Айға сапар
Сабақ тақырыбы
«Сапар мен парта» (мысал). Авторы — Адырбек Сопыбеков.
Жалпы мақсат
- Адырбек Сопыбековтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру.
- Шығарманың негізгі ойын оқушының өз бетімен түсінуіне жағдай жасау.
- Еркін сөйлеуге, пікір алмасуға, бір-бірінің ойын тыңдап, құрметтеуге тәрбиелеу.
- Өзекті мәселені шешу жолдарын іздеу арқылы қиындықты жеңуге баулу.
Сілтемелер мен ресурстар
- 4-сынып, «Ана тілі»: С. Рахметова, Т. Әбдікәрімова, Р. Базарбекова.
- Слайд, бейнефильм, сабақ жоспары, мультимедиа.
Күтілетін нәтижелер
Оқушы үшін
- Мысал жанры туралы түсінігі қалыптасады.
- Шығарманың негізгі ойын ашады және тәрбиелік маңызын түсінеді.
- Өз ойын еркін айтуға дағдыланады, тыңдау мәдениеті артады.
- Жұппен, топпен жұмыс істеп, кедергіні бірлесе еңсерудің жолдарын іздейді.
Мұғалім үшін
- Оқушының мәтінді өз бетінше түсінуі және жұпта/топта еркін жұмыс істеуі байқалады.
- Негізгі ойды анықтап, тәрбиелік мақсатты ұғынуы бағаланады.
Негізгі идеялар
Мысалдың түйіні
Шығарманың негізгі ойын түсіну және оны өмірмен байланыстыру.
Ынтымақтастық
Жұптық және топтық жұмыста сөйлеу, тыңдау, келісу мәдениетін меңгеру.
Шығармашылық
Жазу, талдау, сахналау арқылы шығармашылық қабілетті дамыту.
Жауапкершілік
Өзіндік пікір айту, тәртіп пен қарым-қатынас сапасын жақсарту.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру және психологиялық дайындық
Оқушылармен амандасу, жағымды ахуал қалыптастыру:
Сәлеметсіздер ме, балалар! Көңіл-күйлерің жақсы ма? Сендерді көргеніме қуаныштымын. Бүгін бәрің әдемі болып кетіпсіңдер.
Күндей жадырап, айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап,
Судай таза көңілмен — бүгінгі сабағымызды бастаймыз.
2) Үй тапсырмасын тексеру
«Арыстан мен Тышқан» мысалы бойынша үш топқа да көрініс көрсету тапсырмасы беріледі.
3) Қызығушылықты ояту: «Армандайық!»
Оқушылар көзін жұмып, баяу әуен қосылған күйде мұғалім мәтінін тыңдайды.
Мұғалім мәтіні
Міне, жарқырап күн нұрын шашып тұр. Күннің алтын шапағы бетімнен сүйіп алғандай болды. Терезеден далаға көз салдым. Көз ұшында дала төсінде жайқалып өскен түрлі-түсті гүлдер көрінеді. Табиғат-ана бар сыйын осы гүлдерге сыйлағандай. Табиғат — тіршіліктің бесігі. Ал мына даланың төсінде керіліп жатқан таулар тізбегі мен сол тауларда құлпырып өскен өсімдіктер — тіршіліктің қоймасы тәрізді. Мен болсам сол табиғаттың ақылды перзентімін. Осы тау етегіндегі мекен — мен білім алып жатқан, мақтан тұтар орным.
Топқа бөлу
Гүл түрлеріне байланысты топтарға бөліну.
Ұйымдастыру
Топ басшысын сайлау және бағалау парағын тарату.
Ой түрткі сұрақтар
- Осы мәтінді тыңдай отырып, өздеріңді қайда жүрмін деп елестеттіңдер?
- Сапар терезені неге ашты?
- Күннің шапағы қандай әсер берді?
- Ол нені көрді?
- Тауды неге теңейді?
- Тау етегінен нені байқады?
- Табиғат-ана нені «сыйлағандай» болып көрінеді?
- Табиғат нені білдіреді?
- Сапар қайда жүр?
- Ол нені мақтан тұтады?
- Өздеріңе мектепте оқу ұнай ма? Неліктен?
4) Мағынаны тану: жаңа сабақ
Бүгін біз «Сапар мен парта» мысалымен танысамыз. Бұл мысалды елімізге белгілі ақын Адырбек Сопыбеков жазған.
Адырбек Сопыбеков туралы қысқаша мәлімет
Адырбек Сопыбеков 1937 жылы 5 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.
1967–1985 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде әдеби қызметкер, Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетінің редакторы, аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Кітап қоғамы аудандық ұйымының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
1985 жылдан аудандық мәдениет бөлімі жанындағы Қазақстан халық ақыны М. Көкеновтің шығармашылық өнер мектебінің ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарған. 1990 жылдан осы өнер мектебінің директоры болып еңбек еткен.
Шығармалары (іріктеме)
- «Көзілдірік». Өлеңдер (1966)
- «Айға сапар». Фантастикалық поэма (1967)
- «Шешілген жұмбақ». Суретті кітапша (1969)
- «Кім қалай ұйықтайды». Өлеңдер мен аңыздар (1973)
- «Көктем жыры». Өлеңдер (1976)
- «Базарлық». Өлеңдер (жинақ)
«Барлық білім кітапта» екені баршамызға белгілі. Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқиды, ал оқушылар мұқият тыңдап, INSERT әдісі арқылы түсініксіз сөздерді түртіп алады.
5) «Өзім үшін жазамын»: монологты табу
Кейіпкердің ішкі сезімін білдіру үшін өзімен-өзі сөйлескен сөзі монолог деп аталады. Тапсырма: мәтіннен монологты табу.
6) РАФТ әдісі: жазылым тапсырмалары
1-топ
Парта → Сапар
Жанр: хат. Тақырып: «Менің мүшкіл халім» (Парта Сапарға хат жазады).
2-топ
Сапар → сынып жетекшісі
Жанр: түсініктеме. Тақырып: «Түзелуге сөз беремін».
3-топ
Сынып жетекшісі → ата-ана
Жанр: электрондық хат. Тақырып: «Сапардың тәртібі».
7) Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың зейінін сергіту.
8) Ой толғаныс: «Ыстық орындық»
Өз жұмысын оқығысы келетін оқушы ортадағы биік орындыққа отырып оқиды. Әр топ бір сұрақтан қояды.
9) Бағалау
Бағалау парағын топ басшысы топ мүшелерімен ақылдаса отырып толтырады. Жалпы ұпай шығарылып, әр оқушының бағасы айтылады.
| Оқушының аты-жөні | Тәртібі | Үй жұмысы | Сұрақтарға жауап | РАФТ | «Автор орындығы» | Жалпы ұпай |
|---|---|---|---|---|---|---|
Әр дұрыс жауап 5 баллмен бағаланады. Қорытынды баға:
- 5 — 21–25 ұпай
- 4 — 14–20 ұпай
- 3 — 5–13 ұпай
- 2 — 0–4 ұпай
10) Үй тапсырмасы
1-топ
Өлеңді мәнерлеп оқу.
2-топ
Монологті жаттау.
3-топ
Тақырыпқа байланысты сурет салу.
11) Сабақтан алған әсерім: кері байланыс
Оқушылар кестені толтырып, түстер арқылы өз түсіну деңгейін белгілейді: жасыл — түсіндім, сары — түсінгендеймін, қызыл — түсінбедім. Соңында кітаптың айналасына «күн шапағын» жапсырады.
- Мен сабаққа қатыстым: белсенді / белсенді емес.
- Сабақтағы өз жұмысыма ризамын: риза / риза емеспін.
- Сабақ мен үшін: қысқа / ұзақ.
- Сабақта өзімді: жақсы сезіндім / шаршадым.
- Көңіл-күйім: жақсарды / мүлдем нашар.
- Сабақ мен үшін: түсінікті / түсінікті емес.
- Мұндай сабақтар: қызықты / қызықты емес.
- Жұппен, топпен жұмыс істеу: ұнады / ұнамады.