Аюмен амандасу
Сабақтың мақсаты
Жыл бойы өткен тақырыптарды бекіту: отбасы, жыл мезгілдері, үй жануарлары, жабайы жануарлар, дене мүшелері, киімдер, ойыншықтар, сандар, санамақтар, жемістер, көкөністер, азық-түліктер және т.б.
-
Дамытушылық
Есте сақтау, ойлау қабілеті, сөздік қор және сұрақтарға сөйлеммен жауап беру дағдыларын дамыту.
-
Тілдік мақсат
Жай сөйлем құрастырып, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
-
Тәрбиелік
Кішіпейілділікке, қамқорлыққа, ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа тәрбиелеу.
-
Негізгі сөздер
Өткен материалдар бойынша сөздік қор.
Қолданылатын құралдар мен әдістер
Көрнекілік құралдар
- Мазмұнды суреттер, үлестірмелі суреттер
- Проектор, слайдтар
- Тақта
- Қоржын, асықтар
- Ойыншық аю
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Ойын
- Практикалық жұмыс
- АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар)
Мотивациялық-қозғаушылық кезең
Амандасу және «Шаттық шеңбері»
Балалар шеңберге тұрып, бірге айтады:
Сәлем саған, алтын күн,
Сәлем саған, көк аспан,
Сәлем саған, жер-ана,
Сәлем саған, достарым!
Көптілді амандасу
Сәлеметсіз бе! Здравствуйте! Good morning!
Сұрақ-жауап
- Көңіл күйлерің қалай?
- Жақсы!
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем.
- Бүгін ауа райы қандай?
- Күн шуақты (бұлтты, жылы, салқын).
Ұйымдастырушылық-ізденушілік кезең
Жыл мезгілдері
Мақсаты: мезгілдердің ерекшеліктерін атап, бір-бірінен ажырата білу.
1) Жұмбақ
Қар, мұз еріп,
Су көбейіп,
Жапырақ ашып,
Бәйшешектер басады.
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады?
Жауабы: Көктем.
2) Жұмбақ
Өрік, алма,
Жидек, жүзім піседі.
Қауын, қарбыз,
Қияр, сәбіз дүкендерге түседі.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай мезгілде болады?
Жауабы: Жаз.
3) Жұмбақ
Бұлттар төніп, жерге төгіліп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала нұры қашады.
Ойнай алмай,
Денең мұздап тоңады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай мезгілде болады?
Жауабы: Күз.
4) Жұмбақ
Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Қарға омбығып,
Бет домбығып,
Сырғанап жастар ойнайды.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай мезгілде болады?
Жауабы: Қыс.
Қорытынды
Жарайсыңдар! Мезгілдерді дұрыс ажыраттыңдар.
Бөбекжай және отбасы
Мақсаты: отбасы мүшелерін қазақ тілінде атай білу.
Сұрақтар
- Біздің бөбекжай қалай аталады?
- Бөбекжайға бүгін кіммен келдіңдер?
Күтілетін жауап үлгілері
- Біздің бөбекжай «Золотой ключик» деп аталады.
- Ана, әке, әже, ата, аға және т.б.
«Көктем тынысы» (қысқа релаксация)
Қазір көктем мезгілі. Көзімізді жұмып, көктемнің таза ауасымен терең тыныстап алайық.
Табиғат дыбыстары бар слайд
Қонақ: ойыншық аю
Аю қысқы ұйқысынан оянып, серуендеп жүріп бөбекжайға қонаққа келді.
Жабайы жануарлар
Сұрақ: Аюмен бірге орманда тағы қандай жабайы жануарлар өмір сүреді?
Слайд: «Жабайы аңдар»
Ойын: «Құйрығын тап»
Мақсаты: жануарларды құйрығына қарап атап, ажырата білу.
Слайд / тақтамен жұмыс
Үй жануарлары
Суретпен жұмыс: үй жануарларын атап шығу.
Ойын: «Төлдерін ата»
Мақсаты: үй жануарларының төлдерін атай білу.
Ойын: «Қай жануардың дауысы?»
Мақсаты: дыбысты тыңдап, есту қабілетін дамыту.
Слайд
Қимылды ойындар және сергіту
Ойын: «Кім жылдам?»
Шарты (педагог айтқан сөзге сәйкес қимыл жасау):
- БАС — басымызды қимылдатамыз.
- ҚОЛ — қол шапалақтаймыз.
- АЯҚ — аяқты топылдатамыз.
- КӨЗ — көзімізді ашып-жұмамыз.
- МҰРЫН — мұрнымызбен терең дем аламыз.
Сергіту сәті (аюмен бірге)
1) Ормандағы аюдың,
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп алайық,
Қалтамызға салайық.
2) Доп, доп — топ, топ,
Теуіп қалдым допты,
Доп жоқ — қап, қап,
Тап, тап!
Ойыншықтар және сөздік жұмыс
Доп табылды: «Доп дегеніміз не?» — Доп ойыншық екенін анықтаймыз.
Ойын: «Аудармашылар»
Шарты: балалар шеңберде тұрады. Педагог допты лақтырып, ойыншық атауын орысша айтады, балалар допты кері лақтырып, қазақша баламасын атайды.
кукла
қуыршақ
кубик
текше
медведь
аю
заяц
қоян
машина
машина
велосипед
велосипед
пирамида
пирамида
мяч
доп
Сандар және санамақтар
1–10 сандарын қайталау: тура және кері санау.
Санамақтар
1) Домалайды тоқтамай,
Қызыл, сары, жасыл доп.
Қызыл, сары, жасыл доп —
Сонда бәрі неше доп?
Жауабы: Үш доп.
2) Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Бесті беске қосқанда,
Болып шықты неше саусақ?
Жауабы: Он саусақ.
Тапсырма: «Қанша?»
Мақсаты: суреттегі заттарды тиісті санмен сәйкестендіру.
Слайд: «Қанша?»
Тақырыпты кеңейту: «Азық-түліктер»
Суреттер арқылы азық-түлік атауларын қайталау.
Слайд: «Азық-түліктер»
Сөйлем құрастыру: «Сиқырлы қоржын»
Қоржында сандар жазылған асықтар және сөздер бар: Мен, ішемін, жеймін. Осы сөздерді қолданып сөйлем құрастырамыз.
Сөйлем үлгілері
- Мен айран ішемін.
- Мен бауырсақ жеймін.
Қосымша тапсырма (аюға көмектесеміз)
Аю бал мен балықтың суретін әкелді. Аюға сөйлем құрастырып берейік:
- Аю бал жейді.
- Аю балық жейді.
Қоштасу және «Сиқырлы әріптер»
Аюдың орманға қайтатын уақыты келді. Ол бізбен қоштасып, сыйлық ретінде «сиқырлы әріптерді» таныстырады.
Әріптер
Қоштасу
Балалар: «Сау бол, аю!»
Рефлексиялық-түзетушілік кезең
Сұрақ
Бүгін бізге қандай жануар қонаққа келді?
Жауап: Аю.
Сұрақ
Аюмен бірге қандай ойындар ойнадық, не туралы айттық?
«Бұл қай кезде болады?», «Құйрығын тап», «Төлдерін ата», «Қай жануардың дауысы?», «Кім жылдам?», «Аудармашылар», «Сиқырлы қоржын» және т.б.
Аяқтау
Сабақ аяқталды. Сыйлықтар таратылады. Қоштасу.
Сау болыңыздар!