Өмірдің гүлі, өмірдің нұры - өздерің

Тақырыбы

Өмірдің гүлі, өмірдің нұры — өздерің!

Мақсаты

  • Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
  • Қазақ халқының қыз тәрбиелеу салт-дәстүріне сүйене отырып, әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Армысыздар, бүгінгі кештің көрермендері! Баршаңызды Көктем мерекесімен құттықтаймын! Кемеңгер, кең жүрек, мол мейірімді асыл әжелер, тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы — аналар, қырмызы гүлдей құлпырған арулар, мерекелеріңіз құтты болсын! Мағыналы ғұмыр, бақытты болашақ тілеймін.

Бүгін біз асыл әже, аяулы ана, ақылшы жеңгелер мен сүйкімді қыздардың басын қосып, «Өмірдің гүлі, өмірдің нұры — өздерің!» атты пікір алмасуға жиналдық.

Мерекелік тарту

Кеш қонақтарына мектеп оркестрінің орындауындағы күйлер ұсынылады.

  • Тойбастар
  • Балбырауын
  • Қос алқа
  • Кеңес

Анаға тағзым: ой мен сөздің қуаты

Көз керек — ананың өнерін, парасатын көруге.
Көз керек — арудың, әйелдің, ананың сұлулығын көруге.
Көз керек — ұйқысыз түндер мен уайым салған әжімдердің сырын ұғуға.
Көз керек — бесік жыры мен ана әлдиінің құдіретін толық танып, ұғынуға.

Сөз керек — ару, әйел, ананың сұлулығын айтып жеткізуге.
Сөз керек — дүниенің алтын діңгегі Ана екенін әйгілеуге.
Сөз керек — жылына бір рет болса да, ана мен әйелдің көкіректі кернеген сезімі мен көңіл күйін білдіруге.

Ортаға Алтын, Күміс алқа иегерлері мен көпбалалы аналарды — сүйікті әжелеріміз бен ардақты аналарымызды шақырамыз.

Әже мен ана тәжірибесі: сұрақтар алаңы

Әжелеріміз бен аналарымызды қатыстыра отырып, қыз бала тәрбиесі мен отбасындағы ананың орны туралы ой өрбітейік. Ол үшін төмендегі сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

  1. «Қызым — үйде, қылығы — түзде» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
  2. «Немерені бауырға басу» ұғымын қалай түсінесіз?
  3. Қыз баланың басына ақ не қара орамал тартқызбағанының себебі неде?
  4. Балаға бас, шеміршек ұстатпағанының мәні неде?
  5. Анасының аясында қамсыз өскен қыз келін болып түсті. Оның көңілі мұңайып, көкірегіне қасірет сызы ерте түспеуі үшін ененің орны қандай? Ой-пікіріңіз.
  6. Бесік жырынан үзінді айтып берсеңіз.

Ақыл-кеңестеріңіз бен ойларыңыз үшін алғыс айта отырып, мерекелік сый-сияпатымызды ұсынамыз.

Осы кездесуден түйгеніміз: әже мен ана — ардақты, дана, сүйікті, кемеңгер; жол көрсетуші, ақылшы, тірек.

Ән тартуы

Әжелер мен аналарға арналған әндер орындалады.

Жеңге мен келін: әдеп пен жауапкершілік

«Сырымды айттым, ойымды айттым, құлағың сал, жеңеше.
Ақыл қосып, ойыңды айтшы, айдай ару жеңеше», — деп, өз ойларын ортаға салу үшін асыл жеңгелер мен қымбатты келіндерімізді шақырамыз.

Пікірталасқа сұрақтар

  • «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөзді қалай түсінесіз?
  • «Ақырған алмас, иілген қалмас» қағидасы отбасылық қарым-қатынаста қалай көрінеді?
  • Сіз өзіңізді қандай жеңге деп санайсыз?

Абайдан үзінді

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Сөйлесе сөзі әдепті һәм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғайдай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.

— Абай

Тереңдететін сұрақтар

  1. Табиғи сұлулық баршаға ұнайды. Дегенмен, бүгінгі жастар тек тән сұлулығына көбірек мән беріп бара жатқан жоқ па?
  2. Келін болып ақ босағадан аттағаннан кейін ең әуелі нені білу керек деп ойлайсыз?
  3. «Ерін сыйлаған әйел бақытты болады» деген пікірмен келісесіз бе? Неге?

Көрініс және қонақкәде

Қонақтардың ойларын көрініспен ұштастырайық: «Фатима ханымның ер таңдауы» қойылымы. Көрініс туралы пікірлеріңіз тыңдалады.

Қонақкәде: келіндер өз өнерлерін көрсетеді.

Қорытынды тұжырым

  • Табалдырықтан сеніммен атта: «Мен осы жанұяның гүлі, нұры, бақыты боламын» деп ниеттен.
  • Тірегің — сүйіп қосылған жарың.
  • Ата-енең — қос қанатың.
  • Ел-жұртың — айдының.
  • Келін — болашақ ана, шаңырақты шайқалтпай ұстайтын түпқазық.

Сондықтан босағаңды аттаған жасқа қатаңдықтан бұрын шуақты мейіріміңді төк; құрмет пен жанашырлықты алдыңа шығар.

Ән шашу

Аналар мен жеңгелерге арналған ән тартулары орындалады.

Арулар үні: бүгінгі қыз тәрбиесі

«Қырмызы қызыл гүлсіңдер ме екен, бақытты іздеп жүрсіңдер ме екен. Құлпырған қырда қызғалдақсыңдар, жұмбақ жансыңдар — бір сыр бермеген», — деп, аруларды ортаға шақырамыз.

Ой қозғайтын сауал

Қыз Жібек пен Баян сұлу сынды арулардың өнегесі — қазақ қызына тән қасиеттер. Бүгінгі қыздар сол болмысты сақтай алды ма?

Қиылған қасың, қарақат көзің,
Жүректі баурап оятар сезім.
Тал бойың нәзік, қызғалдақ гүлдей,
Дидарың нұрлы шуақты күндей.
Жанарың қайта жаңғырып көктем,
Ләззат алар көрген жан сенен.
Көркіңнен сенің айналдым, еркем,
Қазақтың салтын сақтаған көркем.

— Қ. Қазыбеков

Аруларға арналған сұрақтар

  1. Теледидар мен желіден шетелдік, жасанды сұлулықты дәріптейтін бейнелерді көріп, соған еліктеуіміз басым емес пе?
  2. «Көше тәрбиесіне» қалай қарайсың? Еліктеудің себебі неде деп ойлайсың?
  3. «Өзім білем, сіз араласпаңыз» деп ана ақылын тыңдамайтын құрбыңа не айтар едің?
  4. Телебағдарламаларға талғамың қандай?
  5. «Кей қыздар телефонның қожайыны емес, телефонының “тұтқыны”» деген пікірге көзқарасың қандай?
  6. Алтын уақытыңды бағалай білесің бе?

Еске салу

  • Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар. Инабатты, ілтипатты болыңдар.
  • Сәнқойлықтан сақтаныңдар. Саңылаусыз адам сәнқұмар келетінін естен шығармаңдар.
  • Қыз — ұлттық қасиеттің жалғастырушысы. Халық бойындағы асыл мұраны әрмен қарай жеткізетін сендерсіңдер.

Қыз деген кім?

Қыз — сұлулық, көктем, әдептілік, нәзіктік, сән, гүл, махаббат.

Тілек және ән тартуы

Бүгінгі мерекеге арнап, өз тілектеріңізді білдіріңіздер.

Аруларға арналған әндер тарту етіледі.

Түйін: әйелдің өмір жолындағы асыл атаулар

«Өмірдің гүлі, өмірдің нұры — өздерің!» атты пікір алмасудан түйгеніміз:

Бойжеткен
Әпке
Сіңлі
Қайын әпке
Қайын сіңлі
Жар
Келін
Жеңге
Абысын
Ана
Әже

Көрермен қауым да бүгінгі ой-пікірлерден мол түйін түйді деген сеніммен кешімізді аяқтаймыз.