Күйге байланысты қандай аңыз оқып едік

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Мектеп
№11 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп
Пән
Қазақ әдебиеті (5-сынып)
Мұғалім
Қайрошева Гүлжихан (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі)
Сабақ тақырыбы
Ілияс Жансүгіров — «Күй» поэмасы
Сабақтың типі
Аралас сабақ
Сабақтың түрі
Музыка сабағымен кіріктірілген интеграциялық сабақ

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • І. Жансүгіров шығармашылығы туралы оқушылардың жас ерекшелігіне сай мағлұмат беру.
  • Оқулықтағы үзіндіні мазмұндату арқылы поэманың сюжеттік желісіне арқау болған күй аңызының мәнін меңгерту.
  • Портрет, өлең құрылысы, көркемдегіш құралдар туралы теориялық білімді кеңейту.

Тәрбиелік

  • Өнерге сүйіспеншілік пен өнер иесіне құрмет сезімін ояту.
  • Күй құдіреті арқылы ұлттық дәстүрді қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Туған өлкенің дара дарындарына құрмет ұялатып, туған жерді қастерлеуге баулу.

Дамытушылық

  • Көркем мәтінмен жүйелі жұмыс істеуге, ізденіске дағдыландыру.
  • Оқушының өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беру.
  • Мәнерлеп оқу мәдениетін жетілдіру және белсенділікті арттыру.

Әдіс-тәсілдер мен ресурстар

Сабақта қолданылатын әдістер

баяндау мазмұндау мәнерлеп оқу талдау «гармошка» әдісі сатылай кешенді талдау сұрақ-жауап

Көрнекіліктер мен техника

  • Ақын өміріне қатысты суреттер, хроникалық кесте.
  • Семантикалық карта-сызба, кеспе қағаздар.
  • Атырау өңірі күйшілерінің суреттері.
  • Бағдаршам, интербелсенді тақта.
  • Күй үнтаспалары, компьютер, интербелсенді тақта.

Сабақ барысы

Үй тапсырмасын бекіту

Үй тапсырмасын тексеру үшін «гармошка» әдісі бойынша ашық және жабық сұрақтар қойылады.

I. Кіріспе

Сабақ басталған сәтте қобызбен орындалған күй сарыны естіліп тұрады. Осы атмосфера оқушыларды мәтіннің рухына жақындатып, өнер тақырыбына назарын шоғырландырады.

І. Жансүгіров шығармашылығына шолу

Әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұра қалдырған тұлғалардың бірі — Ілияс Жансүгіров. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, суреткерлік қуаты мен адамгершілік өнегесі — өшпес тәлім. Ұлыларға ортақ қасиет — көпқырлылық. Бұл ерекшелік Ілиястың талантына да тән: ол лирик те, эпик те, драматург те, сатирик те. Яғни, өз шығармашылығында әдебиеттің түрлі жанрында бірдей жемісті еңбек етті. Дегенмен, оқырман Ілиясты ең алдымен ақын ретінде таниды.

Ілияс шығармаларындағы өнер тақырыбы

Жастайынан ән мен күйді терең сезініп, жүрегімен түсінген Ілияс әдебиетке саз өнерінің құдіретін жыр етіп алып келді. «Әншіге», «Бұлбұлға» сияқты алғашқы өлеңдерінде ол әннің тыңдаушыға әсерін сырттай суреттей отырып, өнерге деген ішкі сүйіспеншілігін айқын білдіреді.

Ілияс қазақ әдебиетінің алтын қорын кең құлашты поэмаларымен толықтырды: оның он беске жуық поэмасы бар. Сол шығармалардың бір бөлігі ән-күйдің алуан сырын, сансыз толғанысын көркем тілмен жеткізуге арналған.

Күй өнері туралы

Әр халықтың ұлттық болмысын айқындайтын өзіндік белгі-бедері болады. Соның ішінде «құлақтан кіріп бойды алған, көңілді билеп ойды алған» сұлу саздың төресі — күй. Күй қай дәуірде де ұлттық рухымыздың күре тамырына айналды. Көне заманда сөзбен жеткізе алмаған ойды күймен жеткізген талай саңлақ күйшілер өмір сүрген. Бұл туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер мол.

Еске түсіру: күй аңыздары

Сұрақ: Күйге байланысты қандай аңызды оқыған едік?

Жауап: «Ақсақ құлан», «Жошы хан» және Кетбұғаның естіртуі.

Сұрақ: Бұл екеуі екі түрлі аңыз ба?

Жауап: Жоқ, бір аңыздың екі түрлі нұсқасы.

Сұрақ: Айырмашылығы неде?

Жауап: Бірі — фольклорлық нұсқа, екіншісі — М. Мағауин ұсынған әдеби нұсқа.

Сұрақ: Тағы қандай өзгешелік байқадыңдар?

Жауап: Фольклорлық нұсқада баланың өлімі домбырамен, ал әдеби нұсқада Жошы ханның өлімі қобызбен естіртіледі.

II. Жаңа сабақ

Бүгінгі сабақта «Бозінген» күй аңызы сюжеттік желі болып тартылған І. Жансүгіровтің «Күй» поэмасына тоқталамыз. Бұған дейін өткен күй аңызының әдеби нұсқасында біз Кетбұғаның портретімен таныссақ, бұл поэманың бастауында қобызшы Молықбайдың портреті көрінеді.

Назар аударатын ұғым

Портрет — көркем шығармада кейіпкердің сыртқы келбетін, мінезін, болмысын танытатын бейнелеу тәсілі.

Сабақ барысында қобызшы Молықбай туралы қысқаша түсінік беріледі және портреттік сипаттаудың мәтіндегі қызметі талданады.

Ескерту

«Бозінген» оқиғасының тарихын тереңірек түсіну үшін күйдің үнтаспасы тыңдатылады. Тыңдау кезінде әуеннің көңіл күйі, ырғақтық өрісі, әсері туралы қысқа байқаулар жасалады.

Поэманы талдаудың негізгі бағыттары

а) Поэманың басталуы

  • Қобызшы Молықбайдың портреті
  • Ол тартқан күйлер
  • Күй тыңдауға құмар балалар
  • Күй құдіреті

ә) «Бозінген» күйінің шерткен сыры

  • Бағылан байдың байлығы
  • Үкілеп өсірген боз тайлақ
  • Жетім тазшаның болжамы
  • Інгеннің боталауы
  • Ботасынан айырылған бозінгеннің зары

б) Күйдің күші

Поэмадағы негізгі идеялардың бірі — күйдің тылсым қуаты. Күй адам жүрегіне ғана әсер етіп қоймай, бейнелі түрде айтқанда, «тауды да, тасты да бұзатындай» күшке ие өнер ретінде танылады.