Дос болайық бәріміз әнін айту

Сабақтың мақсаты мен мазмұны

Тақырыбы
«Дос болайық бәріміз»
Мақсаты
Достықтың құндылығын тереңдету, өзара сыйластық, сүйіспеншілік пен жанашырлық туралы түсінік беру, татулық қарым-қатынасын дамыту, балаларды бір-бірімен тату болуға тәрбиелеу.
Әдістері
Әңгіме, жағдаяттарды талдау, шығармашылық жұмыс, ертегіні сахналау.
Көрнекілігі
Слайдтар, стикерлер, жүрекшелер, гүл бейнелері, қайшы, түрлі түсті қарындаштар.
Қос тілділік
Дос — друг Достық — дружба

Шаттық шеңбері: сабақты жылы көңіл күймен бастау

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін сабағымызға қонақтар келді. Керемет күнді жақсы көңіл күймен өткізу үшін сендерді “Дос болайық бәріміз” атты ашық оқу іс-әрекетінің Шаттық шеңберіне шақырамын».

Өлең жолдары

Армысың, досым,

Кел, маған қосыл.

Шеңберге бірге тұрайық,

Жер шарын айналып,

Әлемге жарық ұқсайық.

Қолымызды көтеріп,

Күннің нұрын алайық.

Ортамызда күн нұры —

Құшаққа оны алайық.

Өткенді еске түсіру және тыныштық сәті

Пысықтау

Өткен сабақтағы суреттерді слайд арқылы көрсетіп, балалардың естеріне түсіру.

Тыныштық сәті

Балалар, денелеріңді тік ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмып, ауаны терең жұтыңдар да, еркін тыныстаңдар. Денелеріңді босаңсытып, айналадағы тіршілік сендерді аялап, қоршап, қамқорлап тұрғанын елестетіңдер. Енді тұла бойларың жақсылыққа, мейірім мен махаббатқа толды деп есептейік.

Жаңа сабақ: достық туралы әңгімелесу

Сұрақтар арқылы ой қозғау

  • Достық пен татулықты қалай түсінесіңдер?
  • Досыңды ренжітіп алсаң, қалай татуласар едің?
  • Өз досың туралы айтып берші.
  • Саған жалғыз ойнаған немесе серуендеген ұнай ма? Неліктен?

Түйін

Жалғыз ойнау да, жалғыз серуендеу де, жалғыз тамақтану да көңілсіз. Сондықтан адамға әрдайым жанынан табылатын дос керек. Достық — адамдардың бір-біріне адалдығы, өзара сыйластығы, татулығы, сүйіспеншілігі, жанашырлығы мен қамқорлығының белгісі.

Дәйексөз

«Татулық — достық кепілі». Бұл мақалдың мәні: бірлік пен түсіністік бар жерде достық нығаяды, ал татулық жоғалса, қарым-қатынас әлсірейді.

Мақал-мәтелдерге ой қосу

Балалар достық туралы білетін мақал-мәтелдерін айтады, мағынасын талдайды.

Ертегі: «Екі дос» (сахналау және талқылау)

Балалар ертегіні мұқият тыңдап, кейін бірге талқылайды:

«Қалай ойлайсыңдар, бұл достықты адал достыққа жатқыза аламыз ба? Неліктен?»

Жаңа ақпарат

Досы уәдесіне берік болса, қандай жағдай болса да жанынан табылса, қолынан келген көмегін аямаса, жабырқағанда көңілін көтерсе — ол айнымас дос.

Достықтың екі түрі болады: адал достық және айнымалы (алдамшы) достық. Біздің таңдауымыз — адал достық.

Ұжымдық жұмыс: бірге жасау, бірге бөлісу

Балалар екі топқа бөлініп, шығармашылық жұмыс орындайды. Дайын болған соң, әр топ өз жұмыстарын келесі топқа сыйлап, жылы лебіздерін білдіреді.

Достық туралы тақпақтар

Бибізайнаб

Екі деген — екі дос,
Бірін-бірі сыйлайтын.
Артық-кемді етпей сөз,
Бірін-бірі сыйлайтын.

Әсемай

Досыңа бол адал жан,
Бірге бөліс сынақты.
Бір нүктеге қадалған
Екі көзің сияқты.

Самира

Балдырған баламыз,
Досты көп табамыз.
Қашан да, қайда да
Достар бір-біріне сенімді боламыз.

Нұрдәулет

Достар бірге жүреміз,
Бірге ойнаймыз, күлеміз.
Бірге балық аулаймыз,
Міне, біздер қандаймыз!

Азамат

Адал дос барлық жерде керек екен,
Өмірде достың орны бөлек екен.
Жақсы дос жадыратса жан дүниеңді,
Жаман достан жамандық келеді екен.

Жағдаяттарды талдау: достықты іс арқылы тану

1-жағдаят: Сырым мен Дина

Сырым мен Дина дос болатын. Бірде Сырым лақтырған доп Динаның басына тиеді. Сырым допты теуіп алып, ойынын жалғастырып кете береді.

Талқылау сұрақтары

  • Сырым мен Динаны жан дос деуге бола ма?
  • Неліктен?
  • Олардың достығы қалай жалғасады деп ойлайсыңдар?

2-жағдаят: көңіл күйді оқу

Суреттегі балалардың көңіл күйіне назар аударып, олардың не сезініп тұрғанын және не себепті олай болғанын айтып беріңдер.

Ғажайып сөздер: жүрекке жаттап алатын ойлар

  • 1 Дос болайық бәріміз.
  • 2 Достық татулықтан басталады.
  • 3 Досыңның басына іс түскенде көмектес.

Ән: «Дос болайық бәріміз»

Әні: Х. Талғаров
Сөзі: И. Нүсіпбаев

Әрқашан дос біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ілгері жүріңдер,
Достық жырын біліңдер.
Ту ғып ұстап бірлікті,
Еңбекті сүйіңдер.

Қайырмасы

Дос болайық, бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз, сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз.

Қорытынды

Бүгінгі сабақта жүрегімізге жақын достарымыз туралы әңгімелестік, дос жайлы ең жақсы сөздерді айттық. Ең маңыздысы — достар бір-біріне әрқашан көмектесуі керек екенін түсіндік. Адалдық, мейірім және татулық бар жерде достық та берік болады.