Ата - анамның бал тілі

Ең бірінші бақытым – тілім менің

Мәнерлеп оқу сайысы аясындағы бұл шараның өзегі — ана тіліміздің қадірін ұғындыру, мемлекеттік тілді құрметтеуді нығайту және оқушылардың тіл байлығын көркем сөз арқылы дамыту.

Білімділік

Оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы, парасатты азамат етіп тәрбиелеу; мемлекеттік тілді білудің маңызын түсіндіру және құрметтеуге үйрету.

Тәрбиелік

Пәнге қызығушылықты арттыру; тілді ардақтауға, тіл байлығы мен маңызын терең түсінуге баулу.

Дамытушылық

Өлең, тақпақ, нақыл сөздер арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тілдік өрісін кеңейту.

Кіріспе бөлім (мұғалім сөзі)

Ана тілі — адам жаратылғалы бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа сақтап отыратын қазына.

Қазақ тілі — аса бай әрі икемді тіл. Орамын тауып, қисынын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салғандай, ою ойғандай нәзік те дәл өрнектеуге болады. «Бұл тілден май тамады» деу де бекер емес: халықтың тілі мен жырына құлақ салсаң, алуа-шекердей тәтті нәріне, әріне еш тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады?

Тіл — адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Тіл арқылы адамдар пікір алмасады, өзара түсініседі, оны қатынас құралы ретінде қолданады. Әр адам өз ойын тіл арқылы жеткізеді, өзгенің ойын да тіл арқылы ұғынады.

Тіл — халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті мен болмысы. Халықтың тарихта қалуы да тіліне, тілінің сақталуына байланысты.

Нақыл сөз

Мағжан Жұмабаев: «Жан көріністерінің ең қымбаты — ой, ой тілі — сөз. Тіл — адам жанының тілмашы. Тілі кем болса, адамның қор болғаны…»

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз — тіліміз.

Дәйексөз

Жүсіп Баласағұн: «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі»

Кез келген мемлекеттің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де — сол елдің ана тілі. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Біздің Отанымыз — Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз Елтаңбасы, Әнұраны, Туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.

Тіл — халық тарихы. Тіл — ұлттық қазына. Тіл — намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.

Тарихи дерек

  • 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды.
  • 1997 жылы заң қайта өңделіп, жаңартылды.
  • Заң 6 тарау, 22 баптан тұрады.
  • 4-бапта: «Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп көрсетілген.

Ендеше туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды анық жеткізе білсек — нұр үстіне нұр.

Бүгін тіл мерекесіне орай 4-сыныптар арасында мәнерлеп оқу сайысы өткізіледі. Ендігі кезекті оқушыларға берейік — тіл мерекесіне арнайы дайындаған тақпақтарын тамашалайық.

Мәнерлеп оқу сайысы: оқушылар тақпақтары

1-оқушы

Тілмен ғана қызық менің тірлігім, Тату еткен ел мен елдің бірлігін. Туған тілмен асқақ шығып ізгі үнім, Туған тілде алып жүрміз біз білім. Тілсіз жұртым шөптей қурап азады-ау, Туған тілді қорғап бақшы, қазақ-ау! Сарқылмайтын қуатпенен күш берген, Туған тілдің қасиеті ғажап-ау!

2-оқушы

Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім, Жөргекте былдыр қағып күлген тілім. Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен, Жүрегіме, қаныма сіңген тілім. Жанымды жадыратқан бала тілім, Жыр-ертек жаттаттырған сана тілім. Жаралып жермен бірге, күн көзімен, Жасасқан қазақ тілі — ана тілім. Жырлатқан қазақтардың қазақтығын, Жырлатқан ерлік, елдік азаттығын. Жұлдызды құдіреттің туы болған, Жауынгер ана тілім — қазақ тілім!

3-оқушы

Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін! Серпіп таста мұңды жүрек түндігін. Тіл туралы Заңым енді күшіне, Паш еткендей кескен жаңа кіндігін. Қуан, бабам! Қуанышты күн бүгін! Деген едің: «Тіл бар жерде өмір бар!» «Халық жауы» атандың-ау сол үшін, Ғұмырыңды құрбан етіп жолында.

4-оқушы

Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер, Сонда ғана бір жүгім жеңілденер. Қара бұлттар айығып аспанымнан, Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер. Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн, Ана тілді мен дәйім пір ұстадым. Ана тілдің жолында, ұғын, балам, Садақа ғой даңқ пенен күміс тағың!

5-оқушы

Сәлем саған, жас буын, жалғастырам, Болашақта сендермен жалғасамын. Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы, Ана тілін ауадай ардақтағын! Сақтар болсаң халқыңды — тілді сақта, Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа! Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел, Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!

6-оқушы

Сол тілменен дүниені аттадым, Таптым бүкіл тіршіліктің атауын. Жатты онда уыз сүті ананың, Жатты онда аманаты атаның. Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым, Сол тілменен талай гүлді жырлаттым. Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп, Талайлардың көз жасын құрғаттым. Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім, Сол тілменен көгершінге жем бердім. Сол тілменен дүниеден кетемін, Сол тілменен дүниеге мен келдім.

7-оқушы

Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі! Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы. Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған, Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам. Ей, туған тіл! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің, Қаршадай шаттығымды, қайғымды да сезіндім. Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет: Ата-анамды, мен пақырды жарылқа деп, құдірет!

Қорытынды

Осымен бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетті. Өнерлі оқушыларымыз сайысты тартысты әрі мазмұнды өткізді деп ойлаймыз. Енді сайысты саралап, әділ бағасын береді деген сеніммен сөз кезегін әділқазы алқасына береміз.

Қалың елім, қазағыңа қорған бол! Жеткіншегім, жайқала өсіп орман бол. Шет тілі мен компьютерді меңгеріп, Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!

Бүгінгі сайысымыз аяқталды. Уақыт бөліп, тамашалағандарыңызға рақмет. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!