Тойларыңыз құтты болсын, балалар

Іс-шара туралы

Тақырыбы

«Төрлет құтты, Жаңа жыл!»

Мақсаты

  • Балалардың қыс туралы түсінігін кеңейту.
  • Ертегі желісі арқылы тапсырма орындау: жұмбақ шешу, тақпақ айту, қимылды ойын ойнау.
  • Геометриялық пішіндерден шырша мен аққала құрастыру, түстерді ажырату.
  • Тіл байлығын, сөздік қорын, көркемдік талғамын, ой-қиялын дамыту.
  • Табиғатты қорғауға, сүюге тәрбиелеу.

Кештің ашылуы

Қош келдіңіз бүгінгі Жаңа жыл кешімізге! Жаңа табыс тілейік ісімізге. Келе жатқан Жаңа жыл құт әкелсін — мына отырған барша жанға, бәрімізге.

Армысың, аманбысың, Жаңа жылым! Жаңа жылым — менің жаңа жырым. Жылқы жылы келгенде, ақ тілегімізді әнмен өріп, көңіл сырын ақтарайық.

Би нөмірі

Кешімізге арнап «Асатаяқ» биін қарсы алыңыздар.

Ертегі желісі: Ормандағы кездесу

Орманда адасып қалған қыз Жаңа жыл кешіне асығады. Оның алдынан түлкі шығады.

Түлкі

Сылқым қыз, қайдан келесің?

Қыз

Мен Жаңа жыл кешіне баруым керек еді, бірақ жолдан адасып қалдым.

Түлкі

Мен жолды білемін, бірақ бірден айтпаймын. Егер көмектескің келсе, менің тапсырмаларыма жауап бересің.

Қыз

Айтыңызшы, мені достарым күтіп жатыр. Әрине, бірге барайық!

Қыз түлкіге гном достары барын айтады: олар осы орманда үйшікте тұрады және көп нәрсені біледі. Екеуі гномдардан көмек сұрап, жолға дайындалады.

Түлкінің тапсырмасы: Пішіндер мен түстер

Сұрақ

Пішіндердің түсін, пішінін және олардан не құрастыруға болатынын айтыңдар.

Балалардың жауабы

  • Пішіндер: дөңгелек, үшбұрыш.
  • Түстер: ақ және жасыл.
  • Ақ түсті үлкен-кіші дөңгелектерден аққала жасауға болады.
  • Жасыл түсті үшбұрыштардан шырша құрастыруға болады.

Түлкі балаларға рақмет айтып, бәрі бірге мерекеге қарай жолға шығады.

Кейіпкерлердің келуі: Ескі жыл, Жаңа жыл және Жылқы жылы

Көрініс

Ескі жыл келіп балалармен қоштасып, Жаңа жылды таныстырып кетеді.

Жылқы жылының сөзі

«Жаңа жыл, жаңа жыл! Мен Жылқы жылымын. Еңбек еткен жандарға мол табыс әкелемін. Тыныштық, береке мен ырыс тілеймін».

Тілек

Жаңа жыл елімізге, жерімізге, баршамызға құт-береке алып келсін. Біз сізге сенеміз!

Аяз ата мен Ақшақар

Шақыру

Балалар Аяз атаның құлағы естімейді деп, бәрі бірге дауыстап шақырады: «Аяз ата, Ақшақар! Аяз ата, Ақшақар!»

Аяз атаның сөзі

«Армысыңдар, ұлдарым! Армысыңдар, қыздарым! Кәне, шеңбер құрайық, шыршаның шырағын жағайық!»

Бәріміз бірге: «Қуант бізді, таңырқат, шамдарыңды жарқырат!» (екі рет)

Ақшақардың сөзі

«Ақшақармын арайлы, күміс сәуле тарайды. Менсіз қыстың сәні жоқ. Кәне, балалар, тақпақ айтып беріңдер!»

«Өнерлерің болса көрсетіңдер: ән айтып, би билеп, тақпақтарыңды мәнерлеп оқыңдар. Аяз атаның дорбасында бәріңе жететін сыйлық бар!»

Шырша айнала ән айту

Балалар шыршаны айналып, Аяз ата, Ақшақар және Жаңа жылмен бірге ән айтады. «Көңілді балақайлар» биі орындалады.

Сұрақ-жауап және жұмбақтар

Әңгіме

  • Ақшақар: Қазір қай мезгіл?
  • Балалар: Қыс мезгілі!
  • Ақшақар: Қыста далада не болады?
  • Балалар: Қар болады!
  • Ақшақар: Қардың түсі қандай?
  • Балалар: Ақ түсті!

Жұмбақтар

  • Аспаннан ақ ұлпа борады, қырқаны сейсепке орады. Ол не?

    Жауабы: Қар.

  • Қолымен де, қаламы да жоқ, бірақ көп сурет салады. Ол не?

    Жауабы: Аяз.

  • Қыста шыны боп қатады, жылыда су боп жатады. Ол не?

    Жауабы: Мұз.

  • Үстінде жасыл тоны, шамдары бар жайнаған. Жылда бір келеді, көп сыйлық береді. Ол не?

    Жауабы: Шырша.

Тақпақтар шеруі

Балалар Аяз атаға арнап тақпақтарын мәнерлеп оқиды. Тақырып — Жаңа жыл, ақ ұлпа қар, әсем шырша, береке мен бірлік.

Үзінді тақпақтар

  • «Жаңа жыл, Жаңа жыл! Жаңа жылға — жаңа жыр. Жасыл шырша жанында, билеп жүр бар бала жүр».
  • «Төрле, төрле, Жаңа жыл, бізге құтты жыл болсын!»
  • «Тамаша, тамаша! Шыршамыз тұр жараса. Басында әсем жұлдызы, көз тоймайды қараса».

Қатысушылар

Ортаға шақырылған балалар: Жандос, Қарақат, Ерасыл, Еркебұлан, Саян, М. Ислам, Хидаят, Аида, Фатима, Шұғыла.

Әр бала өз тақпағын оқып, мерекенің көңілді ырғағын күшейтеді.

Ата-аналармен интерактив

Қимылды ойын: «Көлеңке»

Бес ата-ана ортаға шығады. Музыка ырғағымен бала қандай қимыл жасаса, ата-ана да бірге қайталайды.

Рөлдік ойын: «Шалқан» ертегісі

Ата-аналар үлгі бойынша кейіпкерлерді бөлісіп, рөлге еніп ойнайды және кейіпкер даусын салып көмекке келеді:

Ата Әже Қыз Ит Мысық Тышқан

Сыйлықтар

Аяз ата мен Ақшақар ата-аналарға алғыс айтып, балаларға сыйлықтарын таратады.

Қорытынды

Жүздеріңнен шаттықтың арайын көреміз. Сол қуаныш әр күніңе, әр айыңа серік болсын!

Тойларыңыз құтты болсын, балалар! Тойларыңыз тойға ұлассын, ағайын!

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, қонақтар! Жаңа жылымыз құтты болсын. Еліміз тыныш, бауырымыз бүтін, деніміз сау, ырысымыз мол болсын. Балаларымыз шаттық күлкіге бөлене берсін!

«Төрлет, Жаңа жыл!» атты ертеңгілік іс-шарамыз өз мәресіне жетті. Сау болыңыздар, аман-есен болайық!