Бет түзеп өркениет ауылына, Арманның алаулайды шамын жағып

Сабақтың мақсаты

Жас жеткіншектер бойында Отанға және туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру. Отаншылдық сезімін нығайтып, тұрақты моральдық мінез-құлықтың беки түсуіне ықпал ету. Оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Өткізу әдісі

  • Баяндау
  • Сұрақ-жауап
  • Ассоциациялау

Көрнекі құралдар

  • Еліміздің рәміздері
  • Слайдты альбом (интерактивті тақта арқылы)
  • Тірек-сызбалар

Сабақ барысы

Құрметті қонақтар! Бүгінгі «Биік сенің мәртебең, дархан елім!» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Біз — тәуелсіз Қазақ елінің ең жас ұландары. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қорғауға, қадірлеуге, сүюге тиіс екенімізді естен шығармайық.

Ой түйін

Отан — жерім, Отан — суым,
Отан қуат, нәр береді.
Отан — ұран, Отан — туым,
Отан мәңгі гүлденеді.

Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болуы үшін туған жерімізді, туған елімізді және оның символдарын құрметтеу — бәріміздің міндетті парызымыз.

Талқылау сұрағы

Оқушылар, «Тәуелсіз ел» дегенді қалай түсінесіңдер? Қандай ұғымдар ойға келеді?

Еркіндік Бірлік Жауапкершілік Тарих Болашақ

1-жүргізуші

Қазақстан арайланып азат таңы, Тағдырдың артта қалды азаптары. Үмітін үкілеумен өткен жылдар, Жасампаз жазып жатыр парақтарды.

2-жүргізуші

Аңсаған азаттықты ұлы халық, Бостан күнге жеткенде белі талып. Бет түзеп өркениет ауылына, Арманның алаулайды шамын жағып.

1-жүргізуші

Заңғар тау, шалқар жазық, маң далалы, Атырау, Алтай, Арқа таңданады. Сексен көл Көкшетаудың бауырында, Сылаңдап сәнге бөлер кең даланы.

2-жүргізуші

Ауылым — өткен жылдар белестері, Бүгінде жерім жомарт, ел еңселі. Тәу етіп тәуелсіздік ақ таңыңа, Тілеймін биік шыңды белестерді.

Тәуелсіздік және мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы Жарлығы жарияланған сәттен бастап-ақ, дүние жүзінің құлағы елең етіп, егемендігін алған ерікті Қазақстанды әлем мойындай бастады. Бүгінде Қазақстан өзге өркениетті елдермен қатар жаңа ғасырдың табалдырығын тең аттап отырған мемлекет.

Ту

Тәуелсіздік пен тұтастықтың айқын белгісі.

Елтаңба

Тарих, бірлік және ортақ құндылықтар бейнесі.

Әнұран

Халық рухын көтеретін, елді ұйыстыратын үн.

Мемлекеттік рәміздер — еліміздің тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Олар халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үміті мен арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

Еліміздің Туы мен Елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда, ал Әнұраны 1992 жылғы желтоқсанда қабылданған жарлық бойынша мемлекеттік рәміздер ретінде бекітілді.

Өлең жолдары

Тәуелсіз елім, тау — елім, Қойнауың жақұт, бау — елім. Көк байрағым желбіреп, Шаттықтың салам әуенін. Күндердің аппақ сағымын, Қайраққа қайта жаныдым. Қырандай самғап қияға, Мұқалмас енді қарымым.
Батырхан
Уақыттың ашып кезеңін, Бақыттың кештім өзенін. Ғасырдың жаңа бетінен, Ғарыштың отын сеземін.
Батырхан
Бәрі болған қазақ сынды көне елде, Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнер де. Жаһандағы ең жауынгер халықта, Кім сенеді Ту болмады дегенге.
Нұрбақыт

Рәміздер туралы ой

Ту туралы

Ту туралы Мейірбек баяндайды.

Батырлыққа уызынан жарыған, Ер Түркіні байрағынан таныған. Өзі ақын, өзі әнші халықта, Кім айта алар болмаған деп Әнұран.

Елтаңба туралы

Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға, Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға. Қалай оның Елтаңбасы болмайды, Түлігіне дейін салса ен-таңба.

Абылай Н.

Қорытынды ой

Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу — тәуелсіздікті қадірлеу. Рәміздер арқылы біз тарихымызды танимыз, бірлігімізді бекітеміз және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз.