Болымсыз етістіктің жұрнақтарын айт
Сабақтың мақсаты
- Оқушылардың етістік және оның түрлері туралы білімдерін жинақтау және бекіту.
- Сөйлем ішінен етістікті сұрақ қою арқылы табуға үйрету.
- Жазба тіл дағдыларын және сөйлеу мәдениетін дамыту.
- Ұйымшылдыққа, ізденімпаздыққа және жылдам ойлауға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, көрнекілік, топтастыру, мәтінмен жұмыс.
Көрнекіліктер
Көбелек суреттері, «қоржындағы сыйлықтар», ереже, сызбалар.
Сабақтың түрі
Қайталау.
Сабақтың типі
Ойын түрінде.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Психологиялық дайындық: Бүгін сыныпқа қонақтар келіп отыр. Олай болса, бәріміз орнымыздан тұрып амандасайық.
Хормен
Жақсы оқып сабақты, Әдеп сақтау — сәніміз. Сәлем бердік сіздерге, Басымызды иіп бәріміз.
Бүгінгі сабақта сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, бәрін білуге ұмтыламыз. Осы ұранымызды ұстана отырып, сабағымызды бастайық.
II. Үй тапсырмасын тексеру
4-жаттығу: «Түгелде», «жаз» етістіктерін болымсыз етістікке айналдырып, көп нүктенің орнына жаз.
| Жақ | «Түгелде» (болымсыз) | «Жаз» (болымсыз) |
|---|---|---|
| Мен | түгелдемедім | жазбадым |
| Сен | түгелдемедің | жазбадың |
| Сіз | түгелдемедіңіз | жазбадыңыз |
| Ол | түгелдемеді | жазбады |
III. Үй тапсырмасын бекіту
Өткен сабақты лездік жауап беруге арналған сұрақтар арқылы пысықтайық.
- 1. Заттың атын білдіретін сөз табы: зат есім.
- 2. Зат есімнің сұрақтары: Кім? Кімдер? Не? Нелер?
- 3. Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Ақтау, Орал — жалқы есімдер.
- 4. Негізгі түбірден болған зат есім: негізгі зат есім.
- 5. Заттың біреуге тән екенін білдіретін қосымша: тәуелдік жалғау.
- 6. Заттың қимылын білдіретін сөз табы: етістік.
- 7. Түбір сөзге жұрнақ жалғау арқылы жасалған етістік: туынды етістік.
- 8. Етістіктің сұрақтары: не істеді? не қылды? қайтты?
- 9. Болымды етістікке -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары жалғану арқылы жасалатын етістік: болымсыз етістік.
- 10. Түбір сөзден болған етістік: негізгі етістік.
IV. Оқулықпен жұмыс: «Кім тез табады?» ойыны
Ойын шарты: Сөздерді оқып, ішінен туынды етістіктерді теріп жаз. Сол туынды етістіктерді қатыстырып бірнеше сөйлем құрастыр.
Сөздер
өрле, дабылдатты, шаңдатты, терледі, сайрады, жіңішкертті, дәріле
Мысал сөйлемдер
- Жас ұлан алға қарай өрледі.
- Орманда бұлбұлдар сайрады.
- Асанның әкесі қалың ағашты жонып, жіңішкертті.
V. Мәтінмен жұмыс (2-жаттығу)
1) Тапсырма
Мәтінді түсініп оқы. Алғашқы екі сөйлемдегі күрделі етістіктерді дара етістіктерге айналдырып, сөйлемдерді көшіріп жаз.
Бөлтірік төре шешендерімен сөз сайыстырды. Төренің небір мықты деген шешендері Бөлтіріктен ұтылды.
2) Есте сақта
Бөлтірік шешеннің жауабын жаттап ал.
Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол — ақыл. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол — ақыл. Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, ол — ақыл. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол — ақыл.
VI. Сергіту сәті: «Құстар қалай сайрайды?»
Ойында мұғалім допты лақтырып, құстың атын атайды. Оқушы допты қағып алып, сол құстың қалай дыбыстайтынын айтады.
| Құс | Етістік |
|---|---|
| Бұлбұл | сайрайды |
| Тырна | тыраулайды |
| Шағала | шаңқылдайды |
| Торғай | шырылдайды |
| Қаз | қаңқылдайды |
| Үйрек | пырылдайды |
| Қарға | қарқылдайды |
VII. «Қателеспе» ойыны (4-жаттығу)
- Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқиды.
- Оқушылар хормен оқиды.
- Іштей тізбектеп оқиды.
- Өлеңді жатқа жазады.
Тапсырма
Етістіктерді тауып, астын сыз. Олардың түрін ажырат.
Табалдырықты баспайды, Есікті теуіп ашпайды. Теуіп ашу — есікті, Сұмдық жолға бастайды.
VIII. Сөздерден сөйлем құра
Берілген сөздердің орнын дұрыс қойып, сөйлем құрастыр.
1)
Оқыды, кітап, балалар.
2)
Сырғанақ, ойнады, балалар.
3)
Серуенге, балалар, шықты.
4)
Әнуар, оянды, ерте.
5)
Қалмаймын, сабақтан, мен.
IX. Сабақты қорытындылау: «Көбелек аулау» ойыны
Әр көбелектің артындағы сұраққа жауап бер.
- 1. Етістік дегеніміз не?
- 2. Туынды етістік дегеніміз не? Мысал келтір.
- 3. «Оқы» етістігін болымсыз етістікке айналдыр да, көп нүктенің орнына жаз.
- 4. Негізгі етістік дегеніміз не?
- 5. Туынды етістікті тап: әңгімелес, кел, өрнекте, оқы, ұсақта, ер
- 6. Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата.
- 7. Түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы жасалған етістікті ата.
X. Үй тапсырмасы
- 3-жаттығу.
- 52-бет: ережені жаттау.
XI. Бағалау және қорытынды сөз
Белсенді қатысқан оқушылар «қоржындағы сыйлықтармен» марапатталып, бағаланады.
Ана тілін құрметте, Ар-ұятты кірлетпе. Жақсыларға жақ болып, Жамандықты үлгі етпе.