Қарамен жазылған сөздерге сұрақ қой
Сабақ туралы мәлімет
Сынып
2-сынып
Тақырып
Сан есім
Сабақ форматы
Аралас, практикалық сабақ
Мақсаттар
- Білімділік: сан есім туралы мәлімет беру; сөйлем ішінде сан есімді ажыратып, орынды қолдануға дағдыландыру.
- Дамытушылық: ауызша және жазбаша тілін дамыту; сөздік қорын, байланыстырып сөйлеуін, шығармашылық қабілетін арттыру.
- Тәрбиелік: ұқыптылыққа, ізденімпаздылыққа, қайырымдылыққа, сауаттылыққа және көркем жазуға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер мен ресурстар
Сабақ әдістері
Көрнекілік әдіс, эвристикалық әдіс, түсіндіру.
Көрнекіліктер
Аңдардың суреттері мен «үй» үлгісі, бағалау фишкалары.
Технология
ДОТ элементтері.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қазақ тілі (2-сынып) оқулығы
- Әдістемелік құралдар
- «Бастауыш мектеп» журналдары
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім әрекеті
- Оқушыларды түгелдеу.
- Назарын сабаққа аудару.
- Психологиялық дайындық ұйымдастыру.
Психологиялық дайындық
Арайлап таң атты,
Күн нұрын таратты.
— Сәлеметсіңдер ме, балалар?!
— Сәлеметсіз бе, мұғалім?!
II. Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылардан үй тапсырмасы сұралады: «Үйге қандай тапсырма берілді? Кім айтады?». 4–5 оқушының жұмысы тексеріліп, қосымша сұрақтар қойылады.
III. Жаңа сабақ
Тақырып
Сан есім
Негізгі ереже
Заттың санын және ретін білдіретін сөздер сан есім деп аталады. Сан есімдерге қанша? неше? нешінші? деген сұрақтар қойылады: жеті, жетінші, елу, он тоғызыншы.
Сабақ сюжеті бойынша Асқар есімді бала орманда адасып қалады. Оқушылардың мақсаты — тапсырмаларды орындап, Асқарға өз үйін табуға көмектесу. Әр тапсырма сан есімді танып, дұрыс қолдануға бағытталған.
1) Оқулықпен жұмыс — 1-жаттығу
Мәтінді түсініп оқы. Қарамен жазылған сөздерге сұрақ қой. Осы сөздер нені білдіреді?
Байқоңыр — қазақ даласындағы халықаралық ғарышжай. Байқоңырдан бірінші рет ғарышқа Юрий Гагарин ұшты. Содан бері әр елден екі жүздей ғарышкер аспан әлеміне самғады. Тоқтар Әубәкіров — қазақстандық ғарышкер. Екінші қазақстандық ғарышкер — Талғат Мұсабаев. Т. Мұсабаев ғарышта үш рет болды.
2) Қоянның тапсырмасы — 2-жаттығу
Жаңылтпашты жатқа оқып, жаз. Заттың санын білдіретін сөздерді тап та, оларға сұрақ қой.
— Үш қап жаңғақ көп пе? Бес қап жаңғақ көп пе?
— Үш қап жаңғақ көп емес, бес қап жаңғақ көп.
3) Дәптермен жұмыс — Қасқырдың тапсырмасы (3-жаттығу)
Сөйлемдерді көшіріп жаз. Сан есімдерді тауып, астын сыз. Оларға сұрақ қой.
Сергіту сәті
Добым, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап.
Үстін-үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.
4) Арыстанның тапсырмасы — 4-жаттығу
Көп нүктенің орнына жақша ішіндегі цифрға сәйкес сан есімді сөзбен жаз. Сан есімдердің қай сөз табымен байланысып тұрғанын сызбамен көрсет.
Шығармашылық тапсырма — Пілдің тапсырмасы
Суретке қарап, сан есімдерді қатыстырып сөйлем құра.
Нәтиже
Барлық тапсырмалар орындалып, Асқар атасының үйіне аман-есен жеткізіледі.
IV. Сабақты қорытындылау
Оқушылар Асқарды барлық кедергіден өткізіп, үйіне жеткізді. Осы арқылы «Сан есім» тақырыбы бекітіліп, сан есімнің сөйлемдегі қызметін тану және дұрыс қолдану дағдылары нығайтылды.
V. Бағалау
Сабақта белсенділік танытып, тиянақты қатысқан оқушылар бағаланады.
VI. Үй тапсырмасы
- Ережені жаттау.
- 5-жаттығу.
- Сан есімді қатыстырып, «Менің отбасым» тақырыбында мәтін құрастыру.