Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені

TR

Тәрбие сағатының тақырыбы

Менің Отаным — Қазақстан

Азаматтық тәрбие Патриоттық тәрбие Полимәдениеттік тәрбие

Мақсат-міндеттері

Білімділік

Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, Қазақстанның бай әрі қуатты ел екенін мақтан тұтуға баулу; туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.

Дамытушылық

Отанын, туған жерін қорғай білуге бағыттау; талантты ақындардың өлеңдері мен ата-баба даналығы арқылы ұлтжандылық пен патриоттық сезімді дамыту.

Тәрбиелік

Ойды жүйелі жеткізуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге, мәнерлеп өлең оқуға және мағынасын түсінуге дағдыландыру.

Барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды дөңгелене тұрғызып, қонақтарды қарсы алып, тәрбие сағатының тақырыбымен таныстырамын. Бүгін ата-аналармен бірлесе отырып, «Менің Отаным — Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағатын өткіземіз.

Сабақ барысында Отан туралы ой-пікірлерімізді ортаға саламыз, Отанға арнап салған суреттерді тамашалаймыз, оқушылардың өз ойынан жазған шығармаларын тыңдаймыз.

Рәсім

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

II. Сұрақ-жауап және таныстыру

Сұрақ

Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?

Жауап

Қазақстан.

Сұрақ

Қазақстан жері қандай?

Жауап

Қазақстан жері үлкен, әдемі әрі бай.

Қазақстанның кеңдігі мен байлығы

  • Қазақстан жері батыстан шығысқа қарай шамамен 3000 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1700 км созылып жатыр (физикалық картадан көрсету).
  • Еліміз табиғи байлыққа мол: мал шаруашылығы, балық, егін, аң-құс, кен байлығы — бәрі жеткілікті.

III. «Отан» ұғымы және өлең жолдары

«Отан» деген сөзді қалай түсінеміз? Оқушылардың ой-пікірлері тыңдалады. Осы ойлардың мәнін тереңдету үшін төмендегі өлең шумақтары оқылады.

1-оқушы

Көп ауыздан түспейтін: «Отан — сенің ата-анаң». Отан деген немене? Отан — досың, бауырың. Отан — өлкең, астанаң, Отан — аудан, ауылың.

2-оқушы

Отан — жерім, Отан — суым, Отан — қуат, нәр береді. Отан — ұран, Отан — туым, Отан мәңгі гүлденеді. Сүйемін мен Отанымды, Гүл жайнаған жерімді. Сүйемін мен ата-анамды, Мені өсірген елімді.

3-оқушы

Отан деген — атамекен, Отан деген — туған жер. Отан — ана, Отан — пана, Қазақстан — туған ел.

4-оқушы

Отанды біз атамекен, Деп аялап айтамыз. Өйткені оны мекен еткен Бабамыз бен атамыз.

5-оқушы

Отанды жас-кәріміз де Туған жер деп сүйеміз. Өйткені онда бәріміз де Туып, өмір сүреміз.

Хор

«Отан» әні орындалады.

IV. Туған жер: Арал — жүрекке жақын мекен

Мұғалім сұрағы: «Балалар, біздің туған жеріміз, кіндік қанымыз тамған жер қалай аталады?» Жауап: Арал.

Туған жеріміз Арал — Қазақстанның кішкентай ғана бір бөлшегі. Біз осы жерде өмір сүріп жатырмыз. «Туған жер» өлеңі мұқият тыңдалып, ой бөлісуге дайындық жасалады. Бұл сәтте Аралдың өсіп-өркендеуін сипаттайтын суреттер топтамасы слайдтан көрсетіледі.

Талқылау сұрағы

Туған жеріміз Аралды сағынған кезіміз болды ма?

Көркем оқу

Қ. Мырза Әлінің «Не үшін?» өлеңі екі оқушының орындауында оқылады.

Ата-аналар «Туған жер» өлеңін оқиды.

Туған жер туралы мақал-мәтелдер

  • Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың.
  • Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  • Туған жер — алтын бесік.
  • Туған жердің топырағы да ыстық.

Хор

«Атамекен» әні ата-аналардың орындауында айтылады.

Оқушы оқуы

Мирас Ж. Смақов «Туған ел» өлеңін оқиды.

V. Мемлекеттік рәміздер және тәуелсіздік

10-оқушы

Отан дегеніміз — адамның туып-өскен жері, туған-туыстарымен, жақындарымен бірге тұратын атамекені. Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны — Қазақстан Республикасы.

Бәрі бірге: «Қазақстан — Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.»

Тарихи дерек

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері — Ту мен Елтаңба бекітілді. Бүгінде Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Өз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар.

Хор

«Елтаңбасы елімнің» әні орындалады.

11-оқушы

Тас жаратын семсердей тілімдесің, Жүрегімде, дінімде, ділімдесің. Байлығым, бақытымсың, ардақты Отан, Ойым да, түнім де, күнімдесің.

VI. Даналық сөз: үш бидің тағылымы

Қазақ халқы сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеген. Өлең өрнегі мен терең мағыналы нақыл арқылы тәлім-тәрбие берген. Осы орайда үш бидің — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би — даналық сөздеріне назар аударамыз (оқушылар сахналық түрде сөйлейді).

12-оқушы

Жаңа ғана қазағымның таңы атты, Ел деп мақсат қуу — сауапты. Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам Тәуелсіздікті сақтау үшін жауапты.

13-оқушы

Ел тарихы, жер тарихы — өзіміз, Болашақтың қасиетті көзіміз. Барлық ұлтпен бауырласып жетелеу, Ақ пен қараны тіліп тұрса сөзіміз.

Ата-аналар

Тәуелсіздік тақырыбында өлең оқылады.

Хор

«Біз өмірдің гүліміз» әні орындалады.

VII. Патриоттық өлеңдер шеруі

14-оқушы

Отан — менің өзегім, Қиындық болса төземін. Алдағы бақыт шақтарды Жүрегіммен сеземін.

15-оқушы

Отаным — менің өзегім, Қырыңды шарлап кеземін. Білу керек әр ұрпақ Бес саусақтай өз елін.

16-оқушы

Отаным — мәңгі қорғаным, Қалаймын бақыт қонғанын. Сүйемін және сондықтан Өзенін, көлін, орманын.

17-оқушы

Бақытты боп жүргенім Сенің арқаң, Ұлы Отан. Елім менің тірегім, Құшағыңда гүл атам.

18-оқушы

Ата, әжем, әкем, анам — Төртеуі де Отан маған. Төртеуі де «ботам» дейді, Ер азамат атан дейді. Мақтанамын Отаныммен, Отаныма ботамын мен.

19-оқушы

Сарқылмайтын қуатым, Тірегімсің сен, Отан! Мәңгі соғып тұратын Жүрегімсің сен, Отан!

Хор

«Сүйікті Отаным» әні орындалады.

20-оқушы

Кең байтақ Қазақстан — менің туған өлкем. Оның асқар таулары мен айдын көлдері, жайқалған орманы, жасыл жайлауы — менің ақ бесігім. Сондықтан да мен оны анамдай сүйемін.

VIII. Шығармашылық бөлім

Оқушылардың шығармашылық жұмыстары тыңдалады: өз шығармаларын оқып, ойларын ортаға салады, салған суреттерін таныстырады.

21-оқушы

Біз — жас ұлан, Отан-ана өркені, Үміт артқан болашағы, ертеңі. Туған елдің даңқын көкке өрлетіп, Гүлге бөлеп, жасартамыз өлкені.

Ән

«Бақытты балалық шақ» орындалады.

22-оқушы

Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен, Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Ата-аналар

«Туған ел» әні домбыраның сүйемелдеуімен орындалады.

23-оқушы

Отан дейміз кең-байтақ астананы, Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы. Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ, Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

24-оқушы

Қазақстан — көк байрақты ел едің, Сен дегенде лүпілдейді жүрегім. Өзің менің мақтанышым, тірегім, Өзің менің қуанышым, бақытым.

25-оқушы

Қыран құсым көк аспанда самғасын, Желбіресін көк байрағың сан ғасыр! Жас ұландар, берік ұста туыңды, Жарқыратып туған елдің таңбасын.

26-оқушы

Қойнауы мол кенге тұнған, Кең жайлауы малға толған, Жерұйықтай жері дархан, Жаны жомарт елі дархан.

Бәрі бірге: «Ол — біздің Қазақстан!»

Нұрай

М. Мақатаевтың «Отан» өлеңін оқиды.

Хор

«Біз Қазақстан балаларымыз» әні орындалады.

Қорытынды

Бәрі бірге: «Қазақстан, сен заңғар биіксің, кеңсің. Біздің жанымыз өзіңе деген мақтанышқа бөленген. Біз сенің атыңды жер бетіне жар салатын перзентіңбіз, тәуелсіздікті мықтап қолға ұстайтын балаңбыз!»

Мұғалімнің түйіні

Біз — тәуелсіз қазақ елінің ең жас жеткіншектеріміз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық.

Ұстаздар, ата-аналар, оқушылар — сіздерге көп рақмет. Сау болыңыздар!