Ұстаз болған баршаға, Ардақты жандар қаншама
Кіріспе
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Талшық селосы. Тәрбие ісінің меңгерушісі әрі тарих пәнінің мұғалімі Ақтаева Бақыт Абайқызы. Мерекелік кештің идеясы — ұстаз еңбегін ұлықтау, алғыс айту, шәкірт жүрегіндегі ықыласты көркем сөз бен өнер арқылы жеткізу.
Сахна сыртынан (жүргізуші)
Алдамасын үміт, бізді жетелесін арманға,
Ұстаздардың қасиетін кемітетін жан бар ма?
Еліміздің келешегін тәрбиелеп отырған,
Бас иіңдер — ұстаз деген қасиетті жандарға!
Көз алдыма елестейді бір алып,
Келбеті де, тұлғасы да тұр анық.
Ақыл алып келе жатыр өзіңнен,
Өзіңменен келе жатыр нұр алып.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Армысыздар, қадірменді көрермен қауым, ардақты ұстаздар!
2-жүргізуші
Армысыздар! Бүгінгі ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз — мектептің жүрегі» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін — ерекше мерекелі күн. Қазан айы ұлы мерекелерге толы. Қазанның алғашқы күні — ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса, бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ.
2-жүргізуші: Ұстаз — ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей шуақ береді.
Өсиет сөз
1-жүргізуші: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, шәкіртінің өзінен де озғанын қалаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!
2-жүргізуші: Өнерпаздар жарысып, сан салалы, жиын десе, той десе жан салады. Кешіміздің ашылу құрметіне әуеленген әсем ән жолданады. 6-сынып оқушыларының орындауында _____ әнін қошеметпен қарсы алыңыздар.
Құттықтау және құрмет
1-жүргізуші: Ажырамай мектептен бір елі сіз, жақсылыққа жаралған жүрегіңіз. Сөз берелік құрметпен өзіңізге — ұстаздарға арналсын тілегіңіз! Мерекелік құттықтау сөзі мектеп директоры Искакова Баян Неғметқызына беріледі.
Сауалнама нәтижелері
Мектепте ұстаздар мерекесі қарсаңында оқушылар арасында 7 номинация бойынша сауалнама жүргізілді. Қорытындысын жариялауға рұқсат етіңіздер:
- Ең белсенді ұстаз
- Ең сұлу ұстаз
- Ең білімді ұстаз
- Ең қамқор ұстаз
- Ең ардақты ұстаз
- Ең мейірімді ұстаз
- Ең сүйікті ұстаз
Көрініс
10-сынып оқушыларының қатысуымен сахналық көрініс.
Би
11-сынып оқушыларының орындауында вальс.
Қошемет
Ұстаздарға арналған жылы лебіздер мен алғыс.
Ұстаздарға алғыс
1-жүргізуші: Тұғыры биік Тәуелсіздігіміздің жасампаздығына көз жеткізіп, өздерінің еңселі еңбектерін шәкірт ғұмырына арнаған аға буын ұстаздарымыз ортамызда. Ұлы Әуезов тілімен айтсақ: «Алдыңғы артқы жасқа жақсы тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы». Ендеше, ұстаздарымызға зор қошемет көрсетейік. Сіздерге мың алғыс!
- Искакова Баян Неғметқызы
- Амирханова Сания Сатылғанқызы
Шәкірттер үндеуі және өнер
2-жүргізуші: Сағыныш сазы толқытқан, арнамақ сөздің мәйегін. Шәкірттерің оқытқан — келіп тұр жолдап сәлемін. 5-сынып оқушыларын қарсы алыңыздар (өлең оқылады).
Би
9-сынып ұлдарының орындауында брейк-би.
Шәкірт сөзі
Ғылым иесі — ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да — бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәлім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Сіздерге мың алғыс!
- Абдыкеева Күлжиян Ануарбекқызы
- Даньяров Қанат Дюсенбайұлы
Көрініс
5-сынып оқушыларының қатысуымен сахналық көрініс.
Ән
2-жүргізуші: Білімнің кәусар бұлағын жүресің құйып санама. Біз үшін сенсің мұғалім — ұстаз да, ғалым, дана да. Жайнагүлдің орындауында «Аппақ гүлдер» әні.
Ұстаз туралы ой
1-жүргізуші: Мұғалім — зор тұлға. Мен ұстаздарымды күннің құдіретті сәулесіне теңеймін. Мұғалім — әділ де турашыл, жоғары мәдениетті, салмақты, әдепті, кішіпейіл, мәңгілік нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз, лаулаған жалын иесі. Сіздерге мың алғыс!
- Абдирахманова Гүлжайна Музафарқызы
- Тұңғышхан Бекенайұлы
Би
2-жүргізуші: «Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас. Қамдан, жатпа, заманыңмен хабарлас…» Алдарыңызда өз өнерімен келген 11-сынып оқушысы Әсемнің биі. Қошеметпен қарсы алыңыздар!
Көрініс
1-жүргізуші: Ұстаз болған баршаға — ардақты жандар қаншама. Шәкіртің күнде қуансын, шаршама, ұстаз, шаршама! Ұстаздарға арналған 10-сынып оқушыларының көрінісін қабыл алыңыздар.
Ақ тілек
2-жүргізуші: Ұстаздар қартаймасын, қажымасын, әрқашан өмір жасы ұзақ болсын. Немере, шөберенің бетін сүйіп, Тәңірім бақтан бізді айырмасын.
Тілек жалғасы
1-жүргізуші: Жақсылық атаулыға жаршы жандар, жамандық атаулыға қарсы жандар. Баланы сусындатып өсіруге, білімнің бұлақ көзін аршығандар...
Көрініс
8-сынып оқушыларының қатысуымен сахналық көрініс.
Би
9-сынып қыздарының орындауында би.
Қиял-теңеу
2-жүргізуші: Суретші болсақ — ең әсем бейнені ұстазға арнаймыз; сәулетші болсақ — ең көрікті ғимаратты ұстаздарға саламыз; сазгер болсақ — жүрек күйін тербетер асыл әнді ұстазға шырқаймыз; ақын болсақ — нұрлы жылдардың әр тармағын аяулы ұстаздарымызға арнаймыз.
Өнер бөлімі
Би: 7-сынып оқушылары.
Ән: Ақжібектің орындауында _________ әні.
Қорытынды
1-жүргізуші: Осымен мерекелік кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет. Келген қонақтарымызға алғысымызды білдіреміз: қанаттарыңыз биікке қағыла берсін!
2-жүргізуші: Қош, сау болыңыздар! Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ұстаздар!