-тәсілдер

БББ (Білемін–Білдім–Білгім келеді), сұхбат (ақын орны), рөлдік ойын, аукцион, «Екі жұлдыз, бір тілек», семантикалық карталар.

Көрнекіліктер

Әдеби кітаптар, стикерлер, маркерлер, А4/А3 қағаздары, бағалау парақтары, портреттер, буклеттер.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Сәлемдесу.
  2. Кезекшімен сұхбат, оқушыларды түгендеу.
  3. Сабақтың мақсаты мен жоспарын таныстыру.

«Алтын ережелер»

  • Топтар бір-бірінің жауабын толық тыңдайды.
  • Тыныштық сақталады.
  • Түсінбеген жағдайда қол көтеріп, сұрақ қою немесе белгі беру арқылы сөйлеседі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • Қазақ әдебиеті хрестоматиясы бойынша 69–97-беттерді түсініп оқу.
  • Ақындардың кітаптарына картотека дайындап келу.

Сергіту сәті (2 минут)

Күй тыңдалады. Оқушылар саусақтарымен ауада әуенді «елестетіп», қолдарымен бейне-сурет салады.

Мақсаты

Күй мазмұнын сезінуге талпындыру, қазақ даласының үнін бейнелеуге үйрету.

Нәтижесі

Демалу, қазақ әуенін тану, эмоциялық көңіл күйді аңғару.

Сұрақтар

Күй ұнады ма? Қандай көңіл күй сезіледі? Табиғатпен қалай байланысады? Авторын білесің бе? Неге осы күй таңдалды?

Топқа бөлу: «Мағынаны тап» стратегиясы (5 минут)

Мұғалім ақындардың бір шумақ өлеңін тармақтарға бөліп, шатастырып береді. Оқушылар ұйқас пен мағынасына сүйеніп құрастырады. Құрастырылған өлең авторларының аты бойынша топқа бөлінеді: Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт.

А. Құнанбаев

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған —
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Адамдық борышың —
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да, білім мен өнер үйрен.
Білімсіз, өнерсіз —
Болады ақын тұл.

С. Торайғыров

Түскендей әуе жерге қырық күн шілде,
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді:
«Кел, шық!» деп иек қағып жарық күнге.

Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,
Бас иіп, бәйек болып, жерге қонбай.
Шайқалып таң жеріне тербетілді,
Көк майса көзі ілініп тұрған сондай.

III. Жаңа сабақ

Ойға шабуыл: БББ (2 минут әр топқа)

Өткен тақырыпты пысықтау мақсатында қазақ әдебиеті классиктері туралы БББ кестесін толтыру.

Білемін Білдім Білгім келеді
1 Абай — ұлы данышпан ақын әрі философ. Абай мұрасы өте бай. Қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал етті. Абай атында Тараз қаласында қандай мәдени орындар бар?

Тапсырмалар топтамасы

Тапсырма №2 (2 минут)

8-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясынан өздеріңе ұнаған ақынның өлеңін таңдаңдар. Таңдау себебін төмендегі кесте бойынша түсіндіріңдер.

Өлең атауы мен авторы Әсер еткен тұсы Өз ой-пікірім Мақал-мәтелмен түйіндеу
1 Абай Құнанбаев — «Желсіз түнде жарық ай» Түнгі табиғат көрінісін әсерлі суреттейді, табиғатқа жан бітіргендей әсер қалдырады. «Талапты ерге нұр жауар»

Бағалау (топтық)

  • 5 — бас бармақ жоғары
  • 4 — бас бармақ қисайған
  • 3 — бас бармақ төмен

Тапсырма №3: Мәнерлеп оқу сайысы (6 минут)

Әр топқа 2 минут. Оқу барысында төмендегі талаптар сақталады.

  • Төл дыбыстарды анық айту.
  • Мәнерлеудің дұрыстығы (интонация, кідіріс, екпін).
  • Эмоциялық белсенділік.

Бағалау

  • 5 — бас бармақ жоғары
  • 4 — бас бармақ қисайған
  • 3 — бас бармақ төмен

Тапсырма №4 (1-топ): Интервью әдісі (5 минут)

Сұлтанмахмұт тобы: «Қазақстан–Тараз» телеарнасының қонағы ретінде ақынмен сұхбат құрыңдар.

Үлгі: – Қайырлы күн, құрметті көрермендер! Бүгін біздің «Қазақстан–Тараз» телеарнасының қонағы — белгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қош келдіңіз!

  • Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.
  • Әдебиетке қалай келдіңіз?
  • Кімді үлгі тұттыңыз?
  • Болашаққа жоспарларыңыз қандай болды?
  • Осы уақытқа дейінгі жетістіктеріңіз қандай?

Соңында: «Арнамыздан алыстамаңыздар!» (жарнамаға шығу).

Тапсырма №4 (2-топ): «Түйіндеме» ойыны (5 минут)

Абай тобы: ақынның өлеңдер жинағын оқуға шақырып, сыныптастарыңа жарнама жаса. Ауызша және/немесе жазбаша түрде қорғауға болады.

Құрылым

  • Ақынның аты-жөні
  • Туған жылы, туған жері
  • Өлеңінің атауы
  • Тақырыбы, мазмұны
  • Насихаты, тәрбиелік мәні
  • Қайдан алуға болады (кітапхана/дүкен)
  • Қай тілде
  • Қандай жағдайда оқуға ұсынылады

Тапсырма №4 (3-топ): Рөлдік ойын (5 минут)

Шәкәрім тобы: «Алтын балық» ойыны. Жұппен жұмыс: А — алтын балық, Б — үш тілек айтады. Мақсат — тілектерді орындатуға көндіру. Рөлдер ауыстырылады.

Тілдік талап: қалау рай және шартты рай тұлғаларын қолданып сөйлеу.

Тапсырма №5: «Кітапқа тапсырыс беру» ойыны (5 минут)

Барлық топ қатысады. Мақсат — кітапхана каталогы арқылы әдебиетті табу, тапсырыс беру және кітапханашымен дұрыс қарым-қатынас жасау.

Рөлдер

  • Оқушы: каталог арқылы қажетті кітапты тауып, тапсырыс береді, орындалу уақытын нақтылайды.
  • Кітапханашы: тапсырысты қабылдап, дұрыс толтырылғанын тексереді.

Нәтиже

Оқушы күнделікті өмірде қажет болатын дағдыны меңгереді: өз ойын нақты жеткізу, сұрақ қою, өтінішті дұрыс рәсімдеу, қарым-қатынасқа түсу.

Үлгі сөйлем: «Маған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдер жинағы керек».

Тапсырма А3 қағазына орындалады.

Өзара бағалау

Дауыс беру тәртібі: Абай тобы — Сұлтанмахмұт тобына; Сұлтанмахмұт тобы — Шәкәрім тобына; Шәкәрім тобы — Абай тобына.

Тапсырма №6: «Ақын арманы» аукционы (3 минут)

Ереже

  • Кітаптың бастапқы бағасы: 30 000 теңге.
  • Бір сұрақтың құны: 2000 теңге.
  • Жауап болмаса — ұпай есептелмейді.
  • Жартылай/толық емес жауап — 1500 теңге.
  • «Алтын ережені» бұзса — 500 теңге шегеріледі.

Мақсаты мен нәтижесі

Тез ойлау, нақты жауап беру, білімді жүйелеу. Ең белсенді топ кітапты «қымбатқа сатып алады» және белгіленген мерзімге дейін оны оқып, мазмұндап береді.

Қосымша көрнекілік ретінде гонг орнына темір қақпақ пен ағаш балға қолдануға болады.

Бағалау шкаласы

  • 5 — 15
  • 4 — 12
  • 3 — 9
  • 2 — 6

Лот сұрақтары (іріктелген үлгі)

Шәкәрім туралы

  1. Шәкәрім орыс тілін қандай қасиеттері арқылы үйренді? (Белсенділік, зеректік.)
  2. Абай Шәкәрімге кім болды? (Аға, тірек.)
  3. Шәкәрім кім? (Прозашы, аудармашы, тарихшы, философ.)
  4. Қай тілдерді жақсы меңгерген? (Орыс, шығыс, түрік тілдері.)
  5. Эпикалық жанрдағы көлемді шығармаларын ата. («Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Ләйлі–Мәжнүн».)

Абай туралы

  1. Абайдың өмір сүрген жылдары қандай?
  2. Абай кімдерді оқыды?
  3. Алғашқы өлеңдері кімнің атынан жарияланған?
  4. «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңі не туралы?
  5. Абай атында Қазақстанда қандай нысандар бар?

Сұлтанмахмұт туралы

  1. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмір сүрген жылдары?
  2. Хрестоматияда берілген өлеңдерін ата.
  3. Бір өлеңін мәнеріне келтіріп оқып бер.
  4. Ақын жастарды неге шақырады?
  5. «Шілде» өлеңінен үзіндіні жатқа айт.

Ескерту: Сұрақтар толық тізімнен мұғалімнің оқу мақсатына сай таңдап беріледі.

Сабақты қорытындылау

Рефлексия: «Екі жұлдыз, бір тілек»

Әр оқушы немесе әр топ: екі ұнаған тұсын (жұлдыз) және бір ұсынысын (тілек) айтады.

Бағалау

Оқушылардың бағалары критерийлер бойынша қойылады. Мұғалім бағаларды белгілеу кезінде әділдік пен айқын кері байланысты ұстанады.

Үй тапсырмасы

«Жастар, қазақ әдебиетіне үлесімізді қосайық!» тақырыбында үндеу бұрышын дайындау және 23 желтоқсанда 1-сабақта ілу. Мақсат — қазақ әдебиетін оқуға шақыру. Белсенді қатысқан оқушыларға алдын ала «алғыс хат» берілетіні ескертіледі. Бағалар қазақ әдебиеті пәніне қойылады.