Дүниеде ана қадірлі

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ана — өмір шуағы»

Бұл тәрбие сағаты 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналып, анаға деген құрметті арттыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және балалардың тіл мәдениеті мен ой-өрісін дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  1. 1) 8 наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру; отбасындағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту; бала жүрегінде анаға деген сүйіспеншілікті ояту.
  2. 2) Ұят, әдеп, ізгілік сияқты жақсы қасиеттерді тануға және үйренуге баулу; логикалық ойлауын, тіл байлығын, сөздік қорын, шығармашылық қабілетін дамыту.
  3. 3) Мейірімділікке тәрбиелеу; ананың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге үйрету; анасын сүю арқылы елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Суретті плакаттар
  • Қабырға газеттері
  • Нақыл сөздер
  • Гүлдер

Сабақ құрылымы

  • I бөлім: Ұйымдастыру, кіріспе, көріністер мен әдеби монтаж
  • II бөлім: Мерекелік ән-шашу, би қойылымдары
  • Қорытынды: Құттықтау сөздер, тілек

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар сахна төріне шығады. Ана туралы нақылға айналған жылы ойлар мен тәрбиелік жолдар оқылады.

Ана туралы шумақтар

Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.

Күннің шуағы — жылы, ананың құшағы — жылы.

Ана — үйдің берекесі, бала — үйдің мерекесі.

Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.

Ана — өмір себуші.

Қыз ақылы — анадан.

Ана жүзі — күлімдеген күн көзі.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті ұстаздар, аяулы аналар, көктем күніндей құлпырған қыздар! Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Адам бойындағы бар жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған. Сондықтан қадірлі аналар, ардақты апайлар, қызғалдақтай қыздар — бүгінгі мерекелеріңіз көктемдей жарқын, гүлдей құлпырып өтсін!

1-бөлім. Көрініс: «Ата мен бала»

Автор баяндауы

Ерте, ерте, ертеде — көктемнің көк майсағы жайқалған, жердің жүзі түрленген шақта «Көңілді Көктем» атты патшалық болыпты. Бұл патшалыққа жадырап Наурыз келіп, дүние жаңарып, әлем құлпыра түсіпті.

Елге сыйлы, ақылды хан бұл патшалықты басқарыпты. Оның қайсар, қайратты жеті ұлы, ай десе аузы, күн десе көзі бар жеті қызы болыпты. Патшалықтың іші мейірім мен шапағатқа толы, үлкен махаббаттың ордасындай екен.

Хан өз ұлдарының ішінен мұрагерін таңдауға бел буып, оларды сынамақ болады.

Ханның талабы

Хан: Ұлдарым мен қыздарым! Мен қартайдым. Сендерге қояр талабым бар: кімнің өнері мен ақылы көркіне сай болса, сол менің мұрагерім болады.

Автор: Хан ұлдарын қасына жинап, сұрақ қояды.

Хан: Балам, үйдегі алтын қазық кім?

Бала: Үйдегі алтын қазық — бала. Ол — мен.

Хан: Жоқ, балам. Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға үлгі. Ана сыйламағанның ақылы кем. Ананың мейірімі — көзінде, ақылы — сөзінде.

Абыз қарияның сауалы

Қария: Дат, тақсыр!

Хан: Датың болса, айт!

Қария: Балам, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

Бала: Ашты тоқ, жоқты бар ететін — мейірімді әке.

Қария: Жоқ, балам. Әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін — ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

Хан: Жауаптарыңа көңілім толмады. Ханзаданы шақырыңдар!

Ханзада: Алдияр, әке, не бұйырасыз?

Хан: Өнеріңді көрсет.

Ханзада: Ана! Ана! Неткен қастерлі, қасиетті сөз! Осы үш әріптен тұратын ұлы сөздің түбінде қаншама сезім, қаншама құдірет жатыр. Ананың ыстық алақаны жүрекке жылу береді, әр сөзі адамзатқа өшпес нәр береді. Дүниеде анадан қадірлі жан жоқ.

Ананың оралуы және қыздардың сағынышы

Патшалықтың аяулы анасы алыста тұратын бауырының үйінде болып, бір аптадан кейін оралады. Қыздары аналарын сағынышпен қарсы алады.

1-қыз: Анашым, мен сені күн сәулесін күткен көкнәр гүліндей сағындым.

2-қыз: Анашым, мен сені бір тамшы суды аңсаған шөл даламдай күттім.

3-қыз: Мен енесін сағынып шырылдаған кішкентай балапандай болып жыладым.

4-қыз: Мен сенсіз гүл таппаған арадай болдым.

5-қыз: Түсімде сен раушан гүлінің үстіндегі шықтай болып көріндің.

6-қыз: Шие бағын іздеген бұлбұлдай жолыңды тосумен болдым.

Кіші қыздың ісі

Жетінші қызы сөзге көп бармайды: анасының қолын жууға су әкеледі, ас әзірлеп, дастарқан жайып, шай құяды.

Ана: Қызғалдақ қыздарым! Бәрінен де мені ең кіші қызым қатты сағыныпты.

Сабина: Бізге осы жарық дүниені сыйлаған кім?

Бәрі: Ана.

Сабина: Түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегін бөлеген кім?

Бәрі: Мейірімді ана.

Сабина: Құрметті, ардақты аналар! Сіздер — адамға өмір нәрін себуші құдірет иесісіздер. Біз сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз. Бүгінгі мерекеде балапандарыңыздың құрметін қабыл алыңыздар: бүгінгі ән де, би де — бәрі сіздер үшін.

Ән

«Құттықтаймын, мама, туған күніңмен»

Әдеби монтаж

Оқушылар ананың орны, әйел-ананың қоғамдағы биік мәртебесі туралы өлең шумақтарын кезекпен оқиды.

Өлең шумақтары

Нұрдәулет: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап, Ана дейді жас сәби де жарқылдап. Ана деген — бәйтерегі өмірдің, Ана деген алтын қазық, алтын бақ!

Сабина: Адамзат ең алдымен ана алдында парыздар. Ана алтын-күміс, ақ орда сұрамайды; ана баласының ер жетіп, адам болғанын қалайды.

Заманбек: Ана тек баласының ғана қамқоршысы емес — ол адамзаттың амандығын тілеп, соған күш жұмсайды. Сол себепті 8 наурыз — халықаралық мереке болып белгіленген.

Бақытжан: Жан ана, құттықтаймын мерекеңмен, Көктемнің құлпыра бер нар гүлімен. Төрлесін елдің берген бақыт бағы, Жазбасын шат көңілің ақ күніңмен!

Талшын: Ана десем алғыс алам халқымнан, Ана десем теңіз болам шалқыған. Ана десем ашылады қабағым, Ана десем әділдікті ұғамын.

Жалғас өлеңдер

Жанболат: Анам менің панам ғой, содан қорған табам ғой. Асықпа, ана, ертең-ақ отың болып жанам ғой.

Бауыржан: Әлпештеген баласын, ана — бақыт, ана — күн. Әркім сүйіп өзінің, мақтан етер анасын!

Әділбек: Құрметтейік, о адамдар, аналарды — бізді өмірге әкелген даналарды. Ана деген асыл жан ғой, әр қадамды оймен басар.

Нұрдос: Аналар — ау, менің шалқар көлдерім, көлдерім мен асқар-асқар белдерім. Бұл өмірде қуанып жүргенім — сенің арқаң, жарыққа келгенім.

Бекхан: Бастадым сөзімді «Ана» деп мен, себебі анам ғой мені адам еткен. Өмірдің бар асылын бойына жиған, дүниенің ардақтысы — анам екен.

Қысқа құттықтаулар

Әсел: Сенен өскен балалар, сенен өскен даналар. Құттықтаймыз мейраммен, құрметті асыл аналар!

Айбек: Достықты біз ойлаймыз, бірге күліп ойнаймыз. Қыздарды да құттықтап, мерекесін тойлаймыз.

Аружан: Адам бар ма ана сүтін татпаған, ауыр сыннан өтпеген? Адалдық пен ар-намысты сақтаған — мен анаммен мақтанам.

Алтынай: Әже деген көп шығар, әжелердей жоқ шығар. Мейірімді бұл кісі, қандай ғажап күлкісі.

Оңалай: Аналарды сүйеміз, сөзін ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз.

Арыстан: Ерлік, еңбек атқарған, еңбегімен мақтанған. Ел сенімін ақтаған — айналайын ақ мамам.

Аида: Қанаттанса балапан, қалайынша ұшпайды? Әрбір қыз, әр бала — анасына ұқсайды.

Қасым: Ана — бақыт, ана — күн, ана — өмір тірегі. Ана — өмір себуші, ана — сарқылмайтын бұлақ.

Көрініс: «Ананың жұмбағы»

Оқиға желісі

Автор: Бірде көп балалы ана ұлдарына жұмбақ жасырыпты.

Ана: Балапандарым, бір жұмбақ айтамын. Егер бір адам сендерді 9 ай «абақтыға» жапса, кейін аузыңа өкпе тықса, арқандап ағашқа таңса — сол адамға не істер едіңдер?

Тұңғыш ұл: Оның басын балтамен шабар едім.

Екінші ұл: Мен оны мылтықпен атып тастар едім.

Үшінші ұл: Оның мұрнын бұзар едім.

Кенже ұл: Жоқ, ана. Бұл — ақымақтың ісі. Мен ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Өйткені ол мені жарық дүниеге әкелген жан — асыл ана. Сіз бізді 9 ай көтердіңіз, жарық сыйладыңыз, қырқынан шығардыңыз, бесікке бөледіңіз. Жұмбағыңыздың шешуі — осы.

Ана: Жарайсың, кенжетайым!

Хан: Әй, кенже ұлым! Көркіңе ақылың сай болып өсіпсің. Анаң екеуіміздің көңіліміз толды. «Көңілді Көктем» патшалығын саған сеніп тапсырамын.

Ханның батасы

Ізетті, инабатты, иманды ұл-қыздарым! Бірлік пен татулықты серік етіңдер. Ана сыйлағанды Алла жарылқайды — аналарыңды қадірлеңдер!

Қорытынды баяндау

Осылайша хан жарлығы орындалып, кенже ұл таққа отырыпты. Патшалық елге нұрын шашып, «Ана — өмір шуағы» деп аналарға арналған мерекелік бір күнін арнапты. Көңілді патшалықтың бір шуақты күні осылай аяқталады.

II бөлім. Мерекелік бағдарлама

Көктеммен бірге келген мереке әр жүрекке шуақ сыйласын. Таң сайын көкжиектен асыға көтерілген Күн бүгін де өз шуағын аналардың жүзіне төксін.

Ән-шашу

«Аяулы анашым»

Би

Танго

Би

Шығыс биі

Қорытынды

Ата-аналарға және мектеп директорына құттықтау сөз беріледі. Ана мейірімімен әр баланың көңіліне көктем орнап, жаздай жайнай түссін деген тілекпен мерекелік кеш аяқталады.

Ізгі тілек

Әр шаңыраққа амандық, әр анаға қуаныш, әр балаға мейірім мен тәрбиенің нұры бұйырсын!