Сабақ - мұғалімнің шығармашылық еңбегінің нәтижесі

Қазіргі қоғамда жаһандану үдерісі қарқын алып, әлемдік бәсекелестікті күшейтіп отыр. Елбасы өз жолдауларында білім беру реформасын Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін ең маңызды құралдардың бірі ретінде атап өткен. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру — ел дамуы стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. ХХІ ғасыр — білім мен технологияның тоғысқан ғасыры.

Ақпараттандыру кезеңінде оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін IT-технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану ерекше мәнге ие. Информатика дәуірі басталды: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) сапалы білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінгі мектепті компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта сияқты құралдарсыз елестету қиын. Сондықтан уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту — күн тәртібіндегі басты міндет.

Білім берудегі жаңа талаптар және мұғалімнің рөлі

Қазіргі жағдайда ХХІ ғасыр жастарына білім беру мен тәрбиелеу бағытында сан алуан жұмыстар атқарылуда. Оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жүйелі жұмыс жүргізу — заман талабы.

Мұғалімнің негізгі мақсаты

  • Білімнің жаңа үлгісін қалыптастырып, білім, білік және дағдыларды меңгертуді қамтамасыз ету.
  • Оқу материалының меңгерілу деңгейін тиімді бақылау тәсілдерін жетілдіру.
  • Оқу мен тәрбие үдерісін ұйымдастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру.
  • Жаңа технологияларды сабақта орынды және нәтижелі қолдану.

Соңғы жылдары күнделікті сабақта компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта қолдану айтарлықтай нәтиже беріп келеді. ХХІ ғасыр — техниканың озық дамыған ғасыры. Мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мектептер компьютерлермен және қажетті құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде.

Жоғары білім, инновация және халықаралық ықпалдасу

Қоғамды ақпараттандырудан туындаған өзгерістер білім беру саласына да тікелей ықпал етті. Қазіргі қоғамда мамандардың кәсіби-шығармашылық деңгейіне қойылатын талаптар күшейіп, ғылым жетістіктерін өндіріс пен әлеуметтік салаға енгізу мерзімі қысқара түсті.

Халықаралық деңгейдегі бағдар

Ел дамуы жоғары білімнің халықаралық талаптарға сай болуын, университеттердің әлемдік рейтингтерге ұмтылуын және ұлттық инновациялық жүйенің толыққанды жұмыс істеуін көздейді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — Болон үдерісіне қосылу туралы шешім. Бұл білім беру жүйесі үшін мәні зор тарихи оқиға ретінде бағаланады.

Еңбек нарығы: автоматтандыру және робототехника

Экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросы (NBER) ғалымдарының болжамына сәйкес, еңбек нарығында бірқатар мамандықтарды машиналар, автоматтандырылған жүйелер және роботтар алмастыруы мүмкін. Робототехника, автоматтандыру және басқару — жаңа сұранысқа ие бағыттар.

Алдағы жылдары сұраныс артуы ықтимал құзыреттер

  • Роботтарды бағдарламалау және құрастыру
  • Роботтардың техникалық жағдайын жақсарту және қызмет көрсету
  • Автоматтандырылған тораптар мен өнеркәсіптік жүйелерді жобалау
  • Қаптамалау, монтаждау және өндірістік үдерістерді басқару

Автоматтандырылған технологиялар әр саладағы орындаушы мамандықтардың мазмұнын өзгертеді. Демек, қазіргі жастарға тек құрдастарымен ғана емес, сонымен бірге роботтандырылған жүйелермен де бәсекеге түсуге тура келеді. Бұл жағдай білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктейді.

Робототехника — жаңартылған білім мазмұнының маңызды бағыты

Қазақстанның тұрақты дамуы үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын, бүгінгі бастамаларды ертеңге жалғайтын заманауи біліммен қаруланған білікті мамандар қажет. Осы талапқа сай, білім беру тәжірибесінде келешегі зор бағыттардың бірі — робототехника.

Мектептің сабақтан тыс шараларында және қосымша білім беруде оқытушы-конструкторлар кеңінен қолданылады. Робототехника бойынша конкурстар мен сайыстарға қатысу балаларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа ынталандырып, кәсіби бағдар беруге көмектеседі.

Білім беруді ақпараттандыру: мәні және құралдары

Білім беру жүйесін ақпараттандыру — білім сапасын арттыруға бағытталған үдеріс. Бұл ұлттық білім жүйесінің барлық деңгейлерінде дәстүрлі технологияларды тиімді кешенді ақпараттық технологиялармен алмастыруды, оларды сүйемелдеуді және дамытуды қамтиды.

АКТ негізінде іске асатын мүмкіндіктер

  • Электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеу
  • Оқу барысында компьютерді пайдалану және модельдеу
  • Электрондық оқулықтар мен интерактивті құралдарды қолдану
  • Интернет ресурстарымен жұмыс істеу
  • Компьютерлік оқыту бағдарламаларын кіріктіру

Ақпараттық қоғамның басты талабы — оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілетін дамыту, технологияны өзіндік даму құралы ретінде қолдану дағдысын қалыптастыру және ақпараттық ортаға бейімдеу.

Интерактивті тақта: сабақтың динамикасын арттыратын құрал

Интерактивті тақта — ақпаратты бейнелеу мүмкіндіктері мен маркер тақтасының қарапайымдылығын біріктіретін құрал. Интерактивті технологиялардың жедел дамуына байланысты тақталардың түрлері мен қолдану тәсілдері де үздіксіз жаңарып келеді.

Сабақта қолданудың тиімді тәсілдері

  • Үй тапсырмасын тексеру және өткен материалды қайталау кезінде «перде», «прожектор» сияқты құралдарды пайдалану.
  • Сабақ тақырыбын визуалды түрде айқын көрсету арқылы оқушы назарын тұрақтандыру.
  • Флипчарт бетінде мәтінмен жұмыс істеу, қажет жағдайда дыбыстық сүйемелдеуді қосу арқылы есту және көру арналарын қатар іске қосу.
  • PowerPoint материалдарын флипчартқа енгізіп, тақта құралдарымен талдау, белгілеу, толықтыру жұмыстарын жүргізу.

Оқу үдерісінде интерактивті оқытуды қолданудың маңызы зор. Ортақ нәтижеге жету үшін тәжірибе алмасу, жетістік пен кемшілікті ашық талқылау — жұмыстың өнімділігін арттырады.

Электрондық оқулық және қашықтан оқыту

Ақпараттық технологияларды жүзеге асырудағы маңызды мүмкіндіктің бірі — электрондық оқулық. Электрондық оқулық дидактикалық әдіс-тәсілдер мен ақпараттық технологияларға негізделген кешенді жүйе. Ол оқушы үшін ғана емес, мұғалім үшін де әдістемелік көмекші құрал бола алады.

Электрондық оқулықтың дидактикалық мақсаты

  • Білім беру және түсіндіру
  • Білімді бекіту
  • Дағды мен іскерлікті қалыптастыру
  • Меңгеру деңгейін бақылау

Компьютер оқу үдерісінің барлық кезеңінде қолданылуы мүмкін: жаңа материалды түсіндіруде, бекітуде, қайталауда, білім мен дағдыны бақылауда. Оқушы үшін ол жұмыс құралы да, оқыту ортасы да, кей жағдайда ойын және модельдеу кеңістігі де бола алады.

Электрондық оқулықтың артықшылықтары

  • Жедел кері байланыс беру
  • Гипермәтіндік түсіндірмелер арқылы уақыт үнемдеу
  • Белгілі бөлім бойынша өзін-өзі тексеру
  • Қысқа мәтінмен көрсету, айту және модельдеу

Электрондық оқулық оқушының уақытын үнемдеп, материалды іздеуге кететін күшті азайтады, ұмыт қалған тақырыптарды жылдам еске түсіруге көмектеседі. Оқушылар оны сабақтан тыс уақытта да пайдалана алады: тест тапсырмалары арқылы өз білімін тексеріп, олимпиадаларға дайындалуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зертханалық жұмыстарды визуалды түрде орындауға жағдай жасап, құрал-жабдықтармен жұмыс логикасын түсінуге ықпал етеді.

Қашықтан оқыту жүйесі де қарқынды дамуда. Ол оқушы әрекетін нақты жоспарлауды, мақсат пен міндеттің айқын қойылуын, оқу материалдарының жеткізілуін, оқушы мен оқытушы арасындағы интерактивті байланысты және жүйелі кері байланысты талап етеді. Қашықтан оқытуда электрондық пошта, телеконференция, аймақтық желілер және интернет ресурстары кеңінен қолданылады — бұл әдістің қолжетімді әрі тиімді қырын көрсетеді.

Сабақ сапасы: мұғалімнің шығармашылығы және әдістемелік дайындық

Сабақ — мұғалім еңбегінің шығармашылық нәтижесі. Оның мазмұнды өтуі ұстаздың біліміне, ұйымдастыру қабілетіне және шеберлігіне байланысты. Шығармашылық жұмыс ең алдымен сабаққа даярлықтан басталады: жоспар құру, әдістемені таңдау, озық тәжірибені енгізу, оқушылардың деңгейін ескеру, көрнекі құралдар мен дидактикалық материалдар дайындау, техникалық құралдарды сауатты пайдалану.

Жаңа технология элементтерімен сабақ құрылымын түрлендіру оқушыларға ерекше әсер қалдырып, белсенділігін арттырады. Оқушының оқу белсенділігін күшейтуге бағытталған жұмыстар сабақтың алғашқы минуттарынан-ақ жүйелі ойластырылуы тиіс.

Қорытынды: білім — ел болашағын айқындайтын күш

Қазіргі мұғалімнен тек өз пәнін терең білу ғана емес, тарихи-танымдық көзқарас, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, әлеуметтік-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық та талап етіледі. Жаңа білім беру парадигмасы бірінші орынға баланың жай ғана білімін емес, оның тұлғалық дамуын қояды.

Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытып, дамыған мемлекеттер қатарында терезесін тең ететін күш — білім және білімді ұрпақ. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу — ұстаздың қасиетті борышы.

Дайындаған:

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Арал көпсалалы колледжінің информатика пәні мұғалімі

Тажибаева Замзам Дайрабаевна