Балалар сендер естідіңдерме
Түрі: топтық сайыс
Мақсаты: күз мезгілінің көңіл күйін сезіндіру; балалардың зейінін, өнерге қызығушылығын арттыру; есте сақтау қабілетін дамыту; шығармашылыққа және еңбекке тәрбиелеу.
Бұл тәрбиелік іс-шара «Шалқан» ертегісінің желісімен ұйымдастырылып, «Алтын күз» тақырыбы аясында балалардың өнерін, тапқырлығын және топтық бірлігін көрсетуге арналған.
Кіріспе қойылым: «Шалқан» және Алтын күз
Жүргізуші
Ерте, ерте, ертеде бір кемпір мен шал болыпты. Олар көктемде жерге шалқан егіпті. Күз келгенде шалқан өте үлкен болып өсіпті.
Сол кезде кемпір: «Әй, шал, шалқанды жұлайық, тез кел!» — депті. Бірақ шал: «Қолым тимейді, астық жинауға кетіп барамын. Сен өзің жұларсың» — деп кетіп қалады.
Кемпір мен Шалқан диалогы
Кемпір шалқанға жақындап: «Біздің шалқанымыз қандай үлкен, әдемі! Басындағы жапырағына қараңдаршы, балалар! Сендерде осындай үлкен шалқан бар ма?» — дейді.
Шалқан:
Иә, мен үлкен, әдемі шалқанмын.
Бақшада өстім кең жатқан,
Жер — анам менің көсілген.
Атам мені суарып,
Үлкен қылып өсірген.
Кемпір таңырқап: «Ой, кім сөйлеп тұр? Балалар, сендер естідіңдер ме?» — дейді.
Шалқан: Иә, мен сөйлейтін шалқанмын.
Кемпір: «Ғажап! Мұндай шалқанды кім көрген? Мен енді мұны қалай жұламын?»
Шалқан: «Ой, шашым-ай, тимеңізші маған! Мен ерекше шалқанмын. Егер менің тілектерімді орындасаңыз, мен өзім-ақ жұлынамын».
Кемпір: Ол қандай тілек?
Шалқан: «Мына балалар ортаға шығып сайыссын».
Кемпір: «Шалқан, тілегіңді орындауға әзірміз. Өйткені біздің балабақшада өнерлі бүлдіршіндер жетерлік. Ендеше “Алтын күз” топтық сайысына қатысушыларды шақырайық!»
Күз туралы ортақ шумақ
Күз айы басталды,
Құстар қайта оралды.
Жапырақтар сарғайып,
Жерге түсе бастады.
Бүгін мейрам, бүгін той,
Қуанышты күн біліп қой.
Күзгі бақтай сыңғырлап,
Алақанды соғып қой.
Сайыс құрылымы
Жүргізуші
Ортаға сайыскерлерімізді шақырайық және әділқазылар алқасымен танысайық.
Әділдікпен баға берер топтарға,
Әділдікпен қара қылды жаруға,
Қазылар алқасы салайық —
Үздік топты бүгін таңдауға.
1-бөлім. Таныс болайық
Кіші топ таныстыру
Хидаят:
Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып,
Тұрған ол — мен, қызанақ,
Күнге қарай иіліп.
Аяулым:
Картоп біздің атымыз,
Жер астында жатырмыз.
Бір тамырдан тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
Таңшолпан:
Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянға да азықпыз,
Сәбіздерміз жазықсыз.
Ардақ:
Ақ түсім бар — қант алар,
Қызыл түсім — қанға нәр.
Зияным жоқ, біліп қой,
Қызылшамын — пайдам бар.
Ортаңғы топ таныстыру: «Жемістер әлемі»
Баяғы өткен заманда,
Бағбан ата бағында,
Алуан түрлі жемістер
Әдемі өмір сүріпті.
Күз айының кезінде
Сауық-сайран құрыпты.
Бәрі жиналып келіпті...
Айда (Алма):
Мен алмамын, алмамын,
Тіл үйірер бал дәмім.
Нұрасыл (Алмұрт):
Тіл үйірген алмұртпын,
Таңсығымын бар жұрттың.
Жақсы өсіре алмайды,
Қараса егер салғырт кім.
Еркеназ (Құлпынай):
Жапырақты тасалап,
Өсетін жерім — бақша-бақ.
Күрең қызыл құлпынай,
Менің атым — Құлпынай.
Исламбек (Өрік):
Дөп-дөңгелек, сары,
Ішінде бар дәмі.
Қызығасың көріп,
Менің атым — Өрік.
Жібек (Жүзім):
Іші толған шәрбат,
Дәмі сондай айбат.
Үзесің бірден жүзін,
Менің атым — Жүзім.
Ұран:
Бақта өсіп жайнаймыз,
Дәруменге біз баймыз.
Дастарханға сән берген,
Балаларға әл берген —
Жемістерміз біз деген!
Ән: «Көңілді жаңбыр» (ортаңғы топ)
Бөлімдер мен тапсырмалар
2-бөлім. Өнерліге өріс кең
(Күз туралы тақпақ, ән, би сайысы)
Ал, балалар, бастайық,
Қол соғайық, тұрмайық.
Күзгі сайыста бүгінгі,
Шырқап әнге салайық.
Ортаңғы топ: Би — «Жапырақтар»
Еркеназ: Жайдары күз, жарқын күз, аяулы күз, алтын күз. Дәнге толып кең далам, дариядай шалқыған.
Айда: Ой, балалар, балалар, қоңырқай күз келіпті. Қурап жапырақ солыпты, ел егінін орыпты.
Исламбек: Жаздай күткен бәріміз — сары алтындай сары күз. Алтын ұя бақшада, сабақ бастар шағымыз.
Нұрасыл: Берекесін сыйлауға өлкемізге күз келді. Жемістерін жинауға шақырады біздерді.
3-бөлім. Күз әлеміндегі ертегі ғажайыптары
(Қойылым)
Би: «Балапан»
4-бөлім. «Жемістер мен көкөністерді орналастыр»
(Ойын)
- Топтық үйлесім мен жылдамдық бағаланады.
- Тапсырма орындау барысында атауларды дұрыс айтуға мән беріледі.
5-бөлім. «Күздің сыйы»
(Аппликация)
Ән: «Балдырғандар маршы»
6-бөлім. «Он саусағы майысқан — шебер болар»
(Құрастыру)
Ән: «Біздің балабақшамыз»
7-бөлім. «Күз ханшайымы мен ханзадасы»
(Сән үлгісі)
Күз тақырыбына сай киім үлгілері таныстырылады, образдың мазмұндылығы мен ұқыптылығы бағаланады.
Әр топ өзін таныстырып, таңдаған идеясының мағынасын қысқаша айтады.
Қорытынды: уәде орындалады
Кемпір: «Ал, шалқан, олай болса уәдеңде тұр!»
Шалқан: «Балалар, сендердің өнерлеріңе тәнті болып, әбден толысып-жетілдім. Мені Жер-ана жеңімпаздарды анықтауға және сыйлықтарын тапсыруға жіберді».
Кемпір: «Олай болса, әділқазыларға сөз кезегін берейік».
Осымен «Алтын күз» — «Шалқан» ертегісі желісімен өткен тәрбиелік іс-шарамыз аяқталды.