Әкелердің құттықтау сөзі
Сыныптан тыс шара: кездесу сағаты
Пәні
Сыныптан тыс шара, кездесу сағаты
Сыныбы
4
Тақырыбы
Әке – шаңырақтың негізгі тірегі
Мақсаты
Негізгі бағыт
- Балаларға отбасының ұйытқысы әрі негізгі тірегі – әке екенін ұғындыру, әкеге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
- Бала мен әке арасындағы тығыз, жылы байланысты сезіндіру.
Тәрбиелік мәні
- Отбасындағы әкенің орны мен рөлін көрсету, халықтық тәрбие негіздеріне сүйену.
- Үлкенді сыйлауға, әкені құрметтеуге, адамгершілікке баулу; «әке» және «ер азамат» ұғымдарының мәнін түсіндіру.
Барысы
Кіріспе
Армысыздар, ата-аналар мен оқушылар! Оқушылар әкелерін ортаға шығарып, флешмоб биін орындайды.
«Ата – сая болар бағың болса,
Әке – асқар тауың» – дейді қазақ.
Бір күн бар – жылытар күн, жұбатар күн.
Бір күн бар – мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
Әке деген сезімді ұмытар кім?
Осы орайда сіздерді «Әке – шаңырақтың негізгі тірегі» атты кездесу сағатына қош келдіңіздер дейміз!
Құттықтау сөзі
Құттықтау сөз мектеп директорына беріледі.
Ән
Н. Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әнін хор орындайды.
Әкенің орны туралы ой
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз; жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» – дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – жарық дүниедегі ең жақын адамдардың бірі.
Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп қадірлеу – әр баланың перзенттік борышы. Әкесіз бала – жетім. Әке – асқар шың, бақыттың алтын бағы.
Тірек
Әке – баланың тірегі, жүрегіне жылу, өміріне пана. Ол барын аямай, тәрбиелеп, болашағына бағыт-бағдар береді.
Үлгі-өнеге
Әкенің мінез-құлқы, қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы өмірлік өнеге.
Ынтымақ
Бала мен әке арасында ынтымақ болмаса, әке жылуы сезілмейді. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос болады.
Тәрбиелік әңгіме
Ертеде бір қария қатты сырқаттанып жатыпты. Жалғыз ұлы келіп: «Әке, мен сені айшылық жердегі аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін» – дейді. Сөйтіп әкесін арқалап, жолға шығады.
Ұзақ жүріп, қас қарайғанда әкесі алдағы қарауытқан сұлбаны нұсқап: «Балам, анау не?» – деп сұрайды. Баласы: «Ол – түйе» – деп жауап береді.
Сәлден соң әкесі тағы сұрайды. Баласы тағы да: «Түйе» – дейді. Үшінші рет сұрағанда баласы шаршап: «Ол – түйе, түйе! Өзім шаршап келе жатқанда қайта-қайта неге сұрай бересің?» – деп ренжиді.
Сонда әкесі: «Балам, кішкентай кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келсем де, сенің “анау не, мынау не?” деп күніне жүз рет сұрайтын сұрақтарыңа жігерің жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан айығамын деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін. Енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойынсұнғаным артық. Мені жерге түсір…»
Түйін
Дінімізде әкені құрметтеу – айрықша парыз. «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол қайтады» деген сөз бекер емес. Дүние – кезек: сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да ертең сені құрметтейді.
Арнау
Ең тамаша сөз бұл өмірде – Әке деген,
Суыққа шалдырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.
Тағдырдың жартасына кеуде тосып,
Біз үшін түскен майдан ортасына.
Алаңсыз сауық-сайран құрып жүрміз,
Біз бүгін әкелердің арқасында.
Әкешім, жүреміз біз бір өзіңді арқаланып.
Жетеді жақсы ісің жұрт тамсанарлық.
Жүзге жет, жүзің жарқын, денің сау боп,
Оны да аман-есен қарсы алайық!
Балалардың өнері: «Айналайын, жан әке!»
1. Зарина
Айналайын, жан әке, жасыл бағым!
Құттықтап келді бүгін боталарың.
Әрқашан анамызбен аман болып,
Тең көріңдер бала-шаға қуанышын!
2. Әділет
Айналайын, жан әке, жасыл бағым!
Арқа сүйеп еркелейтін асқар тауым!
Ерекше, қайталанбас даралығың
Өміріме жол сілтейді даналығың!
3. Гүлдана
Айналайын, жан әке, жасыл бағым!
Тілеймін өзіңізге Жамбыл жасын.
Бақ-дәулет, береке, ырыс болып,
Ата-бабам әруағы қолдасын!
4. Айкөркем
Арманы едім аңсаған,
Әкешім, бақыт мен саған.
Ұрпағың болып жалғастым,
Қуаншы, әке, сен соған.
5. Ботакөз
Теңіздей шалқып жүремін,
Сүйенер сенсің – тірегім.
Барсам да қайда, жан әке,
Өзіңмен бірге жүрегім.
6. Айару
Атам айтса: «ұлым» деп,
Әжем айтар: «күнім» деп.
Екеуінен қаймығып,
Айтады мені: «інім» деп.
Ықыласы бір менде,
Бір шытпайды қабағын.
Үйде, түзде жүргенде,
Соған ұқсап бағамын.
7. Ару
Ата-анамның күнімін,
Туған елдің қызымын.
Тілімде бал, өзім – бал,
Балдай тәтті қылығым.
8. Гүлхан
Өзіңнің ерке қызың бұл,
Арнайды бүгін саған жыр.
Жақсылық тілеп жолыңа,
Әрқашан, әке, аман жүр.
9. Ертарғын
Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емеспін
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ» – деп оны сөгеді.
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да.
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала?
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары.
Ана – тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.
10. Исламбек (өз шығармасы)
Мен сізді жақсы көрем, әке жаным,
Мен сіздің кіп-кішкентай балапаныңыз.
Қолыма қалам алдым алғашқы рет,
Құттықтап мерекеңізге жыр арнадым.
Ән
«Әкем – әнім» әні орындалады.
Би
«Балалық шаққа саяхат» биі.
Ойындар мен интерактив
Ойын: мақал-мәтелдің жалғасын табу
Әкелеріміздің тапқырлығын байқап көрейік:
- Тәні саудың — жаны сау.
- Ас тұрған жерде — ауру тұрмас.
- Денсаулық — зор байлық.
- Шынықсаң — шымыр боласың.
- Жаным — арымның садағасы.
Логикалық тапсырма: сипаттама бойынша тап
Енді балалардың логикалық тапқырлығын байқайық:
- Азулы, ұзын, жасыл — қолтырауын.
- Кішкентай, сары, мамықтай — балапан.
- Қып-қызыл, епті, қу — түлкі.
- Маймақ, дәу, қоңыр — аю.
Тапқан аңның қимылын салып көрсету.
Ойын: «Менің ойыншығым»
Әкелер басына қағаз қойып, балалық шағындағы сүйікті ойыншығының суретін салады. Осы кезде Р. Стамғазиевтің әні орындалады.
Әзіл әлемі: «Қыз Жібек пен Төлеген»
Көңілді көрініс.
Би
«Роботтар» биі.
Сұрақ-жауап: «Балаңызды қаншалықты жақсы білесіз?»
- 1.Балаңыздың туған күні, айы, жылы қандай?
- 2.Аяқ киім өлшемі қандай?
- 3.Парталас көршісі кім?
- 4.Кеше сабақтан қандай баға алды?
- 5.Сүйікті асы қандай?
- 6.Сүйікті түсі қандай?
- 7.Спорттың қай түрін жақсы көреді?
- 8.Балаңызға қандай еркелету сөзін айтасыз?
- 9.Ең жақын досы кім?
- 10.Сүйікті пәні қандай?
Ойын: «Әке, мені тамақтандыршы»
Әкесі баласына сүт ішкізеді.
Ән
«Жауынгер жыры» әнін хор орындайды.
Жылы лебіз және қорытынды
Ашық хат және сыйлық
- «Әкешім» атты ашық хат жолдау.
- Әкелерге арналған сыйлықтарды табыстау.
- Әкелердің құттықтау сөзі.
- Атадан бата алу.
Тәрбиелік қорытынды
«Шешесін ұқпайтын, әкеден ықпайтын ұл болмайды. Шешеге тартпайтын, әкеге жүк артпайтын қыз болмайды» – деп тегін айтылмаған.
Баланы жақсы тәрбиелеп, өнегелі еңбекке баулып, еліне пайдалы азамат етіп өсіру – баршамыздың абзал борышымыз. Ерте ме, кеш пе тәрбие жолындағы еңбектің жемісі міндетті түрде көрінеді.
Әкелерге тілек
Өсіріп-баптап баласын, әкелер әркез жарайсың!
Бар өнерін үйреткен, оздырған да жүйріктен – әке деген ардақты ат.
Қыстай суық денсаулық,
Жаздай ыстық махаббат,
Күздей шат көңіл,
Көктемдей күліп жүре беріңіздер.
Бүгінгі кездесу сағатымызға уақыт бөліп, бала деп келгендеріңізге көп-көп алғыс айтамын.